Талдықорғандықтар Рухияға көлік мінгізді
Талдықорғандықтар Рухияға көлік мінгізді
169
оқылды

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов осыдан біраз бұрын Витебскіде өткен «Славян базары» XXX халық­аралық өнер фестивалінің жеңімпазы, талдықорғандық әнші Рухия Байдүкенованы арнайы қабылдап, жеңісімен құттықтады.

Өңір басшысы осынау аса мәр­тебелі байқауға аттанар алдында Талдықорғанға келген Рухиямен жүздесіп, әнші қызға халықаралық жарыста табыс тілеген еді. Баталов­тың батасы бос қалған жоқ. Вите­бскіде қазақ атын аспандатып қайт­қан әнші жерлестерімен тағы да жолығып, олардың қолдау­лары­на алғысын білдіріп, құрметіне бөленді. Қабылдау  кезінде талды­қорған­­дық таланттың бүкіл әлем көз тіккен халықаралық фестиваль­де Қазақстан  мәртебесін асырға­нын айрықша атап өткен облыс басшысы өзінің де көппен бірге қатты қуанғанын жасырмай жайып салды. – Сен зор табысқа жеттің! Елі­нің атын төрткүл дүниеге паш ет­тің. Дарындылығың өз алдына, өзің таңдаған жолда ерінбей, жа­лық­пай ізденгенің, еңбек­тенгенің­нің есесі қайтты.  Витебскіге барар­да кездескенімізде, саған үміт артып,  шын жүректен жеңіс тілеген едім. Соның орындалғанын көріп, мерейім тасыды. Өзіңнің алдыңдағы Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева  сынды атақты әнші апаларыңның жарқын жолын берсін! Дәл сол кісілер сияқ­ты халықтың қалаулысы атан. Біз саған сенеміз. Алда әлі талай-талай асуларды бағындырасың, – деген Амандық ағасына және жеңісіне қуанған жерлестеріне ал­ғысын жеткізген Рухия Байдү­кенова жеңіске жетуіне көпшіліктің пейілі, соның ішінде ел ағасы  аза­мат­тардың сенімі мен қолдауы көп көмектескенін айтты. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде ән­шілеріміз үш халықаралық фес­ти­вальде Гран-при алғанын айта келе, соның біріне өзі қол жеткізіп, Тәуелсіз­дік­тің 30 жылдығына орай еліне лайық­ты тарту жасағанына барын­ша қуанатынын білдірді. Жеңімпаз атануына өзінің осында – облыста  жинаған концерттік тә­жірибесі де ықпал еткенін, «Тал­ды­қорған әуен­дері» ансамбліндегі кездері де оң әсерін тигізгенін, талды­қорғандықтардың сенімі мен үміті күш-жігер  бергенін де жасыр­ған жоқ.  Сөзінің соңында халық­аралық фестиваль жеңімпазына берілген мүсіншені облыс басшы­сына тарту етті. Өңір жетекшісі өз кезегінде  жеңімпаз мүсіншесін Мұхаметжан Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі­не сақтауға тапсырды. Қабылдауға арнайы шақырыл­ған Рухияның ән сабағы бойынша ұстазы Серікжамал Әжібекованың айтуынша, ол кісі зейнеткерлікке шыққаннан кейін дарынды бала­лар­ға арналған өнер мектебіне ұсыныспен жұмысқа келіп, арнайы сынып ашыпты. Сонда оқыған  талантты жеткіншектер арасында Рухия да болған және өзінің еңбекқорлығымен, ынтасымен ерекшеленген. Сабақтан жалық­пайтынының арқасында әрқашан алдан көрініп жүріп ақыры мақ­сатына жеткен шәкіртін мақтан тұ­татынын толқи тұрып әңгімеледі ұстаз. Рухияның тәлімгері, белгілі тележурналист Қымбат Досжан әнші қыздың халықаралық фес­ти­вальге қатысуына қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғыс айтып,  Алматы облысында мәдениет сала­сына барынша көңіл бөлінетініне орай разылығын білдірді. Расында Жетісу жерінде мәде­ниет саласына барынша қолдау көрсетіледі. Дарынды жастарға қажетті жағдайлар түгелімен  қа­рас­тырылған. Саланың материал­дық-техникалық базасын нығай­туға қажетті қаржы тиісінше бө­лінеді. Соның арқасында жетісу­лық жастар арасынан түрлі деңгей­дегі байқаулар мен жарыстарда топ жаратындар көптеп шығып жатыр. Әкім қабылдауынан соң жер­лестерімен жүздескен әнші қызды талдықорғандықтар барынша алқалап, зор құрмет көрсетті. Облыс орталығының бизнес­мен­дері мен меценаттары оған Hуundai автокөлігін мінгізді. Рухияның ұстазы Серікжамал Әжібекова мен тәлімгері Қымбат Досжанның әрқайсысына миллион теңгенің сертфикатын тарту етті.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы