Аспалы көпір салынбай тұр: Құмшағал стансасында үш жасар қыз ажал құшты
Аспалы көпір салынбай тұр: Құмшағал стансасында үш жасар қыз ажал құшты
308
оқылды

Жамбыл облысы Құмшағал стансасында үш жасар қыздың ажал құшқаны жұртшы­лықтың есін шығарды. Ай мен күннің аманында пойыздың астына түсіп өлген бүлдір­шіннің қазасы жақындарын ғана емес, тұтас халықтың қабырғасын қайыстырғаны анық. Оқыс оқиғаға біреулер баласына ие бола алмаған ананы кінәласа, енді екіншілер теміржолға жауапты мекемелерді сын садағына алды.

Үш жасар қыздың қазасына кім кінәлі?

Негізі, теміржол қауіпті аймақ саналатындықтан, мұнда қауіпсіз­дік шаралары барынша сақталуы қажет. Ал Құмшағал стансасында қауіпсіздік деңгейі қандай? Қай­ғылы оқиға болатын күні Д. есімді азаматша Құмшағал стансасынан Құмшағал иініне баласын белгі­ленбеген жермен алып өтпек бол­ған. Қызын алға жіберген әйел қас пен көздің арасында келіп қалған пойыздан сасып қалып, баласын құтқара алмай қалған. Көз алдында көз жұмған перзентінің денесін көрген әйел есін жия ал­май, жедел жәрдем мен тәртіп сақ­шыларынан жағдайды естіген соң жолдасын шақырған. Жалпы, құмшағалдықтардың айтуынша, бұл стансада болған бі­рінші жағдай емес екен. Темір­жолға аспалы көпір қажеттігін тұрғындар 1970 жылдан бері көте­ріп келе жатқан көрінеді. 2016 жы­лы жұрттың жанайқайы жа­уапты мекемелерге жетіп, көпірдің сызбасы сызылып, орны да белгі­леніпті. Алайда түрлі себеппен кө­пірдің құрылысы басталмай жа­тып аяқталған. «Егер 5 жыл бұрын көпір салынғанда үш жасар қыздың қазасы сияқты қайғылы оқиғалар болмас па еді», – дейді Құмшағал иінінің тұрғыны Тоқ­берген Орынбасар. Құмшағал стансасының қауіпті екенін Тараз стансасы желілік по­лиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Аслан Қайназарұлы растап отыр. Оның сөзіне сүйен­сек, халық көп шоғырланған ау­мақ­тағы теміржолдың жиегі ар­найы қоршалуы қажет екен. Өйт­кені бұл Тараз стансасы желілік полиция бөлімінде адам өлімімен аяқталған бесінші дерек болып отыр. Ал былтыр үш адам жарақат алып, төрт адам ажал құшқан.

Асалықтар аспалы көпірді тағы қанша күтеді?

Теміржол үстіне аспалы көпір сұрап, базынасын білдіріп жат­қан жұртшылық Жамбыл ауданы Аса ауылында да аз емес. Ауданда 12 157 халық тұратын болса, соның 1 520-ы теміржолдың сол жақ бетіне қоныстанған. Сондай-ақ 150-ден астам мектеп оқушысы сабаққа бару үшін күнделікті те­міржолдан өтеді. – Балаларымыздан бөлек, біз сияқты үлкен кісілерге темір­жол­дан өту қиынның-қиыны. Алайда амал жоқ, аудан орталығына бару үшін күнделікті «қыл көпірден» өткендей, теміржол арқылы қаты­науымызға тура келеді. Көлік өтетін жол үйімізден алшақ орналасқандықтан, жедел жәрдем көлігі де кешігіп келеді. Ал теміржолдың үстінен бала­сын қолына көтеріп өтіп бара жатқан әйелдерді көргенде жүрегім аузыма тығылады. Оған қоса, ойын балалары да осы теміржолдың бойымен жүгіріп ойнауға құмар. Қанша ескертсек те оны тың­дайтын бала жоқ. Пойыз астына түскен төрт тү­лікті айтпағанда бірер жыл бұрын осы теміржолда мектеп оқушысын отарба басып кетті. Теміржолдан жүгіріп өтпек болған баланың сөм­кесі вагонға ілініп қалып, пойыз оқушының белінен екіге бөліп өткен. Пойыздың астында қалған егде жасқа келген апа туралы да естідік. Қазір осы аумақтағы тұрғын­дардың саны артып келеді. Жа­мандыққа жорығаным емес, бірақ жуық арада теміржолдың жиегі қоршалып, аспалы көпір салын­баса, тағы қандай оқиғалар болуы мүмкін екенін ойлаудың өзі қор­қынышты, – дейді Бекжан Мақұлов есімді ауыл тұрғыны. Аудан әкімі Сәкен Арубаевтың айтуынша, осы теміржол үстіне қажетті аспалы көпір мәселесінен облыс әкімдігі ғана емес, Пар­ла­мент депутаттары да хабардар екен. Сондай-ақ Премьер-Ми­нистр­дің орынбасары Роман Скляр­дың қоғамдық қабылдауында да түйінді түйткілдің жайы айты­лыпты. Нәтижесінде, Үкімет бас­шы­сының орынбасары аспалы көпір құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын аудандық бюджет есебінен дайындауды тапсырған. Қазір қажетті құжаттар рәсімделіп, республикаға жол­данып отыр. Алайда ол қаржы қа­зынадан қашан қаралып, құры­лыс жұмыстары қай кезде баста­латыны белгісіз.

Өткел де, қоғамдық көлік те жоқ

Аспалы көпір салу мәселесі Тараз стансасына қарайтын темір­жолдарда да өзекті. Мәселен, «Қант зауыты» мен «За линей» тұрғындары жанайқайын білдіріп, бармаған жері, қақпаған есігі қал­маған. Алайда аспалы көпір мә­селесі шешімін таппай, тұрғындар теміржолмен жандарын шүберекке түйіп өтіп жүр. Мұнда да теміржол бо­йында ажал құшқан немесе мү­ге­дек болып қалған жандар аз емес. – «За линей» (Тынышбаева, Наурыз көшелері) көшелерінің тұр­ғындары күнделікті жұмысқа, мектепке, қоғамдық орындарға қатынау үшін теміржол арқылы өтеді. Неге десеңіз, «За линейге» теміржолдан асып автобус кел­мей­ді. Сол үшін тұрғындардың қоғам­дық көлікпен қатынауы үшін те­мір­жолдан өтіп, «Байзақ батыр» көшесінің соңындағы «Элеватор» аялдамасына барудан басқа амалы жоқ. Мұны теміржол басшылығы мен жергілікті әкімдік те біліп отыр. Енді қандай шешім қабыл­дай­тыны белгісіз. Әзірге жұмысқа кешігіп барып немесе дәл уақы­тын­да жету арқылы пойыздың ара­сымен өту үшін тәуекелге бас байлап жүруімізге тура келіп отыр, – дейді Әлия Иманбай есімді тұрғын.

«Сен салар да мен салар...»

Теміржол төңірегіндегі осын­дай өзекті мәселелерді жинақтай келе, біз «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» филиа­лына ат ізін салдық. Бөлім­шенің бас инженері Анатолий Ким «Қа­зақстан Темір жолы» АҚ мен жер­гілікті әкімдік бұл мәселеден ха­бар­дар екенін айтты. Ал жуырда болған үш жасар қыздың қазасы­нан кейін арнайы жиын өтіп, же­дел шара қабылданыпты. Атап айтсақ, стансаларда дабыл қағатын аппараттар саны көбейтіліп, қосымша жарықтандыру, теміржол бойына ескертпе үшін баннер қою жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ желілік полиция бөлімінің қыз­меткерлері түсіндіру жұмыстарын күшейткен. – Тараз стансасының аумағын­дағы теміржол бойында тұратын халықтың жағдайы бізге белгілі. Расында, қанша ескерту жасалып, түсіндіру жұмыстары жүргізіл­ге­ні­мен, қайғылы жағдай көбейіп тұр. Қазіргі аса қауіпті аймақтардың тізімінде Байзақ батыр көшесі бірінші тұр. Рас, тұрғындар күнде­лікті пойыз жолдан өту үшін 40 ми­нут күтуге мәжбүр. Бұл жерге жер­асты көпірін салуға да болады. Бірақ оған қомақты қаржы керек. Әрі теміржолдағы пойыз бағыт­­тарын да уақытша тоқтатуға тура ке­леді. Сондықтан ең дұрыс ше­шім – аспалы көпір салу. Бұл ұсы­нысы­мызды облыс әкіміне арнайы хат ретінде жолдадық,–дейді бөлімнің бас инженері. Жергілікті билікке жолданған хат біздің де қолымызға тиді. Онда аспалы көпір салуды қажет ететін алты аймақ көрсетіліпті. Тізімнің басында Байзақ батыр көшесіндегі «Элеватор» аялдамасы тұрса, одан кейін Абай көшесіндегі теміржол қиылысы, «Ауыл береке» база­рындағы автокөлік көпірі, Құм­шағал, Аса, Талас стансасының ау­мағы көрсетілген. Осы ай­мақ­тарда 2020-2021 жылдардың ара­лығында тұр­ғындардың темір­жолдың рұқсат етілмеген орын­дарынан өтуінің сал­дарынан по­йыздар 106 рет шұ­ғыл тежелуге мәжбүр болған екен. Соның ішінде 7-еуінде адамды по­йыз басып кет­кен. Ресми хатта осы деректердің барлығы келтірі­ліп, «Облыс аза­маттарының өмірі мен денсаулы­ғын сақтау мақса­тында және ҚР «Жергілікті мемле­кеттік басқару және өзін-өзі бас­қару ту­ралы» за­ңының 31-бабы 7-тар­мағына сәй­кес, теміржол үстінен өтпелі жаяу көпір салу мәселесін облыстық бюджеттен қарасты­руы­ңызды сұраймыз», – делінген. Жалпы, бөлімшенің бас ин­женері Анатолий Кимнің ай­туын­ша, үш жасар қыз қаза болған Құмшағал стансасында жерүсті өткелі бар екен. Алайда ол талапқа сай емес. Сондықтан маман мұнда да аспалы көпір салып, теміржол айналасын қоршап тастау қажетін айтады. Әрине ұсыныс айтып, хат жолдау кез келген мекеменің қо­лы­нан келетін нәрсе. Алайда те­мір­жолға қатысты мәселеде ең бі­рінші «Қазақстан темір жолы» АҚ жауап­ты емес пе? Өзге мәсе­ле­лерге кел­генде жергілікті билікті жан­дарына жуыта бермейтін «Қа­зақ­стан темір жолы» мекемесі ас­палы көпір са­луға келгенде жергі­лікті билікпен қалай санасып қалды? Әрине, байыбына бармай, байбалам салудан аулақпыз. Алай­да «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» керін кел­тіріп, аспалы көпір салу мәселесін бір-бірімізге сілтеп жүргенде шойын жолдың бойында ажал құшқан ағайынның саны артып кетпесе игі...

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы