Елімізде қанша мигрант жүр?
Елімізде қанша мигрант жүр?
604
оқылды

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің есебіне сүйенсек, біздің елде рұқсаты бар 15 786 шетел­дік жұмыс істеп жүр. Ал Ха­лық­аралық көші-қон ұйымының 2020 жылғы санағы бойынша Қазақстанда 500 мыңнан астам еңбек етеді.

Заңды түрде тіркелген шетелдіктер аз

Еңбек және халықты әлеуметік қорғау министрлігі ішкі нарықты қорғау үшін жыл сайын шетелдік мамандарды алудың квотасын бекітеді. 2021 жылы ол 29,3 мың деп белгіленген. 2020 жылы квота 43 мыңға жеткен болатын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, биыл оның саны 40 %-ға азайтылды. Алайда ЕАЭО елдерінің мигранттары бұл есепке енбейді, олардың Қазақстанда жұмыс істеуіне еш шектеу жоқ. Соңғы жылдары Қазақстанда заңды түрде тіркеліп, жұмыс істеп жүрген елдердің алғашқы бестігін Қытай бастап тұр. Жұңго елінің мамандары негізінен құрылыс, тау-кен өндірісі, өңдеу өнерәсібі салаларында еңбек етеді. Саудада жүрген қытайлықтар да бар. Жалпы, шетелдік қызметкерлердің төрттен бірі – қытайлықтар. Одан кейінгі орында Өзбекстан мен Түркиядан келген жалдамалы жұмыс­шылар тұр (тиісінше 11% және 10%). Өзбектер ауыл, орман, балық шаруа­шы­лығында және құрылыста еңбек етеді. Түріктер негізінен құрылыс индус­трия­сында. Үндістер – 7%, Ұлыбритания ма­мандары – 6%. Министрліктің мәлі­метінше, еліміз­де 40 пункт бойынша жалпы саны 15 786 шетелдік жұмыс істеп жүр. Олардың қатарында Нидерланд, Италия, АҚШ, Франция, Германия сияқты дамыған елдер мен Әзербайжан, Тәжікстан, Румыния, Түрікменстан және тағы басқа дамушы мемлекеттер бар. Бұлар ел заңы бойынша заңды түрде тіркелген, табы­сынан бюджетке салық төлеп отырған­дар, ал заңсыз жүрген мигранттар бұл есептен әлденеше есе көп.

133 мың мигрант елден шығарылды

Ішкі істер министрі Ерлан Тұр­ғым­баевтың ай­туынша, ақпан айында «Миг­рант» жедел алдын алу шарасы бары­сында елден 133 мың заңсыз мигрант шығарылған. «Індет үдеп тұрған кезде мыңдаған шетелдік Қазақстанда қалып қойды. ІІМ көш-қон қызметінің, шет мемле­кеттер өкілдіктерінің және Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның көме­гімен олардың құжаттары рәсімделіп, 133 мың заңсыз мигрант елден шыға­рылды. Төлқұжатының пайдалану мер­зімі өткен 675 шетелдік қайтадан куәлік алды», – деді Ерлан Тұрғымбаев. Сондай-ақ көші-қон заңнамасын қасақана бұзу фактілері де көп әшке­реленген. Мәселен, Шымкентте Қытай­дың 62 азаматын және Өзбекстанның 70 азаматын жұмысқа заңсыз қабылдаған бірқатар заңды тұлға анықталған. Жал­пы, жыл басынан бері 582 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін тиісті рұқсатсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды. Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фак­тісі бойынша 28 қылмыстық іс тіркелген. Одан бөлек, жедел профилактикалық шаралар кезінде іздеуде жүрген 140 қылмыскер ұсталған. «Қазақстанда біздің отандастарымыз ғана емес, шетелдіктер де өздерін қауіпсіз сезінуі керек. Сондай-ақ елде уақытша жүрген қонақтардың да заңды құрметтеуі міндетті. Сондықтан көші-қон қызме­тінің бұл бағыттағы жұмысы тұрақты түрде жүргізілуі қажет», – дейді министр Е.Тұрғымбаев.

