Петропавл қалалық полиция басқармасының мәлімдеуінше, 1 қыркүйек күні сағат таңғы 5.00 шамасында Петропавл тұрғыны колледж маңындағы әйнек аялдаманы біреулердің сындырғанын айтқан.
Оқиға орнына жеткен полиция наряды бұзақыларды сол жерде ұстаған. Аялдаманың әйнегін шаққандар облыс орталығының тұрғындары – 20 жастағы екі бойжеткен екен. Екеуі де мас болған.
Осы оқиғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434-бабы – «Ұсақ бұзақылық» бойынша материал жиналды. Іс сотқа беріледі.
Бұл бап бойынша 5 АЕК мөлшерiнде айыппұл немесе 10 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алу жазасы қарастырылған.