«…Стратегиялық қалалық жоспарлар бар, бағдарламалар бар. Бірақ осыны өңірлерде жүзеге асыруда көптеген жаңалықтар, көптеген өзіндік креативті жолдарын табуды жөн көрдім. Соны халықпен тығыз байланысу, халық пен мемлекет қызметшілер арасында барьерді жою өзімнің басты талабым деп көремін», — деген екен.
Алайда журналист Ақбөпе Тәңірбергенмен болған оқиғада А. Қалдыбаев тілге тиек еткен «креативті жолдар» мен «халықпен тығыз байланысу» әрекеттері көрініс таппаған болар деп үміттенеміз. Ең бастысы, «театр киім ілгіштен басталады» демекші, әкімдіктегі тәртіп кіреберістегі күзетшілердің мінез-құлқы мен іс-әрекетінен көрініп тұрса игі дегіміз келеді. Сондай-ақ әлеуметтік желіде жеке парақшасы бар «ашық» әкім өзі басқаратын мекеме қабырғасында болған оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, жауапкершіліктен қашпайды деп тілейік.
Себебі әкімдіктен қуып шығарған жағдайға қатысты Ақбөпе Тәңірберген оқиға орнына келген полицияға арыз жазыпты. Журналист жұмыс істейтін арнаның басшысы Алёна Горбачёва да өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында:«Журналистік қызметке кедергі келтіргені үшін телеарна полицияға арызданады», — деп мәлімдеді.