Ұлттық Олимпиада комитеті Азия чемпионы Айдос Сұлтанғалидің грек-рим күресінен балуандар бәсекесіне қатысқанын хабарлады. Айтулы іс-шара Ресейде өткен.
Иван Поддубныйдың 150 жылдығына арналған сайыста Ресей және әлем құрамасы кездесті. Әлем құрамасы сапында қазақстандық Айдос Сұлтанғали де өнер көрсетті. «Аталған бәсеке шоуға көбірек келеді. Бірақ маған өту форматы да, ұйымдастырылуы да қатты ұнады. Біздің елде де осындай жарыстар жиі өтіп тұрса деген тілегім бар. Маған бұл бәсекеге қатысу туралы ұсынысты өзбекстандық балуан Рустам Ассакалов айтты. Жол шығыны мен жатын орынды өздері төлейді екен. Маған тек күресу ғана қалды. 63 келі салмақта белдестім. Негізі, өз салмағымнан артық екенін білесіздер. Олимпиада ойындарының қатысушысы Степан Марянянмен белдесіп, 3:6 есебімен жеңіліп қалдым. Десе де, бұл үлкен тәжірибе болды мен үшін. Жарыс соңында даңқты Александр Карелин сый-сияпат жасады», – дейді Айдос.А.ЖОЛДАС