Батыс Қазақстан облысында қыз алып қашқандар автокөлікпен жылқыға соғылып, 4 адам жансақтау бөліміне түсті, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Оқиға 30 тамыз күні Бөрлі ауданында болды. Шамамен сағат 22.30-да Пугачев ауылы маңындағы Бөрлі-Ақсай-Жымпиты жолының 27-шақырымында 1999 жылғы жүргізуші Lada Priora автокөлігімен 3 жылқыны соғып кетті.
Зардап шегушінің айтуынша, олар қыз алып қашып, Оралдан Ақсай қаласына бара жатқан.
Жол апаты салдарынан 5 адам зардап шекті. Соның ішінде төртеуі жансақтау бөліміне, біреуі хирургиялық бөлімшеге жатқызылды.
БҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, жол апатынан зардап шеккен екі автокөлікте 11 адам болған. 2001, 2002 және 2003 жылғы қыздар, сондай-ақ, 2003 жылғы жігіт жабық бас-ми жарақатын алып, милары шайқалған, денелері көгерген. Төртеуі де жансақтау бөлімінде жатыр. Жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған, оған қоса мойын бөлігі сынған 1999 жылғы жігіт хирургиялық бөлімде. Денелері көгерген 1999, 2000, 2002 және 2003 жылғы екі жігіт амбулаторлық ем алуға жіберілді. 2000 жылғы жігіт дәрігерге қаралудан бас тартты.