«Бәйтерек» тұрғындары мектепке зәру
«Бәйтерек» тұрғындары мектепке зәру
299
оқылды

Осыдан он шақты жыл бұрын тұрғын үй салу үшін жер кезегіндегі азаматтарға Қызылорда қаласынан инфра­құрылымы тартылған жер үлестіріліп, «Бәйтерек» атты жаңа шағынаудан пайда болды. Сонымен қатар осы ау­данға «Өтемұратов» қайырымдылық қоры арқылы 100 үй тұрғызылып, пәтер кезегінде тұрған көпбалалы отбасы­лар мен жалғызбасты аналарға уақытша пайдалануға берілген.

Бүгінде саны артқан жаңа ау­данға қоныстанушылар мектеп пен қоғамдық көліктің қиындығын тартудай-ақ тартып келеді. Айту­ларынша, 2020 жылдың маусым айында басталған нысанның аяқ­талар түрі көрінбейді. Құрылысы 6 ай жүргізіліп, 6 ай қаңтарылып қалған. Кей отбасылар, тіпті жер телімін алып, үй салғандардың басым бөлігі енді білім ордасының жоғынан көшіп келе алмай отыр. Шеткі аймақтың оқушылары қала мектептерінде оқып жүр. Ал Құры­лыс басқармасының мамандары қаражаттың толық бөлінбеуінен білім ошағының биыл да біт­пей­тінін мәлімдеді. Енді балаларын алысқа тасымалдап әбігер болған тұрғындар құрылыстың созбалаңға салынғанына наразылық білдірді. – Пәлендей жылжып жатқан дүние көргенім жоқ. Өйткені осы жерге кірпішті әкеліп жатады, бір қарасаң тиеп алып бара жатады. Көше бетке қарағанда бірінші ­қа­баты біткен тәрізді, бірақ арғы жа­ғында қабырға әлі тұр­ған жоқ, – дейді тұрғын Әбдуәли Қожамжар. Бәйтерек Шағынауданның басым бөлігі көпбалалы отбасылар болған­дық­тан олар мектеп жасындағы ба­лаларына қала орталығында­ғы мектепке жету үшін арнайы көлік жалдауға мәжбүр. Биыл оқу жылы қайта дәстүрлі бола­ды дегенді естіген олар «ең бол­ма­са, қоғамдық көлікке қол жет­­кізсек» дейді. – Ақылы мектептің балала­рымызды қатынататын көлігі бар. Оның ақысы бала басына 7 мың теңге. Бір үйде 4-5 бала бар. Біреу­дің қалтасы көтереді, ал кей оқу­шылар жолпұл таппай қиналып отыр. Сол себептен біздер қалалық әкімдікке қайта-қайта барып, тұр­ғындар атынан арыз жазғаны­мыз­бен әзірге нәтиже жоқ, – дейді Жұлдыз Байдраманова. Құрылысы басталған білім ордасы 600 оқушыға арналған. Бұрын қаланың меншігінде бол­ған нысан облыстық басқарма­ның жауапкершілігіне өтіпті. Ал онда­ғылар жаңа мектеп келер жылы ғана пайдалануға беріледі дегенді айтады. Бәйтерек құрылыс – Мектеп құрылысына осы жылға 386 млн теңге қаржы бөлін­ді. Негізінен бұл нысанның нор­мативтік құрылыс ұзақтығы – 18 ай. Былтыр 6 ай құрылыс жұ­мыс­тары жүргізілген. Келер жылғы құрылысына 270 млн теңге қарас­тырылып отыр. Білім ордасының құрылысы 2022 жылы аяқталады деп жоспарланған, – дейді облыс­тық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшы­­сының орынбасары Арнұр Нұр­мағанбетов. Жаңа ауданда қазір 5 мыңға жуық отбасы қоныстанған. Жер телімдері табысталған уақытта екі көшесіне асфальт төселіп, жарық­тандырылған болатын. Жергілікті билік жыл өткен сайын шағынау­данның ажары кіріп, әлеуеті арта­ды деп сендіргенімен, әзірге уәде күйінде ғана қалып тұр.

Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы