Мемлекет басшысы бүгін кезекті рет дәстүрлі Жолдауын жариялады. Жолдау «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деп аталады. Әсіресе, бүкіләлемдік пандемия қаупі және соғыс өрті тұтанып тұрған елдердің іргесінде орналасқан Қазақстан мемлекеті үшін халықтың бірлігі мен тұтастығы ауадай қажет. Біз осыған дейін үлгі тұтқан бірлігіміз бен берекемізді бұзып алмауымыз керек. Сол себепті, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы басымдықты ішкі саяси тұрақтылыққа негіздей отырып, өңірлік саясатты жетілдіруді ұқтырды.
Президент бұл жолғы Жолдауында да әлеуметтік ахуалын жақсартып, өмір сапасын арттыратын бірнеше басымдықтарды атап өтті. Ең маңызды деген салаларға реформалар жүргізу уақыты әлдеқашан туғанын ескертіп өтті.
Әдеттегідей әлеуметтік сала назардан тыс қалған жоқ. Кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес саласын жаңарту қажет. Бұл салада 1 миллионнан аса отандастарымыз еңбек етіп жатыр. Олар соңғы он жылда еңбекақысының өсуі жағынан кенжелеп қалды. Сондықтан былтыр дәрігерлер мен педагогтердің жалақысын көтергені секілді еңбекақы қорын құруды ұсынды. Яғни, 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен еңбекақы төлеу деңгейі көтеріле бермек.
Президент айтқан реформалау жүйесі тұрғын үй секторына да қатысты. Нарықтағы ипотека бағасы әлі де халық үшін жоғары, әрі қолжетімді емес екенін ескеріп, Бірыңғай тұрғынүй бағдарламасы әзірленетін болды.
Көбінде партияның қоғамдық қабылдауына келетін азаматтардың мәселесі тұрғын үй, жұмыссыздық, адам құқықтарын қорғау жөнінде болатындықтан, Қасым-Жомарт Кемелұлының әлеуметтік тұрғыда Жолдауға көрсеткен бағыттарын назарға алып, алға жылжитын боламыз.
Мақсат бар, бағдар айқын, енді тек жүйелі түрде жұмыс істей білсек, біз алмайтын асу жоқ.
«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева