Далам толды қоқысқа...
Далам толды қоқысқа...
403
оқылды

Жаз мезгілі аяқталға­ны­мен, уақытын таза ауа­да, демалыс орындарын­да не жағажайда өткізген ел тұрғындарының ша­шып тастаған қоқысын тазалау әлі аяқталмады. Мысалы, Қарағанды об­лы­сында жаз­да мыңнан астам қо­қыс орны анық­талса, со­ның 160-сы ғана тазалан­ған екен...

Айып көлемі – 145 мың теңге

Жақында экологтер арнайы рейд жүргізді. Қарағанды қала­сындағы Федоров су қоймасына барып, бір ай бұрын волонтерлер тазалап кеткен аумақтың қайта ластанғанын байқады. Айта ­кет­кен жөн, Федоров су қойма­сы – қала тұрғындарына дема­луға рұқ­сат берілген екі орын­ның бірі. Пандемияға байла­нысты 12 шілдеде облыстағы барлық ашық және жабық жағажайда демалуға тыйым салынған болатын. Алай­да бұл тыйымға қарамайтындар көп. Олар карантин тәртібін бұ­зып қана қоймай, аумақта қо­қысты да көбейтіп отыр. Өйткені отыр­ған орындарын жинамайды. «Енді бұлай оңды-солды қо­қыс тастағандар үшін айыппұл көлемі біршама өсті», – дейді экологтер. – 1 шілдеден бастап жаңа Эко­логия кодексі күшіне енді. Яғни, әкімшілік айыппұл көлемі жеке тұлғалар үшін 50 айлық есептік көрсеткіш көлеміне де­йін өсті. Бұл шамамен – 145 мың теңге. Енді азаматтар қоқыс лақ­тырар алдында бірнеше рет ойланатын болады, – дейді облыстық Экология департа­менті басшысының орынбасары Дархан Ісжанов. Айып бағасының өсуіне басты себеп – облыс аумағында 1 200 қоқыс орны анықталған, оның 160-ы ғана тазаланды. Олай болса, әркім өзі демалған жерін тазалап кетсе несі айып. Тазалауға мойын жар бермесе, қалтаңызға 145 мың теңге салып шығыңыз....

Сонымен қатар...

Бірнеше жыл­дан бері «Қа­зақстан Ғарыш Сапары» ұлт­тық компаниясы еліміздің аймақта­рындағы заңсыз үйін­ділерді анық­тау үшін ғарыштық мони­торинг жүргізіп келеді. Тапсырыс беруші – Эко­логия, геология және табиғи ре­сурс­тар министр­лігі. Қара­ғанды об­лысында 2018 жылдан бастап жерді қашықтан зонд­тау­дың, рұқсат етілмеген қоқыс по­лигондарының орна­ласуын ғарыштық суреттермен қамта­масыз ету туралы келісімге қол қойылды. Былтыр ғарыш­тық мо­­ниторинг нәтижесі бо­йын­ша облыста мыңнан астам стихия­лық қоқыс анықталып, жойыл­ды. Биыл Қарағандыда рұқсат етілмеген 200-ден астам қоқыс орны анықталды. Олардың координаттары ғарыштық ба­қылау көмегімен орнатылды. «Биыл мониторинг Қарағандыда өтті. Қазір қалалар мен аудан­дардың әкімдіктері қоқыс по­лигондарын жоюға кірісті. Жа­қын уақытта Қарқаралы ауданы­ның аумағын қашықтан зондтау жоспарланып отыр», – деп хабарлады Қарағанды облы­сының Экология департаменті.

4 763 үйінді

Мына қызықты қараңыз. Маусым-шілде айында арнайы жүргізілген рейдте еліміз бойынша 4 763 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталған. Рейд 24 маусымда басталып, бес ірі өңірде: Қарағанды, Пав­лодар, Алматы, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында өткен. «Рекреациялық аймақтарға Экология департаменттерінің, әкімдіктердің, жергілікті по­лиция қызметінің өкілдері және 30-дан астам эковолонтер шық­ты. Біркүндік жұмыс нәти­же­сінде 20 заңсыз қоқыс орны анықталды, олардың 13-і сол күні жойылды. Сонымен қатар 6 ескерту беріліп, 10 АЕК көле­мінде әкімшілік айыппұл са­лын­ды»,  – деп жазылған ведомство таратқан ақпаратта. Министрлік бұл рейдтік іс-шаралардың бастамасы ғана деп отыр.

Орман мен дала өртіне қоқыс сеп...

Биыл далада өрт көп болды. Мұның көбі қоқысты оңды-солды шашып тастау мен темекі тұқылын сөндірмеуден бас­талғаны белгілі. «Орманда өрт шығу себеп­терін сараптағанда, ол көбіне адамдардың өз кінә­сінен бо­ла­тыны анықталған. Орман ішінде бол­ған саяхат­шылар, демалу­шылар, ауыл ша­руашылығының жұмысшылары кепкен шөп, кесілген ағаш қал­дықтары бар жерлерге от жағады. Орман алаң­дарына жақын жер­дегі егістің орнын өртейді. Күн сәу­лесі мол түсетін жерлерге шыны­ның сынығын тастап ке­теді. Ал ол жандырғыш линза тәрізді күн сәулесінен қуат алып, құрғақ шөпті тұтандырады. Орманда шаруашылық жұмыс­тарын (жа­рылғыш құрал мен тамырынан жұлу, қоқысты жағу, жолдарды, электр желілерін, құ­бырларды салуы кезінде сақтық шараларын алмау) дұрыс жүр­гізбеу салда­рынан орман өрті жедел өтеді және тез таралады. Қалың ағаш ішіндегі өрт ми­нутына 3-4 метр жылдамдықпен таралып, 10-14 сағатта үлкен өрт­ке айналады. Оның ішіне кіру де, өрт сөндіру техникаларын ен­гізу де қиын шаруа. Орман өртін сөндіру оңай шаруа емес. Сондықтан оған жол бермеудің алғышарттарын қатаң сақтау қажет», – дейді орманшы Гүлнұр Көзтаева.  

Қоқыс, қоқыс, қоқыс... Көк­тем шыққаннан қыс түскенше айтылар сөзіміздің бірі. Өйткені қыс даланы қарымен жауып, жазығымызды сәнге айналдырса, жазғытұрым қоқыспен бірге «тазалық» деген әнге ұласады. Кім кінәлі? Түсінетін уақыт әлі жет­пегендей. Бүгін тағы демалысқа көл жағасына бардық, ластадық, ішкен-жегеннен қал­ғанды тас­тадық... Осылай жалғаса бере ме, ағайын?!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы