Маңғыстау облысында су құбырын салуға бөлінген бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен бірнеше шенеунік ұсталды. Бұл туралы хабарлама Yedilov online Telegram арнасында пайда болды.
"Кейбір мәліметтер бойынша, Маңғыстау облыстық экономикалық тергеу департаменті Маңғыстау облысы құрылыс басқармасының басшысы Шабай Тәжіғараевты, Бейнеу аудандық құрылыс басқармасының басшысы С.Х. Бисеновты және мердігерлік компанияның бас директоры Б.К. Саралтаевты ұстады. Олар 1500 адам тұратын Бейнеу ауданы Саға ауылының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге бөлінген 200 миллион теңгеден астам бюджеттік қаржыны жымқырды деп күдікке ілініп отыр. Су құбырының құрылысы 2017 жылы басталды, бірақ ауыл халқы әлі күнге дейін автоцистернамен жеткізілетін техникалық суды пайдаланып жүр", – делінген хабарламада.