Студенттер пәтер таппай жүр
Студенттер пәтер таппай жүр
229
оқылды

Онсыз да елімізде баспана бағасы қымбаттап жатқанда, қалаларда пәтер жалдау ақысы да күрт шарықтап кетті. Студенттер дәстүрлі форматта оқиды дегеннен, соңғы бір ай ішінде олар қалаға ағыла бастаған. Әсіресе, Алматыда жалға берілетін пәтер құны 2-3 есе өсіп, жұртты сарсаңға салды. Жатақханаларда орын тапшы, ал жастар мен ата-аналар қымбат пәтерді жалдауға қалталары көтермейтінін айтып отыр. Бұл қымбатшылықтың қолдан жасалғаны айдан анық. Бірақ студенттердің халін кім ойламақ?

Сұраныстың «көкесі» осы екен деп… 

Қазір бұл мәселе ушығып тұр. Әлеуметтік желіде жастар жап­пай наразылық білдіріп жатыр. Бірақ олардың пікірін орынсыз дей алмаймыз. Әрине, жаңа оқу жылы таяғанда студенттердің қалаға ағыларын біліп, пәтер жалдау құны қымбаттайтын әдет бұрыннан бар еді. Әйткенмен, бұл жолғы қымбатшылықтың жөні бөлек. Ел бойынша сту­дент­тердің ең көп тұрақтаған қа­ла­сы Алматыдағы бағаларды қарап, еріксіз жаға ұстайсыз. Пәтерді жалға беру жайлы жар­намаларды шолып отырып, осы­ны ұқтық. 2-3 жыл бұрын Алма­тыдан бір бөлмелі пәтерді 80-90 мың теңгеге жалдауға болатын. Табу аса қиындық тудырмайтын. Ал қазір құрығанда баға 150 мың­нан басталып, екі бөлмелі пәтерлер 200-300 мыңға дейін өсе береді. 20-30 мың теңге шәкіртақы алатын студенттер үшін мұның ауыр екені айтпаса да белгілі. Тағы бір мәселе – жал­дамалы пәтер бағасы үй жағ­дайы­мен мүлдем сәйкес келмей­ді. Қазір Алматының шеткі аудандарының өзінде жағдайы нашар 1 бөлмелі пәтер үшін айына 130 мың сұрап тұр. Оның үстіне, көп пәтер иелері «студент» десе ат тонын ала қашатын байырғы әдет тағы бар. Ал Бостандық, Медеу және Алмалы секілді аудандардағы бағалар олардан әлдеқайда қым­бат. Пәтер иелері мен риэлторлар мұның сұраныстан қалыптасқан жағдай екенін айтып ақталғандай болады. Бәрінің сылтауы – бая­ғы бір пандемия.

Карантин сылтауға айналып кетпеді ме? 

Осы күні кез келген саладағы қымбатшылықты «пандемия, ка­ран­тин» тәрізді сөздермен ұш­тастырып, ақтап алуға тыры­сатын әдет қалыптасып кеткен сияқты. Былтырғы оқу жылында студенттер онлайн оқыды, соған сай қаладағы пәтерлерге сұраныс та аздау болды. Енді жастар қа­лаға оралады дегеннен пәтер иелерінің араны ашылып кеткені сөзсіз. Шыны керек, елдегі пан­демия ешкімге оңай тимеді. Ал арман қуып, үлкен қалаға келген жастарға тіпті қиын. Мұндай жағдайда тек адамгершілік се­кілді құндылықтар мәселені ше­шетіндей көрінеді. Пәтер иелері өзге бизнес өкілдері сияқ­ты мемлекетке салық төлемей­тінін білеміз. Алайда «неге сонша баға шарықтап кетті» де­сек, жағдайдың қолдан жасал­ғанын аңғару оңай. Жоғарыда айтқандай, баға мен сапа бір-біріне пропорционал емес. Сарапшылар үй иелерінің жалға беру құнын жыл сайын тамыз бен қыркүйек айында көтеріп отыратынын айтады. Оның үстіне, студенттердің көптігі де бағаға әсер етеді екен. Бір анығы, 1 шаршы метрдің құны осы кезде 30 пайызға дейін өскен. Осы тұста мәселеге қа­тыс­ты жылжымайтын мүлік сала­сының маманы Нұрсұлтан Сафарғалиевтің пікірін білген едік. – Барлығы маусымдық сұ­ранысқа байланысты. Студент­тер қалаға келгеннен кейін үлкен мегаполисте сұраныс сөзсіз өседі. Тек студенттер емес, жұ­мыс істеуге келетін азаматтар бар. Құрылыс заттарының қым­баттағанын алға тартып, пәтер иелері бағаны көтереді. Ал риэл­торлықпен айналысатын ком­паниялар бағаны белгі­лемейді. Бағаны белгілейтін – үйдің иесі. Олар риэлторлардың ығына көнбейді. Айналып кел­генде пәтер жалдаудың қым­баттауы баспана бағасының шарық­тауымен байланысты, – дейді ол. Бұған жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесі де әсер еткендей. Еліміздегі жа­тақханалардағы орын санының қысқаруы осылай екінші проб­леманың шетін шығарды. Бірін­ші кезекте жатақханаға 1-курс студенттері орналастырылады. Одан кейін университет қабырғасында белсенділігімен көзге түскендерге орын тиеді. Сосын қалғандарының үлгергені алып, үлгермегені қалады. Сту­дент үйіне кіргізілмейтін тәлім­герлер пәтер жалдап тұруға мәж­бүр болатыны сөзсіз. 2019 жылы Үкіметте Білім беру мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдар­амасын бекіту жайы сөз болған еді. Сонда жатақханаларды орындармен қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың соңына қарай 75 мың орын пайдалануға берілетіні айтылған. Сол жылы 8 мың орын ашылған екен. Әйтсе де, былтыр пандемия болып, студенттер онлайн оқыған кезеңде жатақхана мәсе­лесі әңгімеге арқау болмай қал­ды. Студенттер санының көбейіп жатқанын ескерсек, бұл мәселе кезек күттірмеуі қажет. Қазір елдегі студенттерге жатақханадан қанша орын жетіспейтіні жайлы нақты дерек жоқ. Бірақ осы ағынмен жүріп, жағдай әр жыл сайын қайталана берсе, бір мәселенің айналасында шарқ ұрып жүре беретінге ұқсаймыз. Бүгінде студенттердің бұл жағдайға көндігіп, бірігіп пәтер жалдаудан басқа амалы жоқ. Шарықтаған баға алдағы бір-екі айда түсе қоймайтыны анық. Осылай үміт арқалап, қалаға аттанған студенттерге оқудан бұрын, баспана қайғы болып тұр.

Мадияр ТӨЛЕУ