Осындайда «Шамның жарығы түбіне түспейді» деген сөз ойға оралады. Өйткені Алматының іргесіндегі Іле ауданында мектептердің жетіспеуі, ескі білім ошақтарының бар екені – соның айғағы.
Өндірісі де өркендеген, облыс бюджетіне қосатын үлесі де қомақты ауданның білім саласында 1 қыркүйек күні аса маңызды жаңалық тіркеліп, үш бірдей жаңа мектептің құрылысы толықтай аяқталып, оқушыларға есігін айқара ашты. Жаңадан бой көтерген білім ошақтарында алғашқы қоңырау соғылып, 1-сыныпқа барған бүлдіршіндер сәулеті келіскен мектептердің табалдырығын қуана-қуана аттады. Ата-аналар мен балалардың қуанышын облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов бөлісті. Алға жылжыған жылдармен бірге аумағы үлкейіп, тұрғындарының саны артып келе жатқан Қараой ауылында бұған дейін бір ғана мектеп жұмыс істеп келген еді. Соның кесірінен 2 000 бала амалсыздан үш ауысымдық жүйеде оқитын. Енді, міне жаңадан ашылған білім шаңырағы бұл мәселені түбегейлі шешіп, ата-аналар мен оқушылардың қуанышын еселеді. Мектеп құрылысы 2019 жылы басталып, оған бюджеттен 2,8 миллиард теңге бөлініпті. Мердігер Construction Company ЖШС мойнына алған жұмыстарды жоспарға сәйкес сапалы жүргізіп, белгіленген мерзімде аяқтапты. Білім ошағының ашылу салтанатында сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың айтуынша, білім күні облыста 438 мың оқушы алтын ұя – мектебімен қайта қауышыпты. Соның ішінде 47 мың бүлдіршін 1-сыныпқа қабылданған. Батыржан Құлаймергенұлы мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған қаройлық балаларға өз қолымен «Әліппе» оқулығын табыс етті. Жиналғандар 900 орындық жаңа білім шаңырағының лентасын қиып, ішке енді, аралап көрді. Сынып бөлмелері талапқа сай. Жиынжай, спортзалы, мұғалімдер бөлмесі және тағы басқа кабинеттер барлық керекжарақпен жабдықталған. Асхана, шеберхана, кітапхана да көрген жанды сүйсіндіреді. Оқушылардың алаңсыз білім алуына жағдай толығымен жасалған. Жаңа мектепке биыл 750 оқушы қабылданса, олардың ішіндегі 88 бүлдіршін 1-сыныпқа барады. Оқушылардың сапалы білім алуына осындағы 80 мұғалім қалтқысыз қызмет етеді. Ең бастысы, балалар үш ауысымдық оқудан біржолата құтылды. Дәл осындай қуанышқа Қосөзен ауылы мен Боралдай кенті тұрғындары да кенелді. Қосөзенде 600 орындық, Боралдай кентінде 300 орындық мектеп салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ Талдықорғанның жанындағы Ескелді ауданының Абай ауылында шағын орталығы бар 180 орынды мектеп бірінші рет шәкірттерді қабылдады. Жаңа нысан екі қабаттан, тоғыз бөліктен тұрады. Қазынаның 1 миллиардтан аса қаржысына салынған. Бұл мектептің лентасын облыстық Білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жаңыл Сүлейменова мен Ескелді ауданының әкімі Рустам Әли қиды. Осыған дейін жазғанымыздай, Алматы облысында биыл 33 мектеп салынуда. Олардың 9-ы және 1 қосымша ғимарат жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Оның бірі – Конституция күні ашылса, тағы бесеуінде 1 қыркүйек күні тұңғыш рет алғашқы қоңырау соғылды.Болат АБАҒАН, Алматы облысы