Аралас мектептер ұрпақты әлекке салмай ма?
Аралас мектептер ұрпақты әлекке салмай ма?
259
оқылды

Әрбір елде білім беру өз алдына идеологияны да қам­тамасыз ететін құрал саналады. Тәуелсіздік жылдарынан бері қазақтілді мектептердің ахуалын түгел шештік десек артық айтқанымыз болар. Осы күні орыстілді мектептердің саны азайды дегенімізбен, әлі орыс тілінде білім алатын бала көп. Өйткені бұған аралас тілде оқытатын мектептер жол ашып отыр. Ал бұл олқылыққа баласын орыс тілінде оқыт­қысы келетін ата-аналарды кінәлаған жөн бе?

Үзілмейтін дауға айналды

Араластілді мектептер жайына келгенде бір үлкен мәселенің тиегі ағытыла кетеді. Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылдағы де­регі бойынша, елімізде 6 973 мектеп бар. Оның ішінде 3 726 қазақтілді мектеп, 1 181 орыстілді, ал 2 043-і аралас мектеп. Басқа тілдерде оқы­татын 46 мектеп тіркелген. Енді қараңыз, жаңағы 2 043 мектептің араластілді деген аты болмаса, негізінен орыс тілінде оқытады. Жалпы, аралас мектептер турасын­дағы дау өткен ғасырда-ақ бастал­ған. Бірақ бүгінгі жағдай өткеніміз­ден де күрделі секілді. Мәселен, белгілі ғалым Мекемтас Мырзах­метұлының зерттеуінше, 1937-1938 жылдардың өзінде елімізде 478 аралас мектеп болған. Ал қазіргі санды жоғарыда айттық. Яғни, елдегі мектептердің 30 пайызы осы санатта. Онда 1,5 миллион оқушы білім алып жатыр. Басым көбі ресми тілде оқиды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін «Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы» деп атап көрсеткені баршаға мәлім. Әйткенмен, аралас мектептер осы­ған тосқауыл тәрізді. Бұл сөзімізді құптаушылар жетерлік. Мәселені жаз басында «Nur Otan» партия­сы­ның мүшелері де қозғаған болатын. Партияның Білім мен ғылымды дамытудың республика­лық қоғам­дық кеңесі жаңадан ашылатын 800 мектепке қойылар басты талап  қазақ тілінде білім беруі екенін атап өткен еді. Біз аралас мектептер орыс тілінде білім беруге басымдық беретінін айттық. Сөзіміз жалған болмасын, осы дүниеге жеке тоқ­талып көрсек.

Қалалар қазақшаға сай келмей ме?

Жыл басында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағам­бетов бір сұхбатында Қазақстан­дағы барлық оқушы мемлекеттік тілде білім алуы қажет екенін айтқан. Осыдан кейін министр барлық ата-ананы осы мақсатта жұмылуға шақырып, қазақтілді мектептердің жақсы көрсеткішін алға тартты. Жалпы, республика бойынша қазақ мектептерінің үлесі 65 пайыз (2019 жылы 66 пайыз еді). Десек те, елдің солтүстігінде мем­лекет­ттік тілде білім беретін білім ордалары аса көп емес. Шынды­ғында тапшы. Жағдайы мәз емес өңірлер басында Қостанай облысы тұр. Мұнда мемлекеттігі бар, жекеменшігі бар, 494 мектеп білім береді. Оның 118-і ғана қазақ мектебі, 114-і – аралас. Аймақтағы 110 мыңнан аса оқушының 32 мыңы ғана қазақ тілінде білім алады. Облыста қазақ мектептері­нің үлесі 25 пайыз, қазақша оқып жатқан оқушылар үлесі 29 пайыз­дың айналасында. Үштен бір бө­лігін де толтыра алмайды. Қоста­най­дағы халықтың 40 пайызы қазақтар екен. Бірақ не мектеп, не мемлекеттік тілде білім алатын оқушылар үлесі неге 40 пайызға толмайды? Демек, қазақ мектеп­терінде баласын оқытуға құлықсыз ата-аналардың бары анық. Сол секілді Солтүстік Қазақстан об­лысында да мектептер жайы көңіл көншітпейді. 259 орыс мектебі, 95 аралас, 114 қазақ мектебі бар. Қазақ мектептерінде оқитын 12 мың баладан орысша білім алатын балалар 3 есе артып, 36 мыңнан асқан. Ал 95 аралас мектептің жайы бізге беймәлім. Көкшетау қаласында да 21 аралас мектеп бар, қазақ мектеп­терінің саны төртеу ғана. Жағдайды қалай бағаласаңыз да еркіңізде, тек оңып тұрған ештеңе жоқ. Жаңағы айтқан 21 аралас мектепте қазақ тілі пән ретінде оқытылады. Қазақ сыныптары аз. Бір мысал, былтыр қаладағы № 1 мектеп гимназия­сында 67 сыныптың 20-сы ғана қазақша оқытқан. Қалған 47-сі орыс тілінде білім береді. Жалпы оқушының 74 пайызы жаңағы 47 сыныптың еншісінде. Ал аралас мектептер орыс мектептерінің орнын толтырған. Нұр-Сұлтан қаласында қазақ сыныптарында 108 мың, орыс сыныптарында 85 мың бала оқиды. Алматыда 140 мың бала қазақ сыныбында, 153 мың бала орыс тілінде білім алады. Бірақ қаладағы мектеп жасындағы балалардың этникалық құрамына қарасақ, 195 мың баланың ұлты қазақ екен. Соңғы кездері кейбір қазақ мектеп­терінің аралас мектеп үлгісіне ауысып жатқанын да естідік. Білім саласына жауаптылар баяғы бір себепті алға тартады: «орыс тілінде білім алуға сұраныс бар».

Барлық жауапкершілік ата-анада ма?

Білім және ғылым министрлігі Нұр-Сұлтан қаласында салынып жатқан мектептердің дені аралас тілде білім беретінін хабарлады. Ведомствоның да ұстанымы бел­гілі, «бәрі сұранысқа сай» демек. Сол жағалауда орыс тілінде оқы­татын мектептер аз болғандықтан, аралас мектептегі бала саны көп екен. Оның үстіне үш ауысымды мектептің көптігі басты проблема болған. Осы проблеманы шешудің төте жолы аралас мектеп салу сияқты. Бірақ аралас мектептегі идеология бөлек екенін ескерттік. Ата-аналар қазақша басталған жина­лыс­тың орыс тілінде аяқтала­тынын жиі айтып шағымданады. Аралас мектеп болғанымен, дирек­торынан бастап орысша сөйлей­тін­ге ұқсайды. Мұны көрген балалар да 40 минут ана тілде тәлім алғанымен, қоңырауда орысша шүлдірлейді. Мәселенің түйіні тереңде жатыр. Осы тұста сала маманының пікірін сұрап көрген едік. – Орыс мектебіне, орыс сынып­тарына балаларын кім оқытады? Болашағын солтүстіктегі көрші елмен байланыстыратын адамдар оқытады. Мүмкін басқа да себептері бар болар. Бірақ бір шындық бар, еліміздің келешегі қазақ тілінде білім алғандардың ығына жығылады. Нақты себептер бар. Бірінші – демография. Сыртқа орыстілділер көп көшіп жатыр. Қазақ саны өсіп отыр. Екінші, орыс тілінің әлемдік аясы тарылды. Кеңес тұсында 400 миллион адам күнделікті орыс тілін қолданса, қазір 200 миллионға жетпейді. Бұл сан азая берері сөзсіз. Үшінші себеп, қазақ мектептерінде білім сапасы артты. ҰБТ нәтижелерін қарай беріңіз, орыс мектептің түлегі емес, қазақша оқығандар көп жинап тұр. Ол аз десеңіз – әлем­дік пәндік олимпиадада оза шапқандар қазақ тілінде оқыған. Қазір орыстілді мамандар елге тұрақтамайды. Сондықтан елімізде орыстілді мамандар тапшы. Қазақтілді мамандарға сұраныс артады. Қорыта айтқанда, орыс мектептеріне балалар оқи береді, бірақ оның осы елдегі келешегі байланып жатқанын түсінбейді, – дейді білім саласының сарапшы­сы Аятжан Ахметжан. Білім сапасын тілге тиек етпе­ген күннің өзінде, мектептердегі жағдай аса жақсы емес. Респуб­ликадағы қазақ мектептерінің үлесі 65 пайыз болуы – аз көрсеткіш. Егер жіктеп отырар болсақ, аралас мектептердің өзі орыс мектеп­терінің қатарын толтыруы мүмкін. Қанша жерден сұраныс деп, баласын орыс мектебіне берген ата-аналарды жазғырсақ та, жағдай оңалмайды. Сондықтан қазақ мектептерін көбейтумен қатар, мемлекеттік тілде білім алатын балалардың санын еселеу жолын іздесек керек. Бұл солтүстіктегі облыстар мен үлкен мегаполис­тердің проблемасы емес, күллі елдің бас ауыртар дүниесі. Алматы облысында 256 мың, Түркістан облысында 171 мыңнан астам, Ақтөбе облысында 73 мың, Маңғыстау облысында 25 мыңнан астам бала аралас мектепте оқиды. Бәлкім, бар айып орыс тіліндегі оқуды сапалы санайтын ата-аналарда ма екен?

Мадияр ТӨЛЕУ