Балетке бишілер ерте жастан қатысады. Әрі олардың сахнадағы дәурені де өте қысқа болады. Өйткені, денелері қатпай тұрғанда сахнада емін-еркін билей алуы мүмкін. Олар жасы келіп, қартайғанша билеп жүре алмайтыны анық. Оның да себебі бар: әр би оңайлықпен келмейді. Қаншама жаттығу жасайды. Арасында құлап, жарақаттанып та қалуы мүмкін. Оның үстіне денсаулығы да сыр бере бастайды. Барлығы бірдей мұғалім бола алмасы белгілі. Сонда не істемек?
Рас, қазір елімізде балет мектептері көптеп ашылып жатыр. Олардың көбі балет ұстазы қызметін атқаруы мүмкін. Болмаса, бишілер шәкірт тәрбиелеп, жеке мектеп ашатын шығар. Бірақ зейнет жасына дейін сахнада жүре ала ма?Бишілердің негізгі кәсібі – би
Өнертану ғылымының кандидаты, профессор Тойған Ізім бишілердің ұзақ уақыт сахнада жүре алмайтынын айтып отыр. Ғалым: «Бір кездері биші, балет әртістерінің зейнет жасын өзгерту туралы ұсыныс көтерілген. Бірақ ол ұсыныс күйінде ғана қалды. Себебі әнші, вокалистер, музыканттар, цирк әртістеріне де зейнет жасын қайтару керек болады деп, заңға өзгеріс енгізген жоқ. Бірақ 20 жыл еңбек өтілі болса, оның жұмыстан шығуына болады. Яғни, белгілі бір пайызда еңбекақы төленеді екен. Оның өзі болар-болмас ақша, яғни 30 бен 60 мың теңгенің арасында ғана. Ұзақ уақыт сахнада жүрген бишілерге обал болды. Тізең басылмайды, бел ауырады. Омыртқа орнынан қозғалады. Менің мойын омыртқам қозғалып кеткен. Көп бишілер омыртқадан жарақат алып қалады», – дейді. Бұрын биші 20 жыл сахнада жүрсе, зейнетке шыға алатын еді. Қазір ондай жеңілдік жоқ. Қырық пен елудің арасындағы бишілерді сахнаға шығару қисынды ма? Кіл желкілдеген жастармен бірдей тұрып, өнер көрсете алмайтыны тағы бар. Бишілердің негізгі кәсібі – би. Биден басқа қайда барады? Қырықтан кейін басқа кәсіпке ауысып, мамандық өзгертуге адамның бәрі бірдей қабілетті бола бермейді. Бұған дейін балет бишілерін зейнет демалысына ерте жіберу туралы мәселені қазақ балет өнерінің майталманы Болат Аюханов жиі көтерген болатын. Ол бір сұхбатында: «Қырық бес жасымда соңғы рет Гамлетті алқынып, әрең билеп шыққанмын. Ал 45 жастағы әйел қандай кәсіби биші болсын, жас кезіндегідей билей ала ма, өнерсүйер қауымға эстетикалық ләззат сыйлай ала ма? Осыны ойламайтын Үкіметте ұят бар дегенге сенбеймін. Қазір бізде сахнада не істеп жүргендерін өздері білмейтін кәрі бишілер жетерлік. Мен оларды қуып шыға алмаймын, өйткені байғұстар зейнетке шыққанша шыдайық деп, соңғы демі жеткенше тырысып-ақ жүр. Қанша сіңірін созғанмен, мені де, көрерменді де риза ететін өнер көрсете алмайтыны тағы белгілі. 17 адам зейнет жасына жете алмай қайтыс болып кетті» деген еді. Бірақ балет королінің бұл арманы әлі орындала қойған жоқ. Жасы қырықтан асса да, әлі күнге сахнада жүрген бишілер көп. Олардың бәрі өмірін биге арнаған. Сол себепті де осынау бір бекзат өнерден кете алмайды. Балетке әртістердің тым ерте келетінін ескерсек, Қазақстанда оларға жарты ғасыр еңбектену керек. «Ғалымдар балет бишілері қызметін кеншілердің еңбегімен салыстырады, соның өзінде қазақстандық балет әртістері ғұмырының жартысынан көп бөлігін билеумен өткізуі керек», – дейді әртістер.Басқа кәсіпке баруы мүмкін бе?
Жасы келіп, рөлсіз қалған бишілерге жаңа заман талабына сай курс оқып, басқа салаға кетуіне тура келеді. Бәрі бірдей кәсіп аша алмасы белгілі. Би өнеріне адам жүрек қалауымен келеді. Кез келген адам биші, балет әртісі болып кетпейтіні анық. Сондықтан өнерге шын берілген жандар екінші рет кәсіп жаңғыртуға мүдделі бола бермейді. Ресейде 20 жыл сахнада билеген биші құрметті еңбек демалысына шығуына құқы бар. Кейбір елдерде 40 жастан бастап зейнеткерлікке шығады. Бізде ше? Біздің бишілердің неге құқы жоқ? Біз бұл сауалды осы салаға жауапты министрлікке қойған едік. Министрліктің айтуынша, жұмыс өтілі 20 жылдан кем болған кезде әртістерді жеңілдікпен зейнетақымен қамтамасыз етуге қатысты мәселе көптеген жылдар бойы пысықталуда. Қазақстанда ынтымақты зейнетақы жүйесінен жинақтаушы жүйеге көшуіне байланысты 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап жеңілдетілген және мерзімінен бұрын зейнетақы, оның ішінде әртістерге берілетін зейнетақы төлемдері қысқартылды. Бұл мәселе ҚР Президенті Әкімшілігі, ҚР Үкіметі, оның ішінде мүдделі мемлекеттік органдар мен ҚР Парламенті деңгейінде қаралды. Алайда жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту қағидаттарын сақтау мақсатында әртістерге еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақыны қалпына келтіру жөніндегі ұсыныс қолдау таппайды. Сонымен қатар 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №289-VI ҚРЗ қабылданған заң шеңберінде Мәдениет және спорт министрлігі әзірлеген «Мәдениет туралы» 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан заңына кәсіптің өзіндік ерекшелігі бар мәдениет ұйымдарының әртістеріне арнайы ай сайынғы ақшалай төлемдер түрінде мемлекеттік әлеуметтік қолдауды көздейтін жаңа 15-1-баппен түзету енгізді. «Түзетуге сәйкес ай сайынғы арнайы ақшалай төлемдерді алу құқығына кәсіби еңбек өтілі кемінде 20 жыл және балет әртісі лауазымында кәсіби қызметін зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін тоқтатқан балет әртістері ие болады. Бұл ретте арнайы ай сайынғы қаржылық төлемдер бір жұмыс орнынан соңғы 3 жылдағы орташа айлық жалақысының 60% мөлшерінде, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштен 109 есе аспайтын ай сайынғы ақшалай төлемақы түрінде әлеуметтік қолдау көрсетеді. Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрі 2020 жылғы 24 сәуірдегі №101 бекіткен «Мәдениет ұйымдарының балет әртістеріне ай сайынғы арнайы ақшалай төлемдерді тағайындау қағидаларын бекіту туралы» қағидалары қолданылады», – дейді ведомство өкілдері. Биші болу оңай емес. Ол да қыруар еңбекті, күш-жігерді талап етеді. Жаттығуда жүрген елу жастағы бишіні көз алдыңызға елестете аласыз ба? Профессор Тойған Ізім айтқандай, биші темір емес, ол да ет пен сүйектен жаралған адам. Оның да денсаулығы сыр беруі мүмкін. Таңның атысы, күннің батысы театрда жүре алмайды. Кейбір балет бишілері сахнадағы өмірдің ғұмыры қысқа екенін жиі айтып жүр. Жасы келіп, жұмыссыз қалып қалу да бишіге оңайға соқпайды. Сол себепті де, олардың зейнет жасын қайта қарайтын уақыт жеткен секілді.Айым БЕКТҰР