Жалдамалы жұмысшылар салық төлеуі тиіс

Әдетте, біз ТМД бойынша Ресейде мигрант ең көп деп ойлаймыз. Бірақ ха­лықтың пайыздық үлесіне шаққанда Қазақстанда да сырттан келушілердің жетіп артылатынын байқайсыз. Оның үстіне, Орта Азиядағы көршілер үшін Ресейден гөрі мәдениеті мен діні ұқсас, ұлтаралық ахуал жақсы және мигрант­тардың жұмыс істеуіне қауіпсіз біздің ел көп жайлы. Сөйте тұра, мигранттардың көпшілігі Қазақстан заңдарына мойын­сына бермейтінін, тапқан табыстары үшін бюджетке салық төлемейтінін, ел экономикасынан қыруар қаржыны алып кетіп жатқанын да ескеруіміз керек. «Кейбір сарапшыларымыз алдағы жылдары мигранттар саны 1 миллионға дейін жететінін айтады. Бүгінде олардың тек 300 мыңдайы заңды түрде тіркеліп жұмыс істейді. Ал көпшілігі тіркелмейді. Олардың арасында қомақты қаржыны қалтасына басатындар да аз емес. Олар Үкіметке не салық төлемейді. Менің ойым­ша, біз мигранттарға кепілдік депозит ашуды міндеттеуіміз керек. Егер мигранттар заң бұзып, оларды елден аластату қажет болғанда осы кепілдік депозиттегі салымы бюджетке аудары­латын болады. Бұл қаржы оларды елден шығарып жіберумен байланысты шы­ғындардың орнын жабар еді. Ресейде мұндай заң бар», – дейді экономист-сарапшы Дәурен Арын. Дәурен Арынның айтуынша, миг­ранттар табысының кем дегенде 40 па­йызы елімізде қалуы тиіс. Сондай-ақ оларды жалдайтын жұмыс берушілердің де мемлекетке арнайы салық төлеуін міндеттеу керек екенін айтады. «Жұмыс берушілер мигранттың жауапкершілігін өз мойындарына то­лықтай алса, онда олар тарапынан жаса­латын қылмыс та, заңсыздық та азаяды. Мәселен, 2019 жылы жалғыз ғана Тә­жікстанның өзінен елімізге 100 мыңнан астам мигрант келді. Қазақстан билігі олардың санын азайтамыз деп екі жыл­дан бері жанталасып келеді, бірақ одан нәтиже аз. Тәжіктер Алматының сауда базарларында сол баяғысынша тауарын сатып, емін-еркін жүр»,– дейді эко­номист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова. Оның айтуынша, еңбек мигрант­тарын бақылап отыруға тиісті органдар­дың жұмысын жетілдіру қажет. Сондай-ақ мемлекет жыл сайын қанша мигрант­ты қабылдай алатыны туралы арнайы қаулы-шешім шығарып отыруы керек.

Ауғаннан босқындар ағылуы мүмкін

Енді тәліптердің Ауғанстанның көп бөлігін басып алуына байланысты Орта Азия аумағын, оның ішінде «Қазақстанға босқындар қаптай ма?» деген қауіп те күшейе түсті. «Рас, тәліптерден бізге қауіп жоқ. Бірақ Ауғанстандағы саяси ахуалдың өзгеруі – біздің көрші мемлекеттер үшін үлкен қауіп. Тәліптер елдің солтүстік провин­циясындағы тәжіктерге, өз­бектерге, түрікмендерге қысым жасаса, олар өзде­рінің тарихи Отандарына ат басын бұрады. Бірақ көршілеріміздің эконо­микалық жағдайы нашар, олар босқындарға тиесілі көмек пен жәрдем­ақы беруге дәрменсіз. Сондықтан бос­қындар өз елдеріне тұ­рақ­тамай, Қазақ­станға қарай ағылуы мүм­кін»,– дейді ауған соғысының ардагері, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл. Бұл мәселенің екінші жағы да бар. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының келісімі бойынша мұндай жағдайда Қазақстан оңтүстіктегі көрші елдерді қорғауға қатысуы тиіс болады. Ауғанстаннан, басқа шетелдерден келген студенттерге Қазақстанда оқу тілін таңдауға еркіндік берілген. Әрине, орыс тілінің қолданыс аясы кең болған­дықтан, олардың барлығы дерлік орыс тілін таңдайды. Осы жерде біз мемлекет қаржысын шығарып, олардың бөтен мемлекеттің тілінде оқуына неге жағдай жасап отырмыз деген сұрақ туады?! Сонда біздің мемлекеттігіміз қайда? Мемлекеттік тілді қорғау міндеті қайда?  

Сөз соңы:

Сөйте тұра, Қазақстаннан кейінгі жылдары 300 мың жас шетелге кеткен. Мәселен, Оңтүстік Кореяда он мыңдаған отандасымыз гастербайтер болып жүр. Ал мектеп түлектерінің 60 пайызы Ресейге босқан.

Халықаралық миграция ұйымының тапсырысымен жүргізілген зерттеуде шетелге кеткен әр үш адамның біреуі қазақ екен. Олардың 25 пайызы – 15-28 жас аралығында, 77 пайызы – жоғары білімді. Бұл жерде шетелге барып-келген жастар­дың саяси, діни фанатизмді және дүние­танымдық идеологияның бірін қалайда сіңіріп қайтатынын да ұмытпаған абзал.

Дәулет АСАУ