Ұстаздар мен оқушылар 1,5 жыл үзілістен кейін Білім күнін мектепте қарсы алады. Пандемияға байланысты көңілде күдік болса да, көпшілігі мектепке баратынына риза. Өйткені 1 қыркүйек алдындағы қарбалас, жаңа оқу жылына дайындық ата-ана мен балаға алабөтен қуаныш сыйлайтыны анық. Оның үстіне, биыл 1-сынып оқушылары «Әліппемен» қайта достасып, «Ана тілін» парақтайтын болды.
Біріншіге барамын
Биыл 3,6 миллионға жуық оқушы мектепке барады. Оның ішінде 380 мыңнан астамы 1-сыныпқа қабылданады. Мектептегі Білім күні іс-шарасына келсек, тек 1-сынып оқушылары үшін арнайы жиын өтеді. Қалған 2-11-сынып оқушылары үшін сынып сағаты ұйымдастырылады. Айталық, жаңа оқу жылының біршама ерекшелігі бар. Біріншіден, мектептер түгелдей санитарлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Екіншіден, білім ошақтары Ashyq жүйесіне қосылған. Үшіншіден, оқушылар бастауыш, орта және жоғары сынып деп үшке бөлінеді. Бұл қалай десеңіз, әр топтың кіреберісі, үзілісі мен асханаға бару уақыты белгіленген. Мысалы, Алматы мектептерінде бастауыш сынып екінші сабақтан кейін, орта және жоғары сынып үшінші мен төртінші сабақтан кейін асханаға барады. Әрқайсысына 20 минуттан үзіліс беріледі. Мектепке кіріп-шығу да осы тәртіппен жүзеге асады. Сондай-ақ еліміздің барлық өңірінде баласын онлайн форматта оқытқысы келетін ата-аналардың өтініші қабылданып жатыр. Бірақ нақты саны әзірге белгісіз. Иә, ата-ана үшін баласының мектепке барғаны ерекше қуаныш. Осыған орай халық саны тығыз орналасқан аймақтарда 1-сыныпқа баратын оқушы саны көп. Мәселен, Алматы облысында 47 мың бала мектеп табалдырығын аттаса, Шымкентте 25 мың, елордада 24 мың оқушы біріншіге барады. Соның ішінде Нұр-Сұлтан қаласындағы контингенттің жыл сайын өсіп жатқаны тағы бар. Мысалы, өткен оқу жылында мектепті 7 мыңнан астам түлек бітірсе, жаңа оқу жылында 24 мыңға жуық оқушы 1-сыныпқа қабылданады. Жыл сайын мектеп табалдырығын аттаған оқушылардың саны түлектер санынан 3 есе асады. Осылай жалғаса берсе, 2030 жылға қарай Нұр-Сұлтандағы мектептерде 400 мыңға жуық оқушы білім алады. Әрине, бала санының көбеюі мектеп салу ісіне тікелей әсер етеді. Қала әкімінің айтуынша, биыл шаһарда 15 жаңа мектеп бой көтереді. Яғни, 40 мыңнан астам оқушыға орын бар. Құрылыс сәтімен аяқталса, 2020 жылмен салыстырғанда жаңа мектеп саны 2 есе көбейеді. Мәліметке мән берсек, жаңа мектептерде айтарлықтай өзгешелік болмақ. Мәселен, оқушылар IT және STEM кабинеттерде оқушылардың 3D форматта объект жасап, ғылыми-техникалық білімін практикада қолдана алады. Инклюзия, педагогикалық-психологиялық түзету кабинеттері де қоса жұмыс істейді. Осылайша, алдағы 5 жыл ішінде елордада бас-аяғы 67 мектеп салу жоспарда тұр. Сонымен, 205 мың оқушысы бар Нұр-Сұлтан қаласында мұғалімдердің 99,7%-дан астамы, техникалық қызметкерлердің 98,9%-ы екпе алған. Барлық білім беру ұйымдарының Ashyq жүйесіне қосылғаны тағы бар. Елордадағы Білім басқармасының басшысы мектептердің жаңа оқу жылына сақадай-сай екенін айтты. «Дезинфекциялық іс-шаралар, ылғалды тазалау, үй-жайларды желдету және кварцтау, термометр, күнделікті әлеуметтік қашықтық, мектеп мұғалімдері мен техникалық қызметкерлерді вакциналау, ауысымдық оқу процесін ұйымдастыру, асхананың, медициналық кабинеттердің жұмыс режимі және бетперде режимін сақтау жүргізіледі. Барлық білім беру ұйымдары санитарлық талаптарға сәйкес дезинфекциялық құралдармен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген», – деді Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігерінің орынбасары Жанна Пірәлиева.Кварц сатып алу және акция
Мектептегі дезинфекция шарасы да әлеуметтік желіде талқыға түсті. Өйткені ауыл-аймақтағы мектептерге, оның ішінде әр сыныпқа кварц, термометр, шелек, дозатор сатып алу жүктелген. Әрине, мұғалімдер мұның бюджеттен бөлінетінін айтса да, басшылық ата-аналардан ақша жинауды талап еткен. Алайда орынбасарлар ата-аналардың әлеуметтік желімен жақсы дос екенін естен шығарған сыңайлы. Сол-ақ екен антисептикке дейін сатып алуға міндеттеген сома көрсеткіші жазылған қағаз желіні шарлап кетті. Осыдан кейін Білім басқармалары жауаптыларға қоңырау шалып, жинаған ақшаны таратып беруді тапсырған тәрізді. Осыдан-ақ ата-аналардың «мектеп басталды дегенше, ақша жинау басталды дей бер» деген сөзі еске түседі. Кварцқа ақша жинаудан кейін елді елең еткізген оқиға – мектепке дайындық акциялары. Түркістан облысының тұрғыны Ләззат Асанова Facebook желісінде аз қамтылған отбасы балаларына жыртық аяқкиім, үлкен өлшемдегі костюм-шалбар таратылғанын жазды. Айлуна Бүркіт есімді ата-ананың айтуынша, 7-сынып оқитын ұлына 52 өлшемдегі костюм-шалбар берген. Ақ көйлектің өлшемі болса, 1-сынып оқитын баланың өлшемімен бірдей. Жауаптылар оған «Басқа жоқ, алсаң да, алмасаң да аласың» деген. Онымен қоймай «Өлшемі келмесе, той-томалаққа апара саласыз» деп «демеу» көрсеткен. «Қаржы бөлуін бөледі, бірақ жауапты адамдар ретін келтіре алмайды. 40 жыл ұстаздық тәжірибемде үнемі осындай келеңсіз жағдайды көріп келемін. Оқушыларға киім таратарда комиссия мүшесінде боламын. Жылдар бойы таратылатын киім сапасыз, оқушыларға шақ емес үлкен өлшемді киімдер, сапасыз күртелер, иісі шығып тұрған нашар аяқкиімдер келеді. Кейде тіпті әкелеріне шақ аяқкиімдер келгенін көрдік. Талай рет жиналыстарда «бөлінген ақша баланың ата-анасының жеке есепшотына аударылсын» деп ұсыныс айттым. Бұған назар аударып жатқан ешкім жоқ», – деген еді ұстаз Қадиша Елеунұрова. Иә, мұндай жағдай еліміздің кез келген өңірінде кездеседі. Бірде Нұр-Сұлтан қаласында тұратын көпбалалы ата-ана хабарласып, киім алуға талон бергенін, алайда акция жарамды дүкендердегі киімдердің сапасы нашар екенін жеткізген. Осылайша, мектепке баратын төрт баласына талон жарайтын дүкендерден іліп алар киім таппай қайтқан. Үкімет қаржы бөлмейді емес бөледі-ау, бірақ «тістегеннің аузында кететін» жағдаят көп.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