Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойды. Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылды.
Азаматтық қорғау полковнигі Мейіржан Айманов Қорғаныс министрлігінің № 28349 әскери бөлімі аумағында оқ-дәрілер жарылысы салдарынан болған қайғылы оқиғада қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапты. Ол өзінің кәсіби, сауатты іс-әрекеті мен жеке қайсарлығының арқасында оқиға орнына жақын орналасқан 3 елді мекеннің 710 тұрғынын Тараз қаласына эвакуациялады.
Фото: inform.kz