Бүгінде елімізде 2 мыңнан астам детектив жұмыс істейді деген дерек бар. Бірақ бұл ақпаратты нақты деп айтуға болмайды. Олардың санатына жеке тыңшылық қызметпен шұғылданатындар да, негізгі жұмысынан басқа уақыттарда тапсырыс бойынша із кесумен айналысатын қауіпсіздік қызметінің адамдары да кіреді.
Қай қоғамда да, қай елде де жеке детективтердің қызметіне деген сұраныс аз емес. Мәселен, кейбір ата-аналар жасөспірім балаларының түрлі жат әдеттерге салынып кетуінен сақтау үшін оларды сырттай бақылағысы келеді. Енді біреулерге үй қызметшісін, бала күтушісін жасырын қадағалау қажеттігі туады. Әйтпесе, жоғалып кеткен әлдебір жақын тамыр-таныс, туысын іздеу керек болады. Бұл жағдайда сіз құқық қорғау органдарына арыздана алмайсыз әрі не деп шағымданасыз?! Полиция сіз күдіктенді екен деп балаңыздың, күтушіңіздің үстінен тергеу жүргізбейді. Ал жоғалып кеткен адамды іздестіру шараларын бастау үшін кемі үш күн уақыт өтуі керек. Бұл кей жағдайда кеш болып, адамды орны толмас қайғыға ұрындырып кетуі мүмкін. Міне, осындай қысылтаяң шақта сізге жеке детектив қызметі көмекке келеді.Жеке ізкесушілердің қызмет көрсету аясы үлкен
Біздің қоғамда жеке детективтер жұбайлардың опасыздығын тексереді деген жаңсақ түсінік қалыптасқан, бірақ олар көрсететін қызмет аясы анағұрлым ауқымды. Қылмыстық, азаматтық істер бойынша қажетті ақпараттарды жинаумен айналысады. Іскерлік ортада ықтималды контрагенттердің сенімділігі мен төлем төлеу қабілеттілігін тексереді. Борышкерлердің өздері мен олардың жасырулы дүние-мүліктерін, хабарсыз кеткен жақын-туыстарды, ұрланған көлікті, заттарды іздейді. Ақыр аяғында жұбайлардың бірі-біріне адалдығын анықтауға тапсырыс көп түседі. Ол тапсырыс түрлерінің 40%-ын қамтиды, соған қарағанда қазір адамдарды ерінің немесе зайыбының опасыздығы көп алаңдатса керек. Бірақ бірден айта кетейік, жеке детективтің қызметі арзан бағаланбайды. Тіпті, бір қалада тұратын, кездеспегеніңізге 1-1,5 ай болған жақын танысыңызды тауып беру үшін 500 мың теңгеден кем сұрамайды. Ал енді экономикалық тергеуге немесе тыңшылық әрекетке қатысты күрделірек іске миллиондап ақша шығаруыңызға тура келеді. Бір жақсысы, жеке із кесушілер жұмысында мемлекеттік органдағыдай бюрократия, қағазбастылық, істің ұзаққа созылуы деген құбылыс сирек. Қолға алған істі тез бітіріп, тиесілі ақысын алуға ең бірінші детективтің өзі мүдделі. Сондықтан олардың қызметіне негізінен қалталы адамдар немесе басқа амалы қалмай пұшайман күйге түскен жандардың жүгінетіні рас. Әдетте жеке детектив қызметімен бұрынғы құқық қорғау, күштік құрылымдардың қызметкерлері шұғылданады. Себебі олардың бұл салада, біріншіден, еңбек тәжірибесі бар, екіншіден, құқық қорғау органдарында тамыр-таныстары қалған. Олар қажет кезінде криминалистердің, экономистердің қызметіне жүгіне алады. Ал бұл жұмыста керек ақпаратты жедел әрі сенімді көздерден ала білу – ең маңызды. Қаржылық бағыттағы ізкесулермен негізінен экономистер айналысады. Жалпы, детективтік қызметтің түрі көп, сондықтан онымен айналысатын мамандар да түрлі санатқа бөлінеді.Детективтер туралы арнайы заң жоқ
Қазақстанда жеке детективтердің қызметін реттейтін заң жоқ. «Қалқан» корпоративтік қауіпсіздік және детективтік қызмет кәсібилерінің бірлестігі» ҚБ төрағасы Рустам Мырзабаевтың айтуынша, мұндай заң жобасы алғаш рет 2003 жылы әзірленген екен. Бірақ қабылданбаған. 2010 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаев құқық қорғау органдарын реформалау туралы жиында жеке детективтер қызметі туралы заң керегін айтқан. Сондай-ақ Президенттің 2012 жылғы халыққа арнаған Жолдауында осы мәселе тағы көтерілді. Содан бері де бірнеше рет талпыныс болды, бірақ ондай атаулы заң әлі күнге шыққан жоқ. Тіпті, 2015 жылы Парламент Мәжілісінің депутаттары «Детективтер қызметі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қабылдаған, бірақ бұл процедура әрі қарай жалғаспай, сол беті тұрып қалды. Қазір детективтер Кәсіпкерлік кодекстің 5-бабы аясында жұмыс істеуге мәжбүр. Сондай-ақ Конституцияда әрбір адамның басқа азаматтардың құқы мен мүдделеріне нұқсан келтірмейтін заңды тәсілмен кез келген ақпаратты алуға, таратуға құқы бар екені айтылған. Жеке детективтер заңға қайшы келмейтін техника немесе тәсіл арқылы қажетті ақпаратты жинай алады. Яғни, жалпыға ортақ заң аясында Қылмыстық кодекстің, Салық кодексінің нормаларын сақтай отырып, жұмыс істейді. Рустам Мырзабаев детективтердің қызметі туралы заң көршілеріміз Ресейде, Қырғыз Республикасында ұзақ және ауыр талқылаулардан кейін әзер қабылданғанымен, бұл құжаттың кемшілігі әлі көп екенін айтады. «Заңның қабылдануы – мәселенің бір жағы ғана, оның сапасы қандай болады, бар гәп сонда! Біз шетелдердегі әріптестерімізбен пікір алмасып тұрамыз. Ресейде мұндай заң ертеде қабылданған. Бірақ оның сапасына көптеген детективтердің көңілі толмайды. Сондықтан да ол жақта заңға өзгертулер енгізу мәселесін ұдайы көтеріп келеді», – дейді Р. Мырзабаев. Оның айтуынша, ресейлік ізкесушілер жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Заң бойынша тыңшылық қызмет үшін олар лицензия алуы керек. Жеке детективтерге атыс қаруын ұстауға болмайды, тек газ баллонын, электрошокер, бронежилет пен тоқпақ (дубинка) қолдануларына ғана рұқсат. Сондай-ақ жұмыстарында бейнекамера, «жучок» сияқты есту-тыңдау аппараттарын пайдалануға да тыйым салынған. Күдіктіні тұтқындауға немесе сұрақ-жауапқа шақыртуға болмайды. Мұның бәрі ресейлік пинкертондардың жұмысын қатты шектейтіні өздігінен түсінікті. Қазақстанда алда-жалда детектив қызметі туралы заң қабылдана қалса, жоғарыда айтылған жайттар ескеріледі деп үміттенейік. Өйткені бұл тек аталмыш саланың нақты «ойын ережесін» бекітіп қоймай, заңды және жеке тұлғаның қауіпсіздігін қорғау жолында мемлекетке де, қоғамға да пайдалы болмақ. Ал қазір детектив қызметі туралы арнайы заңның жоқтығы салдарынан жеке ізкесушілерге дербес жауапкершілік жүктелмейді. Сондықтан да бұл салада шарлатан мен дүмшелер көп, олар басына іс түскен адамның ақшасын алдап-арбап алуды ғана біледі.Дәулет АСАУ