Ата Заң жайлы 7 дерек
Ата Заң жайлы 7 дерек
1,301
оқылды

Қазақстанның Конституциясы еуро­палық парламентаризм мен шығыстың дара билік үлгісінің озық дәстүрлерінен тұрады. Ол – Мемлекет басшысының ішкі және сыртқы саясаттағы жолбасшылығын және мемлекетті басқаруда шынайы билікке ие екенін білдіретін басшылық құзыреті. Сонымен қатар Парламентте де шешім қабылдауға өте үлкен мүмкіндік беретін өкілеттілік мол. Мұндай модельдің Қазақ­стан үшін қолайлы екенін уақыт көрсетіп отыр. Соның арқасында елімізде саяси тұрақтылық, қоғамдық келісім, экономикалық даму және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нәтижелі қорғауға кепілдік бар. Осы ретте, Ата Заңымыз туралы 7 деректі назарла­ры­ңызға ұсынамыз.

Еліміздің Негізгі Заңын жасасуға үш миллионнан астам қазақстандық азамат қатысқан екен. Конституциямыздың 1995 жылғы 30 тамыздағы жалпыхалықтық референдумда қабылданғаны белгілі. Ондағы процедуралардың ашықтығы мен заңдылығын 19 елден келген мыңдаған өкілі қадағалап отырды. Олар Ата Заңымызды қабылдау құрметіне елімізге келген Мажарстан, Мысыр, Ка­нада, Польша, Румыния елдерінен келген бақылау­шылар болатын. Осы кездегі Конституцияның жобасын талқылауға еліміз бойынша үш миллионнан астам адам қатысып, ел болашағы үшін маңызды құжат туралы пікір таластырған екен. Олардың арасында қарапайым азаматтармен қатар заңгерлер де, қоғам белсенділері де болды. Барлығы үш мың ұсыныс түскен болса, оның 1100-і Конституцияның мәтініне кірген. Елбасы қысқамерзімді еңбек демалысын алды. Конституцияны дайындауға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің өзі тікелей араласқан. Сол мақсатта ол екі апталық еңбек демалысын алып, шетелдік заңнамаларды терең зерделеген. Бұл туралы ол өзінің «Қазақстандық жол» кітабында жазған бо­латын. Жалпы, барлығы 20 елдің Конституциясын­дағы ережелер зерттеліп, жаңа Ата Заңымыздың 18 нұсқасы әзірленген екен. Бұл жұмыстардың барлығында Нұрсұлтан Әбішұлына елімізге танымал құқықтанушы жетекші ғалымдар, академиктер Юрий Басин, Салық Зиманов, Ғайрат Сапарғалиев, Майдан Сүлейменовтер көмектесті. Қазақстан Конституциясы француздық модель негізінде қабылданды. Ата Заңымыз билік үлгісі бойынша мықты пре­зи­дент және мықты парламент басқаратын фран­цуздық модельге ие. 2017 жылы қабылданған ре­формадан соң, президенттік республика үлгісі өзгер­тіліп, оның өкілеттігі парламент пен екі арада теңестірілді. Бұл үрдіске еліміз әуелден-ақ қадам басуды көздеген болатын. Енді бүгінде бұл екі билік тармағы бірдей дәрежеде жемісті жұмыс істеуі тиіс. Ата заңымыздың негізіне француздық модельден бөлек 1948 жылы қабылданған Адам құқығы жөніндегі жалпыға бірдей Декларация алынған. Бұл құжат әлемдегі барлық елдердің Конститу­циялары негізге алатын халықаралық акт болып саналады. Соған сәйкес Ата Заңымыздың үштен бірінен астамы осы Декларациядан алынған адам құқығы мен бостандықтарын қорғау туралы ереже­лерден тұрады. Бір сөзбен айтқанда, біздің Конс­титуция бүкіл әлем елдеріндегі басты құжаттар се­кілді барлық азаматтары бірдей құқыққа ие демо­кратиялық мемлекеттің кепілі болып саналады. Ел Президенті Қазақстан Республикасы Конс­титуциясына қолын қойып Ант береді. Әлемдегі әр елде инаугурация рәсімі әртүрлі ұлттық және мемлекеттік дәстүрлерге сәйкес өтетіні белгілі. Мәселен, кейбір көптеген елдерде Библияға қол қойып ант береді. Ал Қазақстан зайырлы мем­лекет болғандықтан, бізде Мемлекет басшысы Ата Заңымызға қол қояды. Мұндағы дәстүрдің мәні Пре­зидент заңға құрметпен қарайтындығын білдіреді. Ата Заңымыздың қазақшасында орыс тіліне қарағанда сөздер көп. Конституцияның мемлекеттік тілдегі нұсқасында 8 904 сөз бар болса, ресми тілдегі нұсқасында 7 168 сөз бар екен. Ал оның 98 баптан тұратынын мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ әркім білетін болар. Мұндағы ең ұзын бап – «Парламент» деп аталатын төртінші тараудағы 61-бап. Ал сөзі ең аз бап – «Адам және азамат» деп аталатын екінші тараудағы 38-бап. Қазақстан Республикасының Конституциясы – әлемдегі ең жас Ата Заңдардың бірі. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бірнеше мем­лекетке бөлініп, олардың бір мезгілде Конституция­ларын қабылдағаны белгілі. Ал біздің еліміз КСРО құрамынан ең соңынан шыққаны мәлім. Сол се­бепті де Қазақстан Республикасының Конститу­циясы – әлемдегі ең жас Ата Заңдардың бірі болып саналады.