Алматы облысының Қаратал мен Балқаш ауданында мал шаруашылығымен бірге өсімдік шаруашылығы да өркен жайған. Осы екі ауданда өсірілетін егістіктің ішінде күрішке де баса назар аударылады. Елімізде Балқаш пен Қараталдың күрішін тұрақты сатып алатын өз тұтынушылар тобы қалыптасқан.
Биыл жетісулық диқандар 8,2 мың гектарға күріш ексе, соның басым бөлігі – 7,4 мың гектары Балқаш ауданында орналасыпты. Қазір ауданда төрт шаруа қожалығы ақмаржан өсіруді өздері айналысатын кәсіптердің көшбасына қойып отыр. Оларда өсірілген ақмаржанды жеті арнайы цех заманауи технологиялық желілер арқылы өңдеуден өткізіп, тұтынушыларға дайын өнім жөнелтеді. Аймақтағы күріш өсіретін жетекші кәсіпорынның бірі – «Бірлік» Агрофирмасы» ЖШС биыл 1 114 гектар жерге күріш өсіріп, баптауда. Әзірге алдағы күзге жасап отырған болжам жаман емес. Күріш өсірудің қыры мен сырын әбден меңгерген шаруалар, бұйыртса гектарынан 44 центнерден дән аламыз деп алақандарын ысқылап отыр. Қазір алқаптардағы ақмаржанның бастары толысып, сүттенуде. «Бірлік» Агрофирмасы» ЖШС директоры Алмас Қыстаубаевтың айтуынша, кәсіпорын 2004 жылы халықаралық деңгейдегі агрономдардан өндіріс орны шығаратын өнімдердің экологиялық тазалығы мен жоғары сапасы жөнінде сертификат алыпты. – Технопаркті барынша жаңалау және элиталық сортты тұқымдар сатып алу арқасында өнімділікті одан ары арттыруды жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты бірінші кезекте жердің құнарлылығын арттыруға барынша көңіл бөлудеміз. Өнімдердің жоғары сапасына қол жеткізу – оңай шаруа емес. Қажырлы еңбек пен қомақты қаржыны қажет етеді. Соған қарамастан бар мүмкіндігімізді тұтынушылар талабынан шығуға жұмсаудамыз. «Бақанастың күріші қандай ірі әрі дәмді. Палауға да таптырмайды» деген сөздерді естігенде, кеудемізді мақтаныш кернеп, қуанып қаламыз. Бұл мойындау біздің еңбегіміздің ақталғанын білдіреді. Бүгінде Бақанастың күріші Алматы қаласын қоса алғанда, еліміздің барлық аймағында сұранысқа ие, – дейді директор. «Бірлік» Агрофирмасы» ЖШС 2001 жылы құрылған. Күрішке қоса, бидай мен жоңышқа өсіреді. Биыл 1 589 гектарға бидай егіп, гектарынан 18,5 центнерден өнім жинады. Орақ аяқталып, астық қамбаға құйылды. Сонымен бірге серіктестік мал шаруашылығын мүмкіндігінше дамытып келеді. Қазір шаруашылықта 1 000 жылқы, 3 500 сиыр мен 4 500 қой-ешкі бар. Жалпы, биыл Балқаш ауданында ауыл шаруашылығы дақылдары 30 мың гектарға егілген. Аудан бойынша күріштің түсімі гектарынан 43,4 центнерден айналады деген үміт үлкен бар. Мұнда күріштің «Бақанас», «Регул» және «Заря» атты үш түрі өсіріледі. Жоғарыда жазғанымыздай, облыстағы Қаратал ауданында да аз да болса ақмаржанды алқаптар орналасқан. Биыл қараталдықтар 770 гектарға күріш сепкен. Екі ауданды қоса есептегенде, жоспар орындалса, күзде барлығы 33,6 мың тонна аппақ дән жиналып, өңделіп, қамбаға құйылады. Өңірде күріш шаруашылығының дамуына қос ауданның әрқайсысында екі-екіден құрылған 4 сервистік-дайындау орталығы айрықша ықпал етіп отырғаны анық. Балқаш ауданындағы сервистік-дайындау орталықтарында жалпы құны 874 миллион теңге болатын 11 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы бар. Негізі, облыста агроөнеркәсіптік кешеннің табысты дамуы және осы салада еңбек ететіндерді қолдау үшін 53 сервистік-дайындау орталығы құрылып, аграршыларға қызмет көрсетуде. Осы орталықтарға 11,6 млрд теңгеден астам қаржыға сатып алынған 1 258 бірлік арнайы техника қаржылық лизингке берілген. Олардың арасында биыл Ескелді ауданында картоп өсіру бағыты бойынша жұмысқа кіріскен сервистік-дайындау орталығына 397 миллион теңгеге ауыл шаруашылығы техникасы сатып алыныпты.Болат АБАҒАН, Алматы облысы