Автокөлік ұрлығы азайып келеді
Автокөлік ұрлығы азайып келеді
© коллаж: Елдар Қаба
527
оқылды

Құқық қорғау органдарына көлігін қолды қылғандар жиі жүгінеді екен. Жасыратыны жоқ, автөкөлік ұрлығы қоғамда үлкен резонанс тудыратын қылмыстардың біріне айналды. Есте болса, 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, 2013 жылғы Әлем чемпионатының күміс, 2015 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері Денис Теннің қайғылы қазасын жұрт әлі күнге ұмытқан жоқ. Одан бері біраз жыл өтсе де, көлік ұрлайтындарға құрық салу қиын болып тұр.

Әйтсе де, құқық қорғау қызмет­кер­леріне көлік ұрлығының алдын алу және ашу бойынша ерекше міндеттер жүктелген. Қазір ұрлан­ған көліктерді анықтау бойынша тұрақты негізде жедел-іздестіру және алдын алу  іс-шаралары тұ­рақ­ты түрде жүргізіледі. ІІМ Кри­ми­налдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов жақында ғана өткен «Автомобиль» іс-шарасына 5 мыңға жуық полиция қызметкері жұмылдырылғанын айтты. Соның арқасында 118 автокөлік ұрлығы ашылған. Сондай-ақ 433 пост, оның ішінде көршілес елдермен шекаралас аудандарда 62 пост қойылды. Үш мыңнан астам көлік жөндеу орталығы, жекеменшік автошеберханалар, көлік тұрағы кооперативтері мен автотұрақтар тексеріліп, нәтижесінде 61 ұрлан­ған автокөлік анықталған. Ал жалпы жыл басынан бері кө­лік ұрлаумен айналысқан бір­неше қылмыстық топ әшкере­леніпті. «Қабылданған іс-шаралар­дың нәтижесінде биыл көлік ұрлығының 13,3, ал көлікті айдап кету қылмысының 17,8 пайызға тө­мен­дегені байқалады. Жыл басы­нан бері автокөлік ұрланғаны үшін 749 адам, оның ішінде 17 қылмыстық топ ұсталды», – деді Қанат Нұрмағамбетов. Сондай-ақ ол көлік иелеріне қарапайым қауіпсіздік нормаларын сақтауға кеңес берді. Айтуынша, көлік есігін ашық қалдырмау, түнде көлікті гаражға немесе күзетілетін автотұраққа қою, ұрлыққа қарсы дабыл жүйесін орнату, көлік ішінде бағалы заттар мен құжаттар қал­дыр­мау, жеке тұлғадан автомобиль сатып алған кезде құқық белгілеуші құжаттарын беруді талап ету қажет. Бұдан бөлек, қабылданып жат­қан шараларды жетілдіру мақса­тында министрлік тұрақты негізде бірқатар ұйымдас­тырушылық және заңнамалық бастаманы іске асырып жатыр. ІІМ-нің бастамасы бойынша, Қылмыстық кодекске қыл­мыстың ауыр түрлеріне «бірне­ше рет» және «заңсыз кіру» саралау белгілерін жатқызу бөлігінде түзетулер енгізілді. Бұл татуласуға байланыс­ты күдікті адамдардың жауапкер­шіліктен кету мүмкіндігін болдыр­мауға және жаза мерзімін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ішкі сауда ереже­леріне де біраз өзгеріс енгізілуі мүмкін. Бұл бойынша мамандан­дырылған дүкендерде сатып алу-сату шартын міндетті түрде жасап, қосалқы бөлшектер суретке түсірілу керек болады. Талапқа бағынбаған жағдайда сатушыға айыппұл салынады. Көлік ұрлығын азайтуда бейне­бақылау камераларының да көмегі көп тиеді екен. Қазір тұрғын үйлердің аулаларында 44 мың бей­не­бақылау камерасы бар, 22 мыңын тұрғындар өздері қойғыз­ған. Айтпақшы, Mercedes, Toyota, Мазда, BMV, Volkswagen және Lexus көліктері жиі қолды болатын көрінеді. Ал көлік ұрлау­шылар Алматы қаласы, Алматы және Қостанай облыстарында көп. Бір ғана елорданың өзінде былтыр 81 көлік ұрлау фактісінің 72-сі ашылған. Ал биыл ұрланған 77 көліктің 68-ін ашқан полицейлер сатып алушыларға бірнеше кеңес береді. «Ұрланған көліктердің көбінде дабыл түймесі жоқ. Екіншіден, ресейлік көліктер көп қолды болады. Өйткені оларды сатқан кезде ешқандай құжат керек емес. Сақтандыру арқылы сата береді. Сондықтан көрші елден көлік сатып алатын кезде міндетті түрде тексеріп алуға кеңес береміз. Сатып алған автокөлік Ресей Феде­рациясында іздеуде тұрған болуы мүмкін.  Сол үшін нақты иесімен кездесіп, өз қолынан алмай тұрып, әркімге сене беруге болмайды, – дейді Нұр-Cұлтан қаласы ПД Криминалдық полиция басқар­масы­ның аға жедел уәкілі Нұрлан Қаратаев. «Автомобиль» іс-шарасы кезін­де қаладағы автобөлшектер сату орындарын тексерген құқық қор­ғау қызметкерлері 5 көлік ұрлығын ашыпты. Оның екеуі бірнеше жыл бұрын қолды болған көліктер.  Деген­мен жасалған көлік ұрлығы­ның көбі қасақана емес, заңсыз айдап әкету бойынша тіркеледі екен. «Ашық тұрған көлікті мас­тық­пен айдап әкету, сосын көлік жөндейтін орындарға сеніп тап­сыр­ған автокөліктерді иесінің рұқсатынсыз тізгіндеп кету жағ­дайы жиі тіркеледі. Сондай-ақ автокөліктің бөлшектерін ұрлау фактісі көбейгені рас. Бұл жерде көлікті жалға алушылар бөлшек­терді сатып, ауыстырып жібереді. Сондықтан жалға берушілерге айтарымыз, көліктеріне GPS ор­нату керек. Сол арқылы көлікті жалға алушылардың әрекетін біліп отыру оңай.  Бізде былтыр дабыл түймесі бола тұрып көліктерін ұрлатқан екі факті тіркелген. Бірақ бұл қылмыстың артында көлік иелерінің өздері тұрғаны белгілі болды. Себебі олар кредитті төле­меу үшін осындай әрекетке барған. Бірнеше жылдан бері ашылмай келе жатқан көлік ұрлау қылмыс­тары да бар. Қылмыс ашылмай, ондай істер жабылмайды», – деп атап өтті Нұрлан Қаратаев.

Жадыра МҮСІЛІМ