Алматы облысында тасжолда бір адам көз жұмды
Алматы облысында тасжолда бір адам көз жұмды
Сурет: ru.taldykorgan-online.kz
222
оқылды

Алматы – Көкпек – Көктал тасжолында автобус жеңіл көлікпен соқтығысып, салдарынан бір адам қаза болды. Тағы біреуі ауыр жарақатпен ауруханаға түсті, – деп хабарлайды Sputnik Қазақстан

Жантүршігерлік жол апатының видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Кадрдан жеңіл автокөліктің күл-талқаны шығып, бөлшектеніп қалғанын көруге болады.
Алматы облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратынша, апат 26 тамыз, бейсенбі Алматы – Көкпек – Көктал тасжолының 154 шақырымында болды. Yutong маркалы автобустың жүргізушісі ұзақ бұрылыста қарсы бетке шығып кетіп, 43 жастағы ер адам басқарған жеңіл көлікпен соқтығысқан.
"Жол апатынан "Меrcedes-Benz" жүргізушісі көз жұмды, ал көлікте отырған жолаушы түрлі жарақатпен Шелек ауылының орталық ауруханасына жеткізілді", – деп мәлімдеді полициядағылар.
Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды.