Қазақстанның бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Елена Рыбакина US Open турнирінің үшінші айналымына өтті.
Елена Рыбакина «Үлкен дулыға» турнирінде рейтинг бойынша 19-ракетка ретінде тіркелген. Бірінші айналымды ойдағыдай еңсерген ол екінші кезеңде дүниежүзілік рейтингте 62-орында тұрған француз Каролин Гарсиямен кездесті. Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта отандасымыз қарсыласын 6:1, 6:4 есебімен