Қаңғыбас ит-мысықтан қайтсек құтыламыз?

Қаңғыбас ит-мысықтан қайтсек құтыламыз?

Қазақстанда жануарлар мүлдем қорғалмаған. Жа­­нуарларға жауапты қарау туралы заң әзірге жоба күйінде қалып отыр. Ит-мысыққа қатысты «иттік» жасаған адам­ды Қылмыстық кодекстің 316-бабы бойынша жауапкер­шілікке тарту қарастырылған. Бірақ полицейлердің айтуынша, бұл бап бойынша қылмыс жасалғанын дә­лелдеу, біріншіден, қиынның қиыны, екіншіден, қарас­тырылған жаза тым жұмсақ. Содан болар, төрт аяқты тіршілік иелеріне қатысты төбе шашымызды тік тұрғызар неше түрлі айуандық күнде дерлік жасалып жатыр.

Күні кеше Қостанайда итті қапқа салып, балғамен ұрғандар ұсталса, бұған дейін Петропавлда мас әйел 4-қабаттан итті лақ­тырып өлтіргені жарияланды. Ит-мысықтарды адамдардың ұрып-соққаны, азаптағаны жай­лы жаңалықтарды жиі еститін болдық. Адам алдында әбден қор­ғансыз жануарларды қорғау­мен тек волонтерлар ғана айна­лысады. Бірақ олардың қолдары қысқа, мүмкіндіктері шектеулі. Қылмыстық кодекстің жоға­рыда аталған бабына сәйкес жа­нуардың өліміне не мертігуіне әкеліп соқтырған әрекетін бұза­қылық ниетпен немесе балалар­дың көзінше қатыгездік жасаған адам 120 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді не­месе 120 сағаттық қоғамдық жұ­мыстарға тартылады не 30 тәу­лік­ке қамауға алынады. Петро­павлда спаниельді 4-қабаттан лақ­ты­рып өлтірген әйел 27 000 теңге айып­пұл төлеп құтылды. Сол­түс­тік Қа­зақстан облыстық Полиция де­партаментінің мәлі­метінше, одан басқа іс қозғал­маған. 3 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан иесіз ит-мысыққа ар­налған «Белый Бим» баспа­на­сының жетекшісі Екатерина Ко­ролеваның айтуынша, бәзбі­реу­лер тапа-тал түсте көшедегі иттің не мысықтың басын жарып, құлағын кесіп алса да, тіпті ел-жұрттың көзінше сойып, терісін сыпырып жатса да, ол үшін ешкім ешқандай жазаға тартылмайды. Үйінде төрт мысық ұстайтын Наталья Подкомаровская кейде көшедегі хайуанаттардың мүсәпір күйін көргенде жүрегі қан жы­лайтынын жасырмады. Даладан тауып алған бір мысығының көзін біреулер шұқып тастаған екен. Жанарының үңірейген орны ғана қалған соқыр жануарды ол 6 жыл бойы емдеуде. «Ота жасату үшін Ресейге апару керек, ал қазіргі пандемия жағдайында ол мүмкін емес», – дейді. Тағы бір марғауды қаңғыбас иттер талап жатқан жерінен құтқарып, үйіне алып келген. Петропавл тұрғыны Галина Дергачева өз ауласында бала­лардың қаңғыбас мысықтарды азаптағанын жиі көретінін ай­тады. «Мен бұл мысықтарға дү­кеннен азық сатып алып, ыдысқа сүт құйып беремін. Бір күні ба­лалар оларды ұстап алып азаптап, мазақтап отырғанын көрдім. Тен­тектерге айқайлап ұрса бастап едім, балалар алаңында отырған аналары келіп өзіме дүрсе қоя берді. Ұлдары не істеп жатқанын көрсе де, жайбарақат отырған әйелдердің бұл қылығына қайран қалдым», – дейді қария.

«АДАМДАРДЫҢ ӨЗДЕРІ КІНӘЛІ»

Жануарларға жанашыр кә­сіпкер, ит-мысыққа қызмет көр­сететін «Миледи» сән салонының иесі Ольга Веркулеева балаларға дұрыс тәрбие беру керек деген пікірімен бөлісті. «Кейде ата-ана­лар балаларға ит не мысықты ойыншық ретінде сатып әпереді. Бұл дұрыс емес. Олар ұрпақта­рының бойына жануарларға де­ген дұрыс көзқарас қалыптас­тыруы тиіс, бұл ойыншық емес екенін алдымен өздері түсінсе екен деймін. Ермек керек болса, тағы бала көтерсін», – деп қын­жылысын білдірді ит-мысықтың шаштаразы Ольга Веркулеева. Ол Петропавлдағы қаңғыбас ха­йуандарға арналған «Белый Бим» баспанасына үнемі қайырым­дылық көрсетіп, ақшалай, заттай қол ұшын созудан бір жалыққан емес. Баспанадағы жануарларға ол тегін қызмет көрсетеді. «Белый Бим» баспанасының жетекшісі Екатерина Короле­ва­ның айтуынша, мұндай жанашыр азаматтар, кәсіпкерлер, ветери­нар­лық клиникалар баршылық. Дегенмен қиындықтар да шаш-етектен. «Ең алдымен, жануар­лар­ға азық-түлік сатып алу оңай емес. Бар қаражат осы мақсатқа жұм­салады. Екіншіден, оларға арнал­ған торлар салып, оларды күтіп-ұстау қиын. Бұрын азық-түліктен артылған ақшаны тор салуға жұм­сайтынбыз. Биыл он­дай мүм­кіндік жоқ. Иттерді бір-бірінен бөлек, таза, ыңғайлы торларда ұс­таудың маңызы зор. Егілмеген төртаяқтыларды ұс­тау­ға каран­тиндік бокстар да керек.Үшін­ші­ден, жануарларға оба, құтыру, энтерит сияқты ауруларға қарсы екпе егудің, емдеудің, ұрық­сыз­дан­дырудың шығыны аз емес. Мем­лекет тарапынан қар­жы бө­лінбейді. Биыл әкімдік та­рапынан құрылыс материалдары түрінде бір реттік көмек көрсе­тілгеніне тәубе дейміз. Негізінен қалалықтар мен кәсіпкерлер ша­ма-шарқынша көмек көрсете­ді», – деген Ека­терина Королева үнемі жұрттан жылу сұрап, алақан жая беруден кейде жалығатынын жасырмады.

Қаңғыбас жануарлардың са­нын азайту үшін мемлекет оларды аулап, атуға жыл сайын қыруар қар­жы бөледі. Облыстық Ветери­нария басқармасының мәліме­тін­ше, биыл бұл мақсатқа 61,0 миллион теңге бөлінген. Бұл былтырғыдан 26 пайызға көп. Бұл қаржыға 15 500-ден астам қаң­ғы­бас ит пен мысықты аулап, кө­зін жою көзделсе, осы күнге де­йін 10 мыңнан астамы өлтіріліп, 39,9 миллион теңге игеріліпті. Бұл көрсеткіш те былтырғыдан екі есе артық.

Екатерина Александровна бірнеше батыл әйелмен күш біріктіріп, өз қаржыларына аш­қан баспанада қазір 500-ге жуық ит пен мысық бар. Әрқайсысының «тағдыры» әрқилы. Олардың адам қолынан қандай азап көргенін тыңдаудың өзі азап. Волонтерлардың пікірінше, мұның бәріне адамдар кінәлі. Көшеде қаңғыбас ит-мысықтың өріп жүргеніне де адамдарды айып­тайды. Қаңғыған иттер бала­лар мен ересектерге шабуыл жа­сап, талап тастаған жағдайлар да кездескен. Мұның да түп-төркі­нін үй жануарын қаңғыртып жіберген адамның қатыгездігінен іздеу керек деп есептейді олар.

«ОРТА ҒАСЫРЛАРҒА ТӘН НАҒЫЗ ЖАБАЙЫЛЫҚ»

Қаңғыбас жануарлардың са­нын азайту үшін мемлекет оларды аулап, атуға жыл сайын қыруар қар­жы бөледі. Облыстық Ветери­нария басқармасының мәліме­тін­ше, биыл бұл мақсатқа 61,0 миллион теңге бөлінген. Бұл былтырғыдан 26 пайызға көп. Бұл қаржыға 15 500-ден астам қаң­ғы­бас ит пен мысықты аулап, кө­зін жою көзделсе, осы күнге де­йін 10 мыңнан астамы өлтіріліп, 39,9 миллион теңге игеріліпті. Бұл көрсеткіш те былтырғыдан екі есе артық. «Бір қаңғыбас жа­нуарда аулап, жоюға орта есеппен 4 мың теңгедей қаржы жұмсалады. Бұл сомаға қажетті оқ-дәрі, жа­нар-жағармай сатып алу, жүргі­зушінің және ветеринар дәрігер­дің еңбекақысы, өлекселер мен биологиялық материалды жою шығындары енгізіледі. Иесіз жа­нуарлар iKomek бірыңғай бай­ланыс орталығына келіп түскен тапсырыстар немесе заңды және жеке тұлғалардың өтініштері бо­йынша ауланады. Мемлекеттік ветеринарлық ұйымдар ай сайын атқарған жұмыс туралы Ветери­на­рия басқармасына есеп бере­ді», – деді облыстық Ветерина­рия басқармасының ветери­на­риялық-санитариялық іс-ша­ралар бөлі­мінің маманы Баян Жұмабекова. Жануарларға жанашыр аза­маттардың пікірінше, бұл әдіс – орта ғасырларға тән нағыз жа­байылық. «Иесіз ит-мысықтарды қанша атып жатқанымен, олар азаюдың орнына көбейе түсуде. Бұл тығырықтан шығар жол емес екенін неліктен билік басын­дағылар түсінбейді? Неліктен біз­дің адамдар соншалықты қа­ты­гез? Жануарларды жақсы көр­мегені өз алдына, неге оларға қия­нат жасайды? Жануарларды ешқашан өлтіруге болмайды. Оларға көзқарасымызды өзгерт­пейінше, өркениетті елдер қата­ры­на енуіміз екіталай», – дейді «Фауна» жастар қоғамдық бірлес­тігінің волонтері Зоя Павликова. Волонтер Наталья Подкома­ров­ская да осындай пікірде. «Жа­нуар­ларға қатыгездік танытқан адам әйелдер мен балаларға да дәл сондай мінез көрсетуі мүмкін екенін ғалымдар дәлелдеген», – деп қосты ол. Қаңғыбас ит пен мысықтар­ға қарсы күрестің жалғыз ізгі жо­лы – ұрықсыздандыру. Оның өзінде ұрғашы мысық не ит тым болмағанда бір рет балалау керек деп есептейді олар. «Атуды доға­рып, ұрықсыздандыру мен чип­теуді қолға алу керек. Онсыз 30 баспана ашсақ та, мәселе шешіл­мейді. Көптеген өркениетті елдер қаңғыбас жануарларға қатысты туындаған қиындықты дәл осы жол­мен шешкен», – деген Екате­рина Королеваның пікірі барлық әріптестеріне ортақ. Олар жа­нуар­ларды атуға бөлінген қар­жыны одан да ұрықсыздандыруға жұмсап, ветеринарлық клиникаға теңдей бөліп беруді ұсынады. Сонда ғана бірнеше жылдан соң еліміз қаңғыбас жануарлардан құтылмақ. Зоя Павликова Германияда болғанында көшеде бірде-бір қаң­ғыбас ит не мысықты көзі шал­мағанын айтты. «Онда адам­дар хайуанаттарға мейірімді. Алған марғауын не күшігін бірден тіркеп, барлық екпелерін уақы­тылы салдыртады. Біздің адамдар қашан осындай деңгейге көте­ріледі екен?», – деп қынжылыс білдірді ол. Сұрап білгеніміздей, Германия – жануарлар құқығы Конституциямен қорғалған әлем­дегі алғашқы мемлекет екен. Әрине, жануарларға деген көзқарасты бір сәтте өзгерте салу мүмкін емес. Кез келген жерде қатыгездікті күнде көріп жүрген жас ұрпақтың бойында мейірім­ділік болсын ба? Ол үшін кейінгі толқынның бойына жануарлар әлеміне деген махаббат, ізгілік сезімдерін ұялатудың маңызы зор. Бұл ретте Петропавлдағы «Гулливер» балабақшасының «Протяни руку лапам» жобасы үлгі тұтарлық. Сондай-ақ мы­сық­тарды ұжым мүшесі ретінде ұстап отырған ұйымдар бар. Ондағы мақсат – анималотерапия, яғни қызметкерлерін жануарлардың көмегімен емдеу, күйзелістің ал­дын алу әрі әрине, егеуқұйрық пен тышқаннан қорғану. Волонтерлердің пікірінше, бұл мәселеге мемлекет тарапынан кө­ңіл бөлініп, тиісті заң қабыл­дан­байынша, түйінді шешу мүм­кін емес. Әзірге олардың мұң-за­рына құлақ асып жатқан ешкім жоқ.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы