Кеше әлеуметтік желіде Алматының Алатау ауданы әкімдігі ғимаратында күзетшінің журналисті көтеріп, шығарып жіберген видеосы тараған еді. Оқиғадан кейін аудан әкімі Азамат Қалдыбеков БАҚ алдында түсініктеме берді, - деп жазады baribar.kz.
Журналист Ақбөпе Тәңірберген аудан әкімінен кешеден бері әкімдіктен неге ешкім жеке хабарласып, болған оқиғаға байланысты кешірім сұрамағанын білгісі келді.
Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков журналиске хабарласу жоспарда болғанын, бірақ ең бірінші барлық бұқаралық ақпарат құралына бірдей түсініктеме беру үшін брифинг өткізуді жөн санағанын айтты.
Алатау ауданың әкімі Азамат Қалдыбеков кешегі оқиға болған кезде әкімдік ғимаратында болмаған, әкімнің айтуынша, ол уақытта айналма жолдың құрылыс барысын тексеруге шығып кеткен.
Сонымен бірге, ол “күзетшінің жұмыстан қуылғаны” туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Күзетші әлі жұмыстан қуылған жоқ. Мына тексеріс өткенше жұмыстан шеттетілді. Бірақ толығымен тексеріс аяқталғаннан кейін біз толық ақпаратты бүкіл БАҚ-қа береміз. Қызметтік тексерісті қатаң түрде бақылаймыз, біздің комиссия тек аудан әкімшілігі деңгейде емес, оның құрамында мемлекеттік қызмет уәкілеті органы да кіріп отыр. Бұл объективті, жан-жақты қаралады, – деді аудан әкімі.
Азамат Қалдыбеков Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бұл оқиға бойынша жеке хабарласпағанын мәлімдеді.
Ал журналист полицияға әкімдік үстінен не үшін арыз жазып қалдырғанын айтты.
Мен күзетшіні кінәламаймын. Мені күзетші емес, әкімдік далаға лақтырып жіберді деп есептеймін. Мен жай ғана әкімнің кешірім сұрағанын күтіп түрғаным жоқ. Бұл бюрократиялық жүйені, Президент айтқан “ашық әкімдікті” тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде де орындаса деймін, жергілікті органдар журналистермен қарым-қатынасын дұрыстаса, әкімдікке журналистер кіре алмай тұрғанда, халық бұл әкімдікке қалай кіреді, соған таңмын. Осындай резонанс жағдай туындаған екен, осы арқылы барлық журналистің басындағы мәселені шешіп алсақ, – деді Ақбөпе Тәңірберген.
Журналист Ақбөпе Тәңірберген осы оқиғадан кейін жағдайының жақсы екенін және арыз жазғанын хабарлады. Телеарна да журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіргендерге қатысты шағым дайындап жатыр.
https://www.youtube.com/watch?v=pul9CfpWTlE&t=26s