Фейсбук-соғыс алаңы

Фейсбук-соғыс алаңы

Баяғыдаа, екінші дүние жүзілік соғыс басталарда Левитан былай  хабарлап еді ғой: «Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Фащистік Германия әскерлері таңғы  төртте СССР – ге тұтқиылдан шабуыл жасады!» Бүгінде былай хабарлағым келеді: «Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар, өсекшілер мен бейпіл ауыздар, қараулар мен қорқаулар, сатқындар мен жағымпаздар түнгі төртте фейсбуктегі постыма тұтқиыл­дан шабуыл жасады!» Мәселе хакерлер туралы емес, мәселе, этикаңды экскватормен талқан­дап, мәдениетіңді майдалап, құйқалап, адамгершілікті арбамен айдалаға апарып тастап, құқыңды қоқысқа лақтыра сала­тындар, әлеуметтік желіде желпініп, атойлап жүргенін таң қалам. Олар сенің кім екеніңде, кім болғаныңда жұмысы жоқ. Постыңызға «памперс» кигізбесеңіз, қараптан-қарап, ішіңіз өтеді. «Тамшы тасты бұзады» дегендей, артыңнан ызыңдай берген соң, фейсбукті жылы жауып, барса келмеске қашып кеткіңіз келеді. Ойбоой, фейсбук бүгінде үшінші дүние жүзілік соғыс алаңына айналды. Мұнда бірін-бірі көре алмайтындар, ақшасын бөле алмайтындар, сөзге тоқтап, уақытша өле алмайтындар шайқасы басталғалы қашааан! Жеке басқа шабуыл­даудың, заңмен қудаланатынына  пыс­қырып та, ысқырып та қарамайды! Небір адам айта алмайтын сөздерді құсып, жарқанат болып ұшып, кей­біреулерді тырнап, беттерін макияжбен сырлап, өтірік смайліктермен күліп, үретін жерлерде үріп, айтақтап, айқайлап, шешеден сыбап, енді бірі жылап, енді бірі данышпандай ақыл айтып, енді бірі көңілдесімен көрпе астында фб көрген соң, үйлеріне қайтып, талайлар сөзге таласып, түнімен айтысқан соң, кешке ғана жарасып, бір-бірінің жазбаларын скриншоттап, аузына келгендерін оттап, фейсбукте тоқал іздеп, «Миллионерсіз бе ағай, сіз?» деп, төсек жайлы шатпақтап, ұйқасы жоқ өлеңдерін тақпақтап,  желіде  сұмырай сұрақпен сабалап, әлдебіреуді фб-да табалап, эффектімен әрленген суретін «сұлумын» деп сала беріп, жігіттерді кірпігіне іліп, махаббатқа пара беріп, ал жігіттер, «сені сүйем!» деп, «Сен үшін фб-дағы отқа күйем!» деп, қысқасы, ұзын сөздің нұсқасы: Бірі-тот, бірі-щот, бірі -ашық, бірі-сасық, бірі-мылжың, бірі -ызың, бір-адам емес, рас, желі­дегінің бәрі  надан емес... Дегенмен, фб-дағы соғыс алаңында түтанған от әлі сөнер емес. –  Сен әбжылансың! – деп жазса Фбда. Жақсы көріп, қуанып кетіп: – Ия, әбжыланмын! – деп жаза салмайтын шығарсыз? Соңғы кезде жас жазушы, талантты жазушы Ая Мантайдың өзіне қол салып, о дүниелік болуына байланысты, Фейс­буктегі соғыс өрті одан сайы ушығып кетті. Бір жазбагер кезінде «Ақжүніс» бағдарламасымен көзге түскен Сәуле Әбединованың, Түркістан облысы ішкі саясат бөлімінің су жаңа бастығы Мәди Манатбектің, белгілі адвокат Абзал Құс­пан­ның суреттерін рұхсатсыз жариялап, оларды Аяның өліміне кінәлі әбжіландар деп жариялады. Олардың бұл жағдаятқа қандай қатысы бар, не жоқ екенінде шаруам жоқ, айтайын дегенім, олар туралы моральдық этикаға жатпайтын, ар-намыстарын таптайтын, мәдениеттен жұрдай сөздермен  адами құқықтарын бұзуға кім рұқсат берді? Соттың ролін ойнап, үкім шығаруға қалай барды?  Фейсбукті жас та, кәрі де оқиды, оқы­ғандарын тоқиды, тоқымаса, бір екі тістегендей шоқиды. Біз сонда жастарға қандай тәрбие беріп жатырмыз? Ойпырмай, Ая Мантай марқұмның әруағынан да қорықпайтындар осы үшеуін жерден алып, жерге салды. Ту-талақайын шығарды, жүндей түтті. Сөзбен сабалады, қай жерге баратын­дарын өздері ғана шамалады. Фейсбуктен сасық иіс шығып кетті, кейбіреулер өз пайдалары үшін, достарын да жығып кетті. Тағы да қайталап айтайын, мен бұл үштіктің жазушы Ая Мантайға қандай қатысы барына бас қатырмаймын! Оны құзырлы орындай анықтайды. Бұл солардың жұмысы. Бірақ ауыз , ауыз деген кейде жауыз екенін ұмытпайық та? Тіл мен жаққа сүйеніп, адамның жеке басына шабуылдау абырой ма? Әбжылан дегенді қойшы, осы үшеуін «жәлептер» деп жазған біреу болды. Масқара! Әне, біздің деңгейіміз! Осы сөзі үшін оны сотқа сүйреп, моральдық  шығынды өтеп алуға да болады.  Олар заңды білмейді. Білмеген соң, осындай оспадар жазбалар қалдырады. Ая Мантайдың өлімінен кейін парламент депутаты «Әлеуметтік желі» Кодексін қарауды ұсынды. Керемет! Депутат тұлғаның немесе азаматтың жеке басын сынауды емес, ол атқарып отырған жұмыстағы кемшіліктерді сынауды  алға тартты. Керемет! Бірақ, осы кодекс қа­был­данар болса, шенеуніктер өз жағдай­ларын ойлап, сөз бостандығын «тұтқын­дамаса» болғаны. Ал, Ая Мантай «Адамдар өзіне ұқсамаған адамдарды жерлеуге асығады» атты жазбасында: «Жаныңды кірлеткің келмейді, жан-дүниеңді барынша таза ұстағың келеді. Бірақ, бар болғаны пендесің. Жаның тым нәзік болса, тіпті қиын!  Жағымпаз адамдардан қашам. Қараймын, олардың жан-дүниесінде бір тыныштық бар. Олар жағымпаздығына тіпті де, арланбайды. Жағымпаздық қасиетімен ақша жасайды...» деп жазды. Жағымпаздар жайлаған, арамдар лай­лаған өмірде, шынында жанын кірлеткісі келмейтін адамдар моншаға қанша барса да, жан тазалығы,  кірі кетпейді. Ая, топырағың торқа, жатқан жерің жарық болсын!  Фейсбукте сенің айналаңда өршіген көбік сөздер үшін кешірім сұраймын!

Лара МАНҚЫЗЫ