Ағаш отырғызуға арналған геосервис
Ағаш отырғызуға арналған геосервис
251
оқылды

Жақында  Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде 2 млрд ағаш отырғызу бойынша интерактивті картаны таныстыру өтті. Бұл карта «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ инженерлері «Қазақ орман орналастыру кәсіпорны» РМҚК тапсырмасы бойынша әзірленді.

Президент 2020 жылы  1 қыркүйектегі  Жолдауында 2 млрд ағаш отырғызуды қамтамасыз етуді және осы жұмыстардың орындалу барысын бақылау үшін интерактивті карта әзірлеуді тапсырған-ды. Еліміздің орман қорларында ағаш отырғызу бес жыл бойы жүзеге асырылады. Яғни,   2021 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл акция іске асса, ел іші жасыл желекке оранады. Карта жайына келсек, онда ағаш отырғызу процесін мониторингілеу үшін әзірленген геосервисті таныстыру барысында оның мүмкіндіктері толық таныстырылды. Оның ішінде инспекторлардың жергілікті жерлерде картографиялық ақпаратты өз бетінше енгізуі арқылы көшет отырғызу туралы ақпаратты толтыру және көрсету бар. Бұл геосервис 14 облыс аумағында ағаш отырғызудың шолу картасын қамтиды. Жобаның негізгі пайдасы – Қазақстан аумағын көгалдандыру. Жерді қашықтықтан зондтау негізіндегі интерактивті карта халыққа мобильді нұсқада қолжетімді болады деп жоспарланып отыр. Барлық мүдделі тұлғалар, қоғамдық ұйымдар және еліміздің әрбір азаматы осы жұмысты бақылап қана қоймай, өз ұсыныстары мен ескертулерін уәкілетті органға жібере алады. Мамандардың айтуынша, интерактивті картада мекеменің, филиалдың және орман­шылықтың атауы (бар болса), орам, телім, гектардағы алаң, егу немесе отырғызу сараланып, ағаштардың тұқымы мен саны, бұрын отыр­ғызылған орман дақылдары туралы мәліметтер қамтылады. Түгендеу деректері бойынша тұқымдар бөлінісінде жалпы және өндіруші алаңдар, себу жылы, отырғызу материалдарының саны ескеріледі.  Бұл тізімге, сонымен қатар тұқым жинау, сатып алу және отырғызу материалын қазу туралы ақпарат кіреді. Жоба Экология министрлігінің оң бағасын алған. Қазір  деректерді әзірлеу және геопорталға жүктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айбике ЖАНАСЫЛ