Қызылордадағы жол апаты: жедел жәрдем қызметкерлері қаза тапты  
Қызылордадағы жол апаты: жедел жәрдем қызметкерлері қаза тапты  
Фото: kurieronline.ru
290
оқылды

Оқиға Қызылорда қаласында болды. Бұл туралы Қызылорда қалалық Полиция басқармасы хабарлады.

Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, бағдаршамға тоқтап тұрған жедел жәрдем көлігін соққан.

«Жол-көлік оқиғасынан екі адам ауруханада көз жұмды. Тексеру барысында Toyota Land Crusier автокөлігінің жүргізушісі орта дәрежедегі масаң күйде болғаны анықталды. Ол 2016 жылғы қараша айында Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен 5 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабының 6-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», – деді полицейлер.

Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі Қызылорда қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

№5 емхана ұжымы фельдшер Жадыра Омарова және жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Бақытжан Маенов қызмет бабында қаза тапқанын хабарлады.