Вакцина алудың маңызын ашып көрсетті
Вакцина алудың маңызын ашып көрсетті
262
оқылды

Президент Қ.Тоқаевтың бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауы ау­қымды бағдарламалық маңызы бар құжат. Оның ішінде мемлекеттік аппарат және жалпы қоғам үшін ұзақмерзімді бағыт-бағдарлар, әрі қазіргі өзектілігі жоғары басым­дықтар нақты айқын­далып, сараб­дал іс-әрекетке жетелей­тін нық қадам­дар көрсетілген. Жыл сайынғы Жол­дауды күздің алғашқы күні жариялау да жай кездейсоқтық емес, ол Пар­ламент үшін де, Үкімет үшін де жаңа жұмыс маусымының жаңа міндеттері іспеттес.

Мемлекет басшысы халықтың көкейінде жүрген басты проб­лемаларды ашық көрсетті. Атап айтсақ, еліміздің экономикасын көтеруге және әлеуметтік жағдайды тұрақтандыруға бағытталған қаражаттың дұрыс жұмсалмауы, ауыл шаруашылығы секторындағы көкейкесті ахуал, аймақтардың жағдайын қиындата түскен су мен жемшөп тапшылығы, білім беру мен ғылым саласындағы қиындықтар және басқа да жүйелі шешімдерді қажет ететін мәселелер. Осылайша, Президент қарапайым заттар экономикасы, табиғи және техногендік ресурстардың тапшылығы жөнінде есімізге салып, оларды сақтау мен көбейту бойынша нақты міндеттерді көрсетіп берді. Жолдауда көрсетілген ғылымды дамытудың басымдықтары мен тапсырмалары ғалымдар қауымдастығы мен ғылыми-зерттеу институттарының көптен күткен күрделі мәселелерінің оңтайлы шешімі екені анық. Жақында Ұлттық университеттердегі профес­сорлардың жалақысы 450 мың теңгеден кем болмасын деген ми­нистр­лік талабы шыққан. Енді Мемлекет басшысының тапсыр­масымен ғалымдарға берілетін мемлекеттік гранттар мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін ұзартылады. Ол бастама іргелі, сондай-ақ практикалық маңызы бар ғылыми-зерттеулердің сапасын көтеруге және ғалымдардың бір зерттеу тақырыбын ұзақ мерзімде, жан-жақты, терең зерттеуге жол ашатыны сөзсіз. Ғылым саласында заңнаманы өзгерту жөнінде пікірталастардың орын алып жатқаны белгілі, осы ретте жыл соңына дейін «Ғылым туралы» заңға тиісті өзгертулер енгізу жөніндегі Президент  тапсырмасы уақытылы әрі пәрменді қадам. Халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін денсаулық саласы да Президент назарынан тыс қалған жоқ. Вакцинаның көмегімен талай қауіпті індеттерге тосқауыл қойылғанын еске сала отырып, ол еліміздің вакцина мәселесіне жоғары жауапкершілікпен қарап, жүйелі түрде вакцина қорларын көбейтіп тұруға тапсырма берді. Әрине, бұл бүкіл әлемді жаулап, мутацияға ұшырау арқылы медицина мен ғылым өкілдерін қиын жағдайға түсіріп жатқан коронавирус инфекциясына да, басқа да эпидемиологиялық қатерлерге қарсы тұрып тосқауыл қою үшін ауқымды әрі жүйелі жұмысты қажет етеді. Елдегі вакцинаға деген қарама-қайшы көзқарастардың бар екенін мойындап, Мемлекет басшысы отандық вакцинаның қауіпсіздігі жөнінде ақпарат беріп, азаматтарды вакцинадан қорықпай, ресми ақпаратқа сүйеніп, өз денсаулығы мен жақындары үшін вакцина алудың маңызын ашып көрсетті. Осы орайда жақында QazVac отандық вакцинасы клиникалық сынақтан өткізіліп, бірінші және екінші кезең нәтижелері THE LANCET еуропалық журналында жарияланды. Президент Қ.Тоқаев ел тұғырын биіктету мен тәуелсіздігімізді нығайтуда ең бастысы ұлттың ұйысуы, ұлтаралық келісімнің және өзара сыйластықтың болуы маңызды екенін осы Жолдауда тағы да ерекше атап көрсетті. Мемлекеттік тілдің конституциялық деңгейдегі мәртебесін және ұлт бірлігі үшін маңызды рөлін айта келіп, Мемлекет басшысы өзге тілдер мен ұлт өкілдерін сыйлау арқылы елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға шақырды.

Мадина БЕКТЕНОВА, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері