«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтің жетекшілігімен өңірге қарасты Бурабай мен Зеренді аудандарында туризмнің дамуын қолдау бойынша кеңес өтті. Жиында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Қазір Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту бойынша арнайы бағдарлама жасақталып, биыл 9 түрлі іс-шара жүзеге асып жатыр. Бұл бағытта атқарылған істермен «Nur Otan» партиясы Бурабай аумақтық филиалының төрағасы, аудан әкімі Әсет Мұздыбаев таныстырды. Оның айтуынша, қолға алынған 9 іс-шараның төртеуі инвестициялық жоба. Бұған 800 орындық AQBURA Resort жаңа курорттық орталығы мен Щучье көлі жағалауына жақын жерде орналасқан қонақ үй кешенінің құрылысы кіреді. Сондай-ақ Бурабайда «Променад» көпбейінді кешені және «Қонақ үй және мәдени, тұрмыстық, ойын-сауық қызметтерінің нысандары» да туристерді қабылдауға әзір болмақ. Алайда кеңеске қатысушылар туристерді қабылдау мен орналастыруды ғана емес, олардың бос уақытын тиімді пайдалану жағын да қарастырып, ескеру қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар Бурабай кентінің архитектуралық келбетіне де мән беру керегі айтылды. «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ғалым Бекмағамбетов Бурабай мен Зеренді өңірлерінде кезінде көптеп шоғырланған балалар лагерьлерінің бүгінде жабылып, отбасылық демалыс орталықтарына айналуына қынжылатынын жеткізді. Сондықтан кеңес отырысында тек кемшін тұстарды тізе бермей, кеңес мүшелерінен олқылықтарды түзету және нақты балалар туризмін дамыту бағытында ұсыныстар күтетінін айтты. Жалпы, Зеренді ауданында туризмді дамытудың әлеуеті зор. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Зеренді аумақтық филиалының төрағасы, аудан әкімі Әсен Жақсылықов баяндады. – Қазір ауданда 40-тан аса туристік нысан жұмыс істеп тұр. Оның 11-і жыл он екі ай қызмет көрсетіп, 2 мыңға жуық туристі қабылдауға қауқарлы. Зерлі Зерендіде паспортталған 5 туристік жаяу жүргінші жолы бар. 16 тарихи-мәдени мұра нысаны тұр. Алайда аудан туристік саланы дамыту мен қолдау бойынша бірде-бір бағдарламаға енбей қалған көрінеді. Сондықтан 2020 жылы Зеренді курортты аймағын 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен дамыту жоспары әзірленіп, бекітілген. Соған сәйкес 45 іс-шара қаралған. Оның 19-ы орындалған. Бұл үшін бюджеттен 383,9 миллион теңге бөлінді, – дейді аудан әкімі. Зерендінің туристік әлеуетін арттыру мақсатында биыл 1,7 миллиард теңгеге «Зеренді-Красный Кордон мен Ермаковка ауылының шекарасы» бағытындағы 36 шақырымдық облыстық маңызы бар жол орташа жөндеуден өтіп жатыр. Бұл Имантау-Шалқар, Зеренді мен Щучье-Бурабай курортты аймақтарын жалғамақ. Жуырда Зеренді ауылының бас жоспары бекітілген. Онда туристік нысандарды салуға жер телімдері қарастырылған. Жиын соңында аудан әкімі Зерендідегі электр жарығы мәселесін де шешу күн тәртібінде тұрғанын мәлімдеді.М.ТӨЛЕУ