СҚО-да Сібір жарасы індеті анықталған жайылымдар 15 күн карантинге жабылды
СҚО-да Сібір жарасы індеті анықталған жайылымдар 15 күн карантинге жабылды
Сурет: ilyessuti
485
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын сиыр етінен Сібір жарасын жұқтырып, ауруханаға түсті. Ол малды сойған кезде ауру жұқтырып алған. Қазірдің өзінде екі ірі қара малдың күйдіргімен ауырғаны белгілі болып отыр. Індет Ақжар ауданы Горький ауылындағы шаруа қожалығында анықталды, – деп хабарлады 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
"Ауру ошағында байланыста болған 57 адам анықталып, медициналық күнделікті бақылауға алынды. Күнде клиникалық тексеруден өтіп, 2 рет дене температурасы өлшенеді. Тері қабыршықтары қаралып, бақылауда болады", – дейді СҚО Санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Толқын Кәженова.
57 адамның бәрі індет ошағы анықталған шаруа қожалығында жұмыс істейді. Мамандар олардың ауру малдың етін азық ретінде пайдаланып, Сібір жарасын жұқтырып алуы мүмкін екенін айтады. Ал ауруханаға түскен азамат қолының ісіп, ауыра бастағанын айтып шағымданған. Ер адамның қол терісінің түсі өзгеріп, жара пайда болған. Шаруа қожалығында жұмыс істейтін азамат малды бауыздап, етін бөлшектеген кезде қолына қан тамғанын айтқан. Қолына арнайы қолғап кимегендіктен, ауру сиырдан сібір жарасын жұқтырып алыпты. Одан бөлек, тағы бір сиыр күйдіргі ауруынан өлген. Бірақ мал дәрігерлері ірі қара малдың індетті қайдан және қалай жұқтырғаны әзірге белгісіз екенін айтып отыр. Әлемде Сібір жарасының адамнан адамға жұғу деректері тіркелмеген. Сондықтан ауру жұқтырған адам қоршаған ортаға ешқандай қауіп келтірмейді.
"Індет анықталған "Ақ ниет агро" және "К" серіктестігінің жайылымдық алаңы 15 күн карантинге жабылды. Инфекцияның ошағын табу үшін су мен топырақтың сынамасы ұлттық орталыққа жіберілді", – дейді СҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Олжас Болыспаев.