Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының аумағында құрамында есірткі бар өсімдіктер өсіруді ұйымдастырған қылмыстық топтың заңға қайшы әрекетінің жолын кесті.
18 тамызда ұйымдастырылған арнайы операция нәтижесінде үш плантацияда 31 адам (оның 17-сі шетелдік), оның ішінде есірткі тобын ұйымдастырушы ұсталды.
Заңсыз айналымнан 4 тоннадан астам марихуана, 7 бірлік атыс қаруы мен оқ-дәрілер тәркіленді. Сонымен қатар тінту барысында браконьерлік жолмен алынған ақбөкен мүйіздері мен бекіре тұқымдас балықтар табылды.
«Фигуранттардың есірткі қылмысына қатыстылығына бұлтартпас дәлелдемелер табылды, қылмыстық топтың құрылымы және қатысушылар арасында рөлдерді бөлуі анықталды», - делінген хабарламада.