Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебіне сүйенсек, біздің елде рұқсаты бар 15 786 шетелдік жұмыс істеп жүр. Ал Халықаралық көші-қон ұйымының 2020 жылғы санағы бойынша Қазақстанда 500 мыңнан астам еңбек етеді.
Заңды түрде тіркелген шетелдіктер аз
Еңбек және халықты әлеуметік қорғау министрлігі ішкі нарықты қорғау үшін жыл сайын шетелдік мамандарды алудың квотасын бекітеді. 2021 жылы ол 29,3 мың деп белгіленген. 2020 жылы квота 43 мыңға жеткен болатын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, биыл оның саны 40 %-ға азайтылды. Алайда ЕАЭО елдерінің мигранттары бұл есепке енбейді, олардың Қазақстанда жұмыс істеуіне еш шектеу жоқ. Соңғы жылдары Қазақстанда заңды түрде тіркеліп, жұмыс істеп жүрген елдердің алғашқы бестігін Қытай бастап тұр. Жұңго елінің мамандары негізінен құрылыс, тау-кен өндірісі, өңдеу өнерәсібі салаларында еңбек етеді. Саудада жүрген қытайлықтар да бар. Жалпы, шетелдік қызметкерлердің төрттен бірі – қытайлықтар. Одан кейінгі орында Өзбекстан мен Түркиядан келген жалдамалы жұмысшылар тұр (тиісінше 11% және 10%). Өзбектер ауыл, орман, балық шаруашылығында және құрылыста еңбек етеді. Түріктер негізінен құрылыс индустриясында. Үндістер – 7%, Ұлыбритания мамандары – 6%. Министрліктің мәліметінше, елімізде 40 пункт бойынша жалпы саны 15 786 шетелдік жұмыс істеп жүр. Олардың қатарында Нидерланд, Италия, АҚШ, Франция, Германия сияқты дамыған елдер мен Әзербайжан, Тәжікстан, Румыния, Түрікменстан және тағы басқа дамушы мемлекеттер бар. Бұлар ел заңы бойынша заңды түрде тіркелген, табысынан бюджетке салық төлеп отырғандар, ал заңсыз жүрген мигранттар бұл есептен әлденеше есе көп.133 мың мигрант елден шығарылды
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, ақпан айында «Мигрант» жедел алдын алу шарасы барысында елден 133 мың заңсыз мигрант шығарылған. «Індет үдеп тұрған кезде мыңдаған шетелдік Қазақстанда қалып қойды. ІІМ көш-қон қызметінің, шет мемлекеттер өкілдіктерінің және Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның көмегімен олардың құжаттары рәсімделіп, 133 мың заңсыз мигрант елден шығарылды. Төлқұжатының пайдалану мерзімі өткен 675 шетелдік қайтадан куәлік алды», – деді Ерлан Тұрғымбаев. Сондай-ақ көші-қон заңнамасын қасақана бұзу фактілері де көп әшкереленген. Мәселен, Шымкентте Қытайдың 62 азаматын және Өзбекстанның 70 азаматын жұмысқа заңсыз қабылдаған бірқатар заңды тұлға анықталған. Жалпы, жыл басынан бері 582 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін тиісті рұқсатсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды. Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактісі бойынша 28 қылмыстық іс тіркелген. Одан бөлек, жедел профилактикалық шаралар кезінде іздеуде жүрген 140 қылмыскер ұсталған. «Қазақстанда біздің отандастарымыз ғана емес, шетелдіктер де өздерін қауіпсіз сезінуі керек. Сондай-ақ елде уақытша жүрген қонақтардың да заңды құрметтеуі міндетті. Сондықтан көші-қон қызметінің бұл бағыттағы жұмысы тұрақты түрде жүргізілуі қажет», – дейді министр Е.Тұрғымбаев.Жалдамалы жұмысшылар салық төлеуі тиіс
Әдетте, біз ТМД бойынша Ресейде мигрант ең көп деп ойлаймыз. Бірақ халықтың пайыздық үлесіне шаққанда Қазақстанда да сырттан келушілердің жетіп артылатынын байқайсыз. Оның үстіне, Орта Азиядағы көршілер үшін Ресейден гөрі мәдениеті мен діні ұқсас, ұлтаралық ахуал жақсы және мигранттардың жұмыс істеуіне қауіпсіз біздің ел көп жайлы. Сөйте тұра, мигранттардың көпшілігі Қазақстан заңдарына мойынсына бермейтінін, тапқан табыстары үшін бюджетке салық төлемейтінін, ел экономикасынан қыруар қаржыны алып кетіп жатқанын да ескеруіміз керек. «Кейбір сарапшыларымыз алдағы жылдары мигранттар саны 1 миллионға дейін жететінін айтады. Бүгінде олардың тек 300 мыңдайы заңды түрде тіркеліп жұмыс істейді. Ал көпшілігі тіркелмейді. Олардың арасында қомақты қаржыны қалтасына басатындар да аз емес. Олар Үкіметке не салық төлемейді. Менің ойымша, біз мигранттарға кепілдік депозит ашуды міндеттеуіміз керек. Егер мигранттар заң бұзып, оларды елден аластату қажет болғанда осы кепілдік депозиттегі салымы бюджетке аударылатын болады. Бұл қаржы оларды елден шығарып жіберумен байланысты шығындардың орнын жабар еді. Ресейде мұндай заң бар», – дейді экономист-сарапшы Дәурен Арын. Дәурен Арынның айтуынша, мигранттар табысының кем дегенде 40 пайызы елімізде қалуы тиіс. Сондай-ақ оларды жалдайтын жұмыс берушілердің де мемлекетке арнайы салық төлеуін міндеттеу керек екенін айтады. «Жұмыс берушілер мигранттың жауапкершілігін өз мойындарына толықтай алса, онда олар тарапынан жасалатын қылмыс та, заңсыздық та азаяды. Мәселен, 2019 жылы жалғыз ғана Тәжікстанның өзінен елімізге 100 мыңнан астам мигрант келді. Қазақстан билігі олардың санын азайтамыз деп екі жылдан бері жанталасып келеді, бірақ одан нәтиже аз. Тәжіктер Алматының сауда базарларында сол баяғысынша тауарын сатып, емін-еркін жүр»,– дейді экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова. Оның айтуынша, еңбек мигранттарын бақылап отыруға тиісті органдардың жұмысын жетілдіру қажет. Сондай-ақ мемлекет жыл сайын қанша мигрантты қабылдай алатыны туралы арнайы қаулы-шешім шығарып отыруы керек.Ауғаннан босқындар ағылуы мүмкін
Енді тәліптердің Ауғанстанның көп бөлігін басып алуына байланысты Орта Азия аумағын, оның ішінде «Қазақстанға босқындар қаптай ма?» деген қауіп те күшейе түсті. «Рас, тәліптерден бізге қауіп жоқ. Бірақ Ауғанстандағы саяси ахуалдың өзгеруі – біздің көрші мемлекеттер үшін үлкен қауіп. Тәліптер елдің солтүстік провинциясындағы тәжіктерге, өзбектерге, түрікмендерге қысым жасаса, олар өздерінің тарихи Отандарына ат басын бұрады. Бірақ көршілеріміздің экономикалық жағдайы нашар, олар босқындарға тиесілі көмек пен жәрдемақы беруге дәрменсіз. Сондықтан босқындар өз елдеріне тұрақтамай, Қазақстанға қарай ағылуы мүмкін»,– дейді ауған соғысының ардагері, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл. Бұл мәселенің екінші жағы да бар. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының келісімі бойынша мұндай жағдайда Қазақстан оңтүстіктегі көрші елдерді қорғауға қатысуы тиіс болады. Ауғанстаннан, басқа шетелдерден келген студенттерге Қазақстанда оқу тілін таңдауға еркіндік берілген. Әрине, орыс тілінің қолданыс аясы кең болғандықтан, олардың барлығы дерлік орыс тілін таңдайды. Осы жерде біз мемлекет қаржысын шығарып, олардың бөтен мемлекеттің тілінде оқуына неге жағдай жасап отырмыз деген сұрақ туады?! Сонда біздің мемлекеттігіміз қайда? Мемлекеттік тілді қорғау міндеті қайда?Сөз соңы:
Сөйте тұра, Қазақстаннан кейінгі жылдары 300 мың жас шетелге кеткен. Мәселен, Оңтүстік Кореяда он мыңдаған отандасымыз гастербайтер болып жүр. Ал мектеп түлектерінің 60 пайызы Ресейге босқан.
Халықаралық миграция ұйымының тапсырысымен жүргізілген зерттеуде шетелге кеткен әр үш адамның біреуі қазақ екен. Олардың 25 пайызы – 15-28 жас аралығында, 77 пайызы – жоғары білімді. Бұл жерде шетелге барып-келген жастардың саяси, діни фанатизмді және дүниетанымдық идеологияның бірін қалайда сіңіріп қайтатынын да ұмытпаған абзал.
Дәулет АСАУ