Ерлікпен қаза тапқан азаматтардың әрқайсысы марапатқа лайық  – Бердібек Сапарбаев
Ерлікпен қаза тапқан азаматтардың әрқайсысы марапатқа лайық  – Бердібек Сапарбаев
238
оқылды
Байзақ ауданында болған өрт пен жарылыстан қаза тапқан әскери қызметкерлердің жақындары мен туыстарына мемлекеттік наградалар табысталды. Іс-шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрі қатысты. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімдігі хабарлады. Алдымен жиынға қатысушылар апаттан қаза болған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
"Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған марқұмдардың отбасына көңіл айту жеделхатын жіберді. Бұл жағдайды әрбір қазақстандық орны толмас өкініш ретінде қабылдап, өздерінің қазаға ортақ екенін білдіруде. Мемлекет басшысының 2021 жылғы 28 тамыздағы №210 өкімімен 29 тамыз жалпыұлттық Аза тұту күні болып жарияланды.
Күні кеше Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы» үшін Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы қаулыға қол қойды. Ерлікпен қаза тапқан азаматтардың әрқайсысы марапатқа лайықты», – деді Б.Сапарбаев. Жиын барысында өңір басшысы «Халық қаһарманы» Мейіржан Аймановтың құрметіне ескерткіш қойылатын айтты.
– Ұлымның құрметіне ескерткіш қойғаны дұрыс. Кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болары анық. Ұл-қыздары әкесінің ерлігін мақтан тұтады. Ендігі артында қалған ұрпағы аман болсын! – дейді Мейіржан Аймановтың анасы.  width=– Ерлікпен қаза тапқан азаматтар мәңгі жадымызда. Бауырым  Мейіржанның еңбегін жоғары бағалап, «Халық қаһарманы» атағын беріп отыр. Осы тұста Мемлекет басшысына алғыс айтамыз. Бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, – деді марқұмның бауыры.
Сонымен қатар Бердібек Машбекұлы,  Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери басқармасына барып, төтенше жағдай кезінде қаза тапқан №28349 әскери бөлімінің ведомстволық күзет командасының атқышы Оразбек Дәлібаевтың жары мен ұлына III дәрежелі «Айбын» орденін тапсырды.  width=– Әкем әрдайым Отан алдындағы міндетін ең бірінші орынға қоятын еді. Күні кеше орын алған жарылыс кезінде де алдыңғы қатардан табылып, басын бәйгеге тікті. Елін, жерін шын жүрегімен сүйетін әрбір азамат солай жасайды деп ойлаймын. Сондықтан әкемді әрдайым мақтан тұтамын. Бала кезімнен әкеме ұқсап өсіп, әскери сала қызметкері болуды қаладым. Бүгінгі таңда Атырау қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5546 әскери бөлімінде қызмет атқарамын. Болашақта әкемнің жолын жалғап, елімнің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек еткім келеді, – деген Жандос Оразбекұлы әкесінің ерен еңбегін бағалаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс әкіміне алғысын білдірді.