Қайталанбасыншы сол бір күн!
Қайталанбасыншы сол бір күн!
430
оқылды

Атом бәсекесі – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін алып державалар арасындағы бір-бірінен асып түсу үшін басталған текетірес еді. Өздерінің әлділігін көрсету үшін түрлі қаруды шығарған мемлекеттердің сол уақыттағы зерттеулерінің зардабын қарапайым халық әлі күнге дейін тартып келеді. Биыл Семей сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толады. Алайда жердің асты-үстінде жасалған ядролық сынақтардың залалынан арылар емеспіз.

Қарағанды облысының ау­қым­ды жері әлі күнге дейін за­лалын көріп келе жатса, тұр­ғын­дар зардабын шекті. Жазылмас жара болып қалды. Қарағанды қаласының Дос­тық үйінде белгілі суретші, ан­тиядролық қозғалыстың бел­сен­дісі Кәріпбек Күйіков Семей по­лигоны жабылуының 30 жыл­дығына арналған көрме ұсынды.  – Өз шығармаларымда ха­лықтың жанайқайын бейне­ледім. Себебі мен және менің ата-анам ядролық сынақтардың тірі куәгерлеріміз. Мен туып-өскен Егіндібұлақ ауылы поли­гоннан жүз шақырым жерде орналасқан. Бала кезімде ата-анамның Семейге жиі барғаны есімде. Содан кейін олар көбіне дала арқылы өтетін жолды қыс­қартып, қиып өтетін. Әрине, мұ­ның бәрі бізге әсер етті, – дейді Кәріпбек Күйіков. – Өзім­нің суреттерім арқылы адамдарға ядролық қарудың қауіптілігі ту­ралы жеткізгім келеді. Елес­тетіп көріңізші, егер ол терро­рис­тердің қолына түссе не бола­ды? Сондықтан антиядролық қозғалыс – бұл менің бүкіл өмірім. Достық үйінде қоғам қай­раткерлерінің, ғалымдардың, этноұйымдар мен «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы бел­сен­ділерінің қатысуымен он­лайн режимінде «Ядролық қа­русыз Қазақстан – бейбітшілік пен келісім елі» атты дөңгелек үстел өтті. Кездесуді облыстың Ішкі саясат басқармасының «Қо­ғамдық келісім» КММ ұйымдастырды. – Биыл біз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Бұл күн Семей полигонындағы яд­ро­­лық сынақтардан бас тарту­дың 30 жылдығымен тұспа-тұс келді. 1991 жылғы 29 тамызда Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев сан­­сыз азап шеккен ядролық жа­­рылыстарды тоқтатып, бей­біт­сүйгіш ел ретінде бүкіл әлем­ге Тәуелсіз Қазақстанды паш етті, – деп атап өтті Қарағанды об­лысы Ішкі саясат басқарма­сы­ның басшысы Ерлан Құ­са­йын. – Атом бомбаларының жары­лыс­тарынан кейін қандай қай­ғылы жағдай болғанын бә­ріміз есте ұстауымыз керек. Яд­ро­лық сынақтар Семей, Пав­ло­дар жә­не Қарағанды облысын­­да көрініс тапты. Жарылыс­тар­дың салдарынан біздің мил­лиондаған азаматымыз зардап шекті, ал радиоактивті жауын-шашын флора мен фаунаны жой­ды. Мұның бәрін ұмыт­па­уымыз керек. 29 тамыз – қазақстандықтар үшін ғана емес, бүкіл әлемдік антиядролық қоғамдастық үшін де ерекше күн. Естеріңізге сала кетейік, Семей полигонында ал­ғашқы сынақ 1949 жылдың 29 та­мызында өткізілді. Ал 42 жыл­дан кейін сол күні полигон Қазақ КСР Президенті Нұр­сұлтан На­зарбаевтың Жарлы­ғымен ресми түрде жабылды. 2010 жылдан бастап 29 тамыз Халықаралық ядролық сынақ­тарға қарсы іс-қимыл күні ретін­де атап өтіледі.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы