Парламентаризм тәжірибесіне көңіл бөлінеді
Парламентаризм тәжірибесіне көңіл бөлінеді
218
оқылды

Мәулен Әшімбаев Швейцария Конфедерациясы Федералды жиналысы ұлттық кеңесінің төрағасы Андреас Эбимен кездесті. Қазақстан Сенатының Спикері Швейцария делегациясының бұл сапары екі ел ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға тың серпін беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ Швейцария Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық серіктесі екенін атап өтті.

«Келесі жылы біздің елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Осы жылдар ішінде өзара тиімді саяси диалог жолға қойылды. Екіжақты сауда-саттық табысты дамып келеді. Бірлескен инвестициялық жобаларымыз да іске асырылып жатыр. Сондықтан алдағы уақытта да біздің байланысымыз арта түседі деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев. Кездесу барысында сауда-эко­номикалық және әлеуметтік-гумани­тарлық өзара іс-қимыл мәселелері кеңі­нен талқыланды. Сенат Төрағасы Қазақ­стан мен Швейцарияның қазіргі жаһандық проблемаларға қатысты ұста­ным­дары ұқсас екеніне назар аударып, қос мемлекет те өзара іс-қимылды екіжақты форматта ғана емес, көпжақты құрылымдар аясында табысты іске асырып келе жатқанын айтты. Сонымен қатар Сенат Спикері пар­ламентаралық байланыстарды одан әрі дамыту мен нығайтудың және Қазақстан мен Швейцария Парламенттерінде жұмыс істейтін ынтымақтастық топтары­ның қызметін жандандырудың маңызын тілге тиек етті. «Біз Швейцарияның парламентаризм саласындағы тәжірибесіне ерекше мән беріп отырмыз. Елімізде көппартия­лықты және пікір алуандығын дамыту жолында нақты істерді қолға алдық. Бұл ұзақ­мерзімді дамуды көздейтін саяси жүйенің тұрақтылығы үшін маңызды», – деді Сенат Спикері. Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев Қазақ­стан Парламенті Сенатының қызметіне, оның ішінде Мемлекет бас­шысының саяси жүйені демократия­ландыруға арналған реформалары мен бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету ісіне тоқталып өтті. Сұхбат кезінде өңіраралық өзара іс-қимыл перспек­тива­лары мен Қазақ­станның коронавирустың таралуына қарсы қабылдаған шаралары да сөз болды.

Ардақ СҰЛТАН