Жайылым мұң бұл күнде
Жайылым мұң бұл күнде
303
оқылды

Бүгінде көпшілік ата кәсіпті дөңгелетуге ден қойған. Жыл өткен сайын төрт түліктің саны артып келеді. Алайда жайылым – өзекті мәселе. Облыс бойынша жайылымдық жердің жалпы көлемі – 35 миллион 302 мың гектар. Оның 14 миллион 207 мың гектары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне пайдалануға берілген. 12 млн 896 мың гектары – бос жатқан жер. Осыншама ұлан-ғайыр жер болғанымен, қарапайым жұрт жайылымға жарымай отыр.

Өзекті мәселе – мал бағымы

Мысалы, Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай ауылында да бү­гінде өткір де өзекті тұрған мәсе­ле – мал бағымы. «Қазақ ықылым заманнан төрт түлігін өргізіп, өні­мін қорек етіп, жан баққан халық. Алайда қазір малын Тәңірге тап­сы­рып, төрт аяқты ит-құсқа жем, ұры-қарыға оңай олжа қылып, қа­персіз жатқан қазақ арамызда жетіп артылады. Әсіресе, Ақтоғай ауылында. Солтүстік облыстардың шағын елді мекендерінің өзінде ша­шау шығып, өз бетімен босып жүрген түлік көрмейсің. Ауысым­мен арнайы мал бағатын бақташы, шопан, жылқышылары бар. Жа­лақылары да жақсы. Ақтоғай ауы­лында ондаған жылдың мұғдары болды, осы мал бағымын, оның ішінде, ірі қара малының бағымын ұйымдастыру әлі күнге шешімін таппай келеді. Бірнеше әкім ауыс­қанымен, осы проблеманың түйі­нін тарқата алмады. Жыл сайын ауыл әкімдігінде тұрғындардың басын қосқан жиын өтеді. Бірақ күлтөбенің басындағы жиындарда жергілікті билік пен ауыл тұр­ғын­дары әрі тарт та, бері тартпен ортақ мәмілеге келер түрі жоқ. Арнайы шарбақ құрып, ауыл аралап, көше кезген малды қамап та көрді. Одан да шыққан еш қорытынды мен нәтижені көрмедік», – дейді Ақтоғай ауданының тұрғыны Мүсіркеп Әлімжан. Айтар болсақ, ауыл тұрғында­рының 60-70 пайызы аула шаруа­шылығымен айналысады. Аспанға шапшып тұрған базар нарқына ауыл тұрғындары осы малдың ар­қа­сында төтеп беріп отыр. Айып­пұл салып, қатты қайырымға ба­руға, халық арасынан шыққан әкім­д­ердің дәті бармай отырғанын да аңдау қиын емес.

Бақташы да тапшы...

Ауыл аралап, көше кезіп кеткен жануарларға да кінә таға алмайсың. Жылдан-жылға аула малының саны артып, өріс те тарыла түскен. Соның салдарынан ауыл маңы азып, тозаңы шығып, тықырланып, тақырланып барады. Тұрғындармен кездесулер ба­рысында проблеманы шешудің түрлі жолдары қарастырылған. Соның бір нұсқасы – бойдақ ірі қара малдың бағымын, ауылдан аулақ әкетіп ұйымдастыру. Бірақ бақташы жоқ. Ол тұрмақ, Ақто­ғайдан ақы төлеп, қой кезегіне барып келетін адам таппайсың. «Бойдақ малды елді мекеннен аулақ шығарып бағу да бірлі-жа­рым адамның қолынан келе қоя­тын іс емес. Бір табынды кемі күн алмасып бағатын төрт бақташы ке­рек болады. Бақташының жала­қысын да ел жабылып төлер. Мә­селе сол табынды шашау шығармай бағып, ие болатын бақташы қайда? Ауылда екі қолға бір күрек тап­пай, ауданның жұмыспен қамту мекемесінде тіркеуде тұрған «жұ­мыс­сыздар» жетіп артылады. Өкі­нішке қарай, оларды мал бағуға зор­­лап шығара алмайсың. Қоғам­дық жұмыста жүргендердің басым бөлігі – әйелдер мен жастар. Атқа отырып, мал бағып көрмеген адам­ды «бақташылыққа бар» деп және қысай алмайсың. Бойдақ мал­дар­дың далаға бір кеткесін, ауылға қай­­та­тындары өте сирек», – дейді хат иесі. Өз қотырыңды өзің қасымасаң кім қасиды? Ауылдағылардың шы­рылдап жүргеніне бірнеше жыл. Ал мемлекеттік қызмет ардагері Ниханбай Омарханов болса: «Жал­ғыз Ақтоғай емес бұл мәселе бар­лық қазақ ауылдарының бас ау­руы. Көптеген ауылдар сол Ақто­ғай сияқ­ты фермаға айналып кетті, тәртіп жоқ, ауыл орталығында мал ұстаудың нормативі жоқ, кей­бі­реулер 100 деп жылқы, сиыр ұстай­ды, ауыл маңы қу тақырға айнал­ды, ауылда антисанитария, малды қазақ қазір «бинокльмен бағуға» көшкен. Сондықтан мұндай бас­сыздықтан құтылудың бір ақ жолы ЖКШ туралы заңды шұғыл қа­былдау ғана. Әйтпесе, ауылдардың бәрі фермаға айналады», – дейді Ауылдың жағдайын ауылдағы біледі. Жайылым жоқ болса, ауыл­да мал да жоқ болады. Оның арты жаппай елдің ауылдан кетуіне алып барады. Осы мәселені шешер күн жеткендей...

Қарқаралыда да осы мәселе...

– Ауылда жайылым мәселесі өте қиын. Айнала – егін, малдан қориды. Түссе, мал иесі айыппұл төлейді. Қала берді, жеке адамның меншігі. Не бізге бермейді, не өзі пайдаланбайды. Ал жыл сайын бір жерде оттай берген малдан қандай мол өнім алуға болады. Ол жердің өзі шаңы шығып, тозбай ма? Күн­делікті айран-сүтімізді осы малдан айырып отырғандықтан, ауылдағы басты мәселе – жайылым. Аудан әкімінің жыл сайынғы ауыл хал­қымен кездесуінде айтқанымызбен шешілмей келе жатқан мәселе осы, – дейді, Қарқаралы ауда­ны­ның тұрғыны Болат Мүсілім. Қарқаралы ауданында 62 елді мекен, 350 қыстақ бар. Ауданның жер көлемі – 3 547 236 гектар. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 1 737 250 гектар, оның ішін­де, жайылымдық жер 1 554 044 гектар. Жері мал шаруашылығын дамытуға қолайлы өңірдің біраз елдімекендерінде жайылымға де­ген сұраныс өте жоғары. Өзекті мә­селені оңтайландыруда бос жат­қан жерлерді тиімді пайдалану ша­расы қолға алынған. Ауыл­ша­руашылық жерлерін игермеу – жайылымдық жердің тапшылығын тудырып отырған бірден-бір фак­тор. Бұл орайда, аудандағы жа­уап­ты саланың мамандары жүргізген мониторинг нәтижесінде 72 ауыл­шаруашылық тауар өндірушінің 294 806 гектар жерді пайдаланбай отырғаны анықталған. Сонымен қатар 166 ауылшаруашылық тауар өндірушіге өздеріне тиесілі жалға берілген жерлерін дұрыс пайдала­нып, малдарын сол жерде бағып-ұстау қажеттілігі туралы хабарла­малар жіберген. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде 4 шаруа қожалығы 2 899 га жер учаскесін мемлекеттік қорға қайтарған.

«Қайыршыға жел қарсы»

Абай ауданы Ақбастау елді мекенінде «қайыршыға жел қарсы» дегендей, жайылымдық жер тап­шы болып тұрғанда, дала өрті әбі­герге салып қойды. Ауыл тұр­ғындары алда не боларын білмей дал. «Дала өртінің басталғанына бір жұмадан асты, өшіруге мүм­кіндік болмай тұр.Үлкенді-кішілі 7-8 шаруа қожалықтың жайы­лым­дық, шабындық жерлері және да­йындалған шөптер өртке оранды. Қолдан келгенше әрекет етіліп жатыр. ТЖ мекемесінің адамдары өрт сөндіргіш автокөліктерімен, ауыл тұрғындары жаппай жұмы­луда, бырақ тілсіз жау ырыққа кө­нер емес. Қырсыққандай, жел­дің екпіні қатты, күн ыстық. Өрт­тің көлемін тиісті орындар анық­тай жатар. Өте қиын жағдай. Жа­йы­лым тарылды. Қысқы мал азы­­ғы толық дайындалған жоқ. Қысқы жылқы тебіні қалай болары бел­гісіз. Негізі, дала өртінің тұтануы адамдардың жауапсыздығы, сал­ғырттығынан болатыны сөзсіз. Ал өртті сөндіруге келгенде дәрмен­сізбіз. Ауылды жерде дала өртін сөндіру үшін арнайы құралдармен жабдықталмаған. Ақбастау ауы­лына былтыр өрт сөндіргіш КамАЗ а/көлігі берілгенімен, орнынан қоз­ғалуға мүмкіндігі болмай тұр», – дейді ауыл тұрғыны Аспан­дияр Сейсенов.

Түйін. Қазақстан Республи­ка­сы Ауыл шаруашылығы минис­трінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі №3-3/332 бұйрығымен жайылым­дардың жал­пы алаңына түсетін жүктеменің шек­ті рұқсат етілетін жерлермен қамтылу көрсеткіші – 53%. Көрсеткіш көңіл көншітпейді. Яғни, ауыл шаруашылығы жануар­ларының 1 басына арналған жайы­лым алаңының нормасы жылқы ма­лына – 16,1 гектар, ірі қара мал­ға – 15 гектар, ұсақ мүйізді малға – 3,3 гектар.

Ауыл маңындағы азын-аулақ көкті талғажау еткен малдың бүйірі шыға қоймасы анық. Шынында да, шағын ауылда малдан басқа күн­көріс көзі жоқ. Қолда бар ірі қараны көңілге медет етіп отырғандардың «бас ауруы» – жайылым. Облыста осы жылдың 1 мамырындағы ста­тис­тикалық мәліметтер бойынша жеке қосалқы шаруашылықтарда 770 мың ірі қара, 470 мың жылқы, 1327,8 мың қой мен ешкі тіркелген. Жайылым тапшылығы – облыс бо­йынша ауқымды мәселе. Ел эконо­микасының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан агроөнеркәсіп кешенінің басты басымдығы – ауылшаруашылық саласын дамыту. Ал оны өркендетудің түпкі мәселесі жайылымда жатыр.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы