Ақтөбеде 5 білім ордасына бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат таратқандар анықталып жатыр. 2 қыркүйек күні таңғы сағат 07.20 шамасында, сабақ басталар қарсаңында Ақтөбе қаласындағы №1, 2, 21, 22 және 56 орта мектептердің электронды пошталарына олардың ғимараттарына бомба қойылғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Осыған орай барлық шұғыл қызметтер мен саперлер тобы дереу оқиға орнына шықты. Дереу ғимараттарды жарылғыш құрылғылардың болуына тексеру ұйымдастырылды. Оқу орындарында оқушылар болған жоқ. Жарылғыш құрылғылар табылмады. Полиция департаменті анонимді хабарламалардың авторын іздеуге және ұстауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізіп жатыр. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы баптың санкциясы 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Айтқандай, 1 күн бұрын ұқсас хабарламалар Ақтөбе қаласының 6 оқу орнының электронды мекенжайына түскен, онда да абырой болғанда, жарылғыш құрылғылар табылған жоқ.Елдос СЕНБАЙ