Жолдау заң шығарудың нақты бағытын белгілейді
Жолдау заң шығарудың нақты бағытын белгілейді
261
оқылды

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палата­ның VII шақырылымның екінші сессиясындағы алғашқы жалпы отырысы өтті.

Күн тәртібіндегі мәселеге кіріспес бұрын Мәжіліс Төрағасы депутаттық кор­пустың назарын Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан хал­қына Жолдауында айтылған басым­дықтарына тоқталды. Cонымен қатар Мәжіліс Төрағасы бюд­жет-қаржы жүйесін жақсарту, елді саяси жаңғыртуды жалғастыру сияқты міндет­терге де назар аударып, осы тап­сыр­малар­дың барлығы Парламенттің алдағы кезең­дегі заң шығару жұмысы үшін де ай­қын бағыт бергенін атап өтіп, Мәжіліс де­путат­тарына, Қазақстан Президентінің Жол­дауында белгіленген елді жүйелі жаң­ғырту үшін мықты заңнамалық базаны сапалы және жедел құру қажеттігіне назар аударды. Мәжіліс Спикері депутаттар қарауын­дағы заң жобалары туралы айта келіп, қазір палатада қаралып жатқан өнеркә­сіптік саясат туралы заң жобасына, ел Пре­зиденті әзірлеп, қабылдауды тапсыр­ған агломерацияны дамыту, кәсіби білік­тілік туралы заң жобаларына да тоқталды. Нұрлан Нығматулин алдымызда Әлеу­меттік кодекс жобасымен жұмыс тұрға­нына, осы және басқа да заң жобалары бойынша барлық жұмысты, әдеттегідей ашық және транспарентті түрде жүргі­зетінін, оған азаматтық қоғам, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің белсенді түрде қатысуымен өткізілетін атап өтті. Бүгінгі жалпы отырыста Палата коми­теттері қорытынды әзірлеу үшін бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олар: Ұлттық қордан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт ту­ралы, 2022-2024 жылдарға арналған рес­пуб­ликалық бюджет туралы, сондай-ақ Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасы. Сонымен қатар Қылмыстық кодекске өлім жазасы мәселелері бойынша түзе­тулер енгізу туралы, құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне түзетулер енгізу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары бойынша қорытынды әзірленетін болады. Сондай-ақ Қазақстан Республи­касының биологиялық қауіпсіздігі туралы және оған ілеспе заң жобалары, бәсе­келестікті дамыту мәселелері бойынша және көлік мәселелері туралы жаңа заң жобаларын Палата комитеттері жұмысқа алды. Осы жұмысқа алынған жаңа заң жо­баларының қатарында бірқатар ратифи­кациялық құжаттар бар. Атап айтқанда, дербес деректер алмасу саласындағы әкім­шілік мәселелер бойынша өзара құқықтық көмек туралы, Еуразиялық эко­номикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын ба­қылау жө­нін­дегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы ке­зінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық тура­лы келісімге өзгерістер енгізу туралы хат­тама және Қазақстан мен Қырғыз Рес­пуб­ликасы және Тәжікстан Үкіметтері ара­сын­дағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісім­дерді және Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­тығына қатысушы мемлекеттер қарулы күш­терінің бірлескен гуманитарлық мина­сыздандыру инже­нерлік бөлімшесі туралы келісімді рати­фикациялау, Каспий теңізінің теңіз орта­сын қорғау жөніндегі негіздемелік кон­венцияға Каспий теңізін жерүсті көздері­нен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ласта­ну­дан қорғау жөніндегі және Каспий теңі­зінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік кон­венцияға биологиялық әралуанды­лықты сақтау туралы хаттама­ларды ратификациялау туралы заң жобалары бар. Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депу­таттық сауал жолдады. Сондай-ақ Мә­жілістің жалпы отырысында Парламент Мәжілісінің депутаты А.Сембиновтің өкі­леттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылдады. Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Ожаев ант беріп, Аграрлық мәселелер комитетінің құрамына сайланды.

Ж.НҰРЛАН