Қазақстанда әскерилерге құрт, қымыз, шұбат пен түйе еті беріледі. Бұл туралы ҚР ҚК БШ Ұйымдастыру жұмылдыру жұмыстары департаментінің бағыт аға офицері Руслан Тапашев айтты.
"Әскери қызметкерлердің тамақтануын ары қарай жақсарту бағытында Қазақ тамақтану академиясымен бірлесе ұлттық дастарханның ерекшеліктерін ескере отырып, азық-түлік нормаларын жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы орайда, әскерилердің тамақтану рационын қосымша жылқы, қой, түйе, үйрек, қаз етін және түрлі балық еттерімен толықтыру жоспарланып отыр. Мұнымен қоса, құрт, қымыз, шұбат сияқты дәстүрлі тағамдар мен сусындарды енгізу қарастырылған. Осы арқылы тамақтану құрамын жақсартамыз", - деді Руслан Тапашев Орталық коммуникациялар қызметінде.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Президентінің 2021 жылғы ақпандағы Жарлығына сәйкес, биылғы 1 қыркүйектен бастап күзгі азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру іс-шаралары басталады. Жыл соңына дейін әскер қатарын 17 мыңға жуық жас жігіт толықтырады. Әскерге шақырылатындар ПТР зерттеуден екі рет өтеді.