Былтыр Қарағанды облысында өндіріс орындарындағы қайғылы оқиғалар саны 40%-ға артқан. 2020 жылы 213 қайғылы оқиға тіркелсе, оның алдыңғы жылы 152 жағдай болған екен. Осындай оқиғалар салдарынан зардап шеккендер де артып отыр, 260 адам жарақаттанып, 35 адам қайтыс болыпты. Еңбек заңнамалары нормаларының орындалуы, еңбеккерлер құқығының сақталуы туралы Қарағанды облыстық Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың басшысы Ирина Любарская баяндады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болғандай биыл алты айда 112 қайғылы оқиға тіркелген. – Былтыр бұл уақытта 95 оқиға болған, – дейді Ирина Любарская. – 139 адам жапа шексе, 18-і қайтыс болды. Барлық көрсеткіштер бойынша өсім байқалады. Қарағанды – өндірістік өңір. Еңбек инспекциясы тексеріс кезінде өндіріс жарақаттарына және оның себептеріне баса назар аударады. Қайғылы жағдайлардың себептерін анықтау бойынша жасалған зерттеулер жұмыс берушінің кінәсінен болатынын көрсетті. Жұмыс беруші жұмыс өндірісін дұрыс ұйымдастырмайды, яғни болуы мүмкін тәуекелдердің алдын алуға қам жасамайды. Ал жұмыскерлердің қауіпсіздік шараларын сақтауға жауапты адамдар өз міндетіне олқы қарайды. Жұмыс орындарында қауіпсіздік техникасына жауапты қызметті кәсіби талаптарға сай келмейтін адамдар орындайды. Бұл көбінесе құрылыс саласында болады. Жұмыс берушілер құрал-жабдықтарды жаңарту ісіне, еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесіне көңіл бөлмейді, сондай-ақ кәсіби мамандарды қамту да ақсап жатады. Қайғылы жағдайлар тәуекелі еңбек өтілі 3 жылға дейінгі жас мамандар арасында болады. Басшылық тарапынан бақылаудың жоғы, тәлімгерліктің болмауы, нұсқаулықтың болмауы себебінен болады. Қайғылы оқиғалардың 57%-ы 55 жастан асқан жұмыскерлер арасында болады. Олар өздерінің тәжірибесіне сенгенімен, олардың арасында да мұндай жағдайдардың тіркелетінін деректерден білуге болады. Сонымен қатар жұмыс берушілердің барлығы дерлік ауысым алдында жұмыскерлердің денсаулығын тексермейді. Брифинг барысында басқарма басшысы жұмыс орындарындағы қайғылы оқиғалар мен еңбек ауруларының өздігінен пайда болмайтынын және олардың себебі болатынын атап өтті. – Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші еңбек бойынша уәкілетті тұлғаға өндіріс орнында болған қайғылы оқиға жөнінде бір тәулік ішінде хабар беруге міндетті. Алайда осындай оқиғаларды уақытында айтпаған жағдайлар анықталды. Сонымен қатар жауапты лауазымды тұлғалар мен денсаулық сақтау мекемелері де жұмыс орнында қандай да бір жарақат алған барлық жағдайлар бойынша жұмыс берушіні және жергілікті еңбек инспекциясы органын хабардар етуге міндетті, – дейді спикер. Бүгінде Денсаулық сақтау басқармасымен тығыз қарым-қатынас орнаған. Мәлім болған әр факті жіті қадағаланады. Тіпті, сол кезде еңбек орнындағы жарақатты жасырса да, жұмыскер біраз уақыттан кейін ауыруы мүмкін. Яғни, тұрмыстық жарақат ретінде қаралған іс қайта зерттеледі. – Былтыр полиция органдарына 286 қайғылы оқиғаның зерттеу материалы жолданды. Онда қайғылы оқиғаға жауапты тұлғалардың әрекеті немесе әрекетсіздігі көрсетілген. Онда 40 қылмыстық іс тоқтатылды, қалғандары өндірісте. Биылғы алты айда осындай 122 материал жолданды, – деп атап өтті И.Любарская.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы