Ауызсу мәселесі әлі де өзекті. Суға жарымай отырған елді мекендер де жетерлік. Кей ауылдарда әлі күнге ауызсу сағаттап беріледі. Неге? «Ақ бұлақ» бағдарламасынан нәтиже шықпағаны ма? Ауыл халқының 50 пайызы неге ауызсумен қамтылмай қалған?
Министр Бейбіт Атамқұлов Үкімет жиналысында елді 2025 жылы 100% қамтамасыз етеміз деп уәде етті. Министр жыл сайын ауызсуға 100 млрд теңге бөлінетінін айтты. Бірақ сол ақшаның қайда жұмсалып жатқанын жан білмейді. Сондай-ақ біз мұндай уәденің талайын естігенбіз, 2002-2010 жылдары «Ауызсу» мемлекеттік бағдарламасы, 2011-2020 жылдары «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы, оның арасында 2003-2005 жылдары «Ауыл», одан кейін «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы жүрді, оның бәрі ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға, соның ішінде ауызсумен қамтамасыз етуге арналған еді, бірақ ешқандай бағдарламаның берекесі болмады. Қазақстанда әлі күнге дейін ауыл халқының 50%-ы ауызсумен қамтылмаған. «Ауызсу» бағдарламасы 2002 жылдың 23 қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша басталды. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 335 миллиард теңге бөлінген. Оның 195 миллиарды алыстағы ауылдарды ауызсумен қамтамасыз етуге, 140 миллиарды қалалық жерлердегі ауызсу мәселесін шешуге арналған. 2010 жылы «Ауызсу» бағдарламасы тоқтап қалды. Сөйтіп, бағдарлама түпкілікті мақсатына жеткен жоқ. Республикадағы 7 002 ауылдың 3 849-ы, яғни ауыл халқының 40 пайызы ауызсуға зәру қалпында қалды. Бағдарламаға бөлінген қаржының «дөкейлердің өңешінен өтіп кетуі» үлкен шуға ұласты. 2011 жылы «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасын жариялады. Сол арқылы қала мен ауылды сапалы әрі таза ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланған. Аталған бағдарламаны қаржыландыруға 2011-2020 жылдар аралығында даму институттарының, су шаруашылығы ұйымдарының, отандық және шетелдік инвестициялардың және мемлекеттік бюджет есебінен 951 490 300 миллион теңге қаражат жұмсалды. «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2020 жылға қарай қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтау деңгейін 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Бірақ бұл жоспар да жүзеге асқан жоқ. Қазір қалалар 96%, ал ауылдар 59% сумен қамтылған. Бұл ресми статистика, ал шын мәнінде жағдай одан да сорақы болуы әбден мүмкін.10 жылдық бағдарламаға бөлінген 900 миллиардтан астам қаржының жоспар бойынша жыл сайын 90 миллион теңгесі жұмсалуы қажет. Сол қаражаттан «өз сыбағасын» құр жібермейтін кейбір шенеуніктер алғашқы бес жылдықта-ақ қаржы толы қоржынға суық қолдарын салып үлгерген. 2012 жылы Сенаттың кезекті отырысында Үкімет өкілдерінің өздері бағдарламаның өте сауатсыз жасалғанын, ауылдық өңірлерді ауызсумен қамтамасыз етудің орнына қазынадан бөлінген қаржыны рәсуа етіп, тендерді жеңіп алған мердігерлердің былық-шылықтарын жайып салды. Осы жиында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішев: «Біздің көршіміз Өзбекстан Республикасы ауылдық жерлердегі елді мекендерін қазірдің өзінде 98 пайыз ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Жалпы, ауызсу проблемасын айтып келе жатқанымызға он жылдай уақыт болды. Бірақ ең өкініштісі, бүгінде біз сол мәселені толығымен тындыра алмағанымыз өз алдына, алға қойған мақсатқа да жете алмадық. Оған осы отырған біздің бәріміз де кінәліміз. Біздің кемшіліктеріміз мынада: сапасыз жасалған жоба, сапасыз жүргізілген құрылыс, су жүйелерін сапасыз пайдалану. Біз 2020 жылға дейін қай ауылда қандай нысан салынатынын алдын ала білуіміз керек. Ал біз болсақ, тек алдағы үш жылға арналған жоспарды ғана білеміз», – деген болатын.Кейін бұл кісінің өзі сотталып кетті, ақша ұрлады ма, ақша ұрлаушыларға бөгет болды ма, ол жағын тап басып айта алмаймыз. Бір анығы – «Ақбұлақ» ауыл халқын жарылқамады. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша болған кемшіліктерді құқық қорғау қызметкерлері тексеріп, анықталды, әлі күнге дейін беті ашылып жатыр. Өткен жылы Жамбыл облыстық прокуратурасы өңірде бағдарламаның негізгі мақсаттарының орындалмауы, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, қомақты қаржыға салынған сумен жабдықтау нысандарының тиісінше жұмыс істемеуі, есептегіш құралдарымен жабдықтау бойынша ешқандай шаралардың атқарылмағанын әшкереледі. Облыстық прокуратураның дерегінше, жергілікті билік 208 елді мекенді ауызсумен жабдықтағандарын хабарлағанмен, іс жүзінде 168 елді мекен ғана орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген екен. Ал Алматы облысы бойынша 85 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етіп, су жүйесін қайта қалыпқа келтіру үшін 14 миллиард 500 миллион теңге бөлінген екен. Бірақ жоспарланған 85 нысанның тек 43-і ғана суға қосылған. Қарағанды облысында «Ауызсу» бағдарламасы аясында 250 жоба қолға алыныпты. Оның 30-ы өз уақытында жүзеге асырылмады. 2002-2010 жылдар аралығында іске қосылмай қалған 15 жоба «Ақ бұлақ» бағдарламасына ауыстырылды. Бірақ жаңа бағдарламаның негізінде сол 15 жобаның тек үшеуі ғана толық аяқталған. Оның өзінде су құбырлары сапасыз тартылып, көп жерлерде қайта істен шыққан. Тіпті, Бұқар жырау ауданындағы Дубовка ауылының тұрғындары әлі күнге дейін ауызсудан қаңсып отыр. Теміртау қаласындағы АБВ кварталы мен Соцгородок су құбырының жұмысы да тоқтап тұр. Мамандар жобаны жасау кезінде су құбырын тұрғын үйлерге қосуды ұмытып кетіпті. Осының кесірінен 3 250 тұрғын талай су құбырын пайдалана алмай отыр. Сондай-ақ Ақтөбе облысындағы 411 елді мекеннің 109-ында ғана су құбыры орналастырылған. Оралдың Жымпиты мен Үленті ауылдарына «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша су тартылып, ауыл тұрғындары бөркін аспанға атып қуанған. Алайда жаз маусымы басталысымен тұрғын үйлерге тартылған су жетпей, халықты қайта әбігерге түсірді. Қазір ауыл тұрғындары суды тасып ішіп жүр. Сондай-ақ Оңтүстікте де былық көп: Сарыағаш ауданына су кіргізу үшін жұмсалуы тиіс 10 миллион теңге ысырап болған. Ол олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекет қазынасынан тағы да 100 миллион теңге бөлініпті. Жалпы, Оңтүстік Қазақстан бойынша «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 12,5 миллиард теңгенің жобасы өз уақытында орындалмапты. Сөз соңы. Сырттан келетін суды ала алмай отырған азусыздығымызды айттық, ішкі сумен жабдықтау бағдарламаларының шалағайлығын айттық, енді қалғаны жерасты сулары еді, оны да құртып жатқанын естіп, таңғалдым. Құдды, Қазақстанды сусыз қалдыру үшін біреулер арнайы диверсия жасап жатыр ма деген ой келеді. Мәжіліс депутаты Қарақат Қаркен 2050 жылы Қазақстанда су тапшылығы үш есе артатынын ескерте келіп, жерасты суларын мұнай өндірушілер ластап жатқанын, оның болашақта үлкен апат әкелетінін айтып дабыл қақты.
Дәулет АСАУ