Жаңадан салынатын 9 жасанды «көл» 195 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізуге мүмкіндік бермек. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді. Тиісті тапсырманы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында берген болатын.
2025 жылға дейін жалпы көлемі 1,7 миллиард текше метр болатын 9 су қоймасын салу жоспарланып отыр. Олар Қазақстанның 6 облысында пайда болады: Ақмола, Алматы облысында, Қызылорда, Түркістан облыстарында – бір-бірден, БҚО-да – 2-еу, Жамбыл облысында – 3-еу. «Су қоймаларын салу 70 мың адам тұратын 20 ауыл мен қалада су тасқыны қаупін азайтуға, 195 мың гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізуге және ауыл шаруашылығында 20 мың жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», – деді Мағзұм Мырзағалиев. Айта кетсек, биыл Түркістан облысында «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасының құрылысы аяқталды.Елдос СЕНБАЙ