Жылылық сыйлар Серікгүл
Жылылық сыйлар Серікгүл
304
оқылды

Өз ісінің кәсіби маманы болған жандардың еңбек тәлімі де ерек болатыны бар. Кәсіпорындардағы жұмыс ырғағын жандандырып отыратын да солар.          

30 жылГаз саласының білікті ма­маны Серікгүл Шораханқызы да 30 жыл­дан аса осы салада табанды ең­бек етіп келеді. Ерлермен иық тіресе жұмыс істеген ол «мамандығыма деген көзқарасым еш айныған емес» дейді. Бүгінде зейнет жасына жақындаған маман иесі Тәуел­сіздік жылдарында елінің өркендеуіне, аймақты көгілдір отынмен қамтуға өзіндік үлес қосқанына қуанады. Алтын ұя мектебін үздік аяқ­тап, арманына қол созған Серікгүл Омарова газ саласында еңбек етуге бел буғанда ма­ңайын­дағылардың таңырқай қарағаны да жасырын емес. Дегенмен мақсаты айқын жас түлек Алматы қаласына барып, таңдаған мамандығына оқуға түседі. Жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң жолдамамен туған жеріне оралып, 1983 жылы «Қызылордаоблгаз» өндірістік бірлестігінде еңбек жолын бастады. Әр жылдары жұмысында жоғары жетістік­терге жетіп, 15 жылда жауапты қызмет­тердің тізгінін ұстайды. Тәуелсіздік алған жылдары сол уақыттың үрдісімен «Қы­зыл­орда­облгаз» мекемесі жеке­шелендіріліп, бірнеше маман­мен бірге Серікгүл де қысқартуға ілігеді. Жеті жылдан аса жұмыс­сыз отырған ол маман­дығымнан өзге жұмысты істеуге деген ниетім болмады дейді. Үмітін үзбей осы салаға қайта оралар ша­ғын күте беріпті. – Жоғары оқу орнын бітіріп, жұмысқа орналасқанымда ме­ке­меде көбіне ер-азаматтар қызмет атқараты­нын білдім. Олар маған алғашында осы салаға келгеніме таңырқай қарай­тын. Кейін өзімді жақсы қырымнан көрсете білген соң, жауапкершілігі жоғары жұмыс­тарды тапсыра беретін болды. Жұмыстан босап қалған уақыт­та өзге салаға барғым келмеді. Маман­дығым бойынша еңбек етемін деген үмітімді үзбедім. Өйткені газ бар жерде жылылық бар. Ал мен ай­налама, ел-жұрт­қа жылу сыйлағанды жақсы көре­мін, – дейді Серікгүл Омарова. Арада жеті жыл уақыт өткен соң Қызылорда облысында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызыл­орда өндірістік филиалы ашылады. Білікті маман Серікгүл компания­ның барлық сынағынан сәтті өтіп, қайта жұмысқа қосылады. Сол 2004 жылдан бүгінге дейін апатты дис­петчерлік қызметінің дис­петчері  қыз­метінде еңбек сіңіріп келеді. Бүгінде Ұлттық оператор­дың өн­діріс­тік филиалы өңірді газдан­дыру жұмысын қарқынды жүргізіп келеді. Облыстағы барлық аудан орталықтарына газ құбырлары тар­тылып, 5  аудан толықтай  табиғи газға қосылды. Осының бәрі 5-6 жыл көлемінде ғана атқарылған орасан шаруа. Елге қайырлы істердің ортасында жүрген Серік­гүл Омарова бұл жетістік­тер­дің бәрі еліміздің тәуелсіз­дігінің арқасында деп біледі. Қазір 1 ұл, 1 қыз тәрбие­леген ар­дақты ана өз ұлының да осы газ саласында елге қызмет етке­нін жөн көріпті. «Еліміздің газ саласында әлі атқарылар ауқымды жұмыстар көп. Сондықтан ұлымның осы салада қызмет атқарып, еңбегі сіңгенін қаладым. Өзімнің жи­ған тәжіри­бемнен балама бағыт берсем, оның жақсы маман атануына сеп болар еді. Білікті маман қашанда мемле­кетімізге қажет», – дейді Серікгүл Омар­ова. Қызметтестері де Серікгүл­дің ұжымның ұйытқысы екенін айтып мақтанады. Жұмысқа келген жас мамандарды қолдап, оларға кәсіптің қыр-сырын үй­рету­ден жалықпай­тынын айта­ды.

Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы