Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Алматыдағы әкімдік ғимаратынан күштеп шығарылған "Хабар 24" журналисінің оқиғасына қатысты пікір білдірді. Ведомство басшысы Facebook-парақшасында жазба жариялады.
Ол Алатау облысы әкімдігіндегі күзет қызметкерінің әрекеті заңсыз екенін айтты.
"Аудандық әкімдіктің жауапты тұлғаларының бұған қатысты еш шара қолданбауы мәселені тіпті де ушықтырып отыр. Бұл, әрине, өте өкінішті және біздің бүгінгі "еститін мемлекет", "ашық әкімдік" қағидаларына қайшы келетін жағдай. Журналистердің құқығын бұзуға, олардың ресми жұмысына кедергі келтіріп, күш көрсетуге ешқашан жол берілмеуі керек. Олар өздерін қай жерде де еркін сезінуі тиіс. БАҚ өкілдері еліміздің тиісті заңнамалары мен нормативті-құқықтық актілеріне сәйкес қажетті толыққанды ақпарат алуға қай кезде де құқылы", - деп жазды Балаева.
Сондай-ақ, министр Алматы әкімдігі басшылығына қызметтік тексеріс жүргізіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне қатысты осындай жағдайдың қайталануын болдырмау үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет деп санайды.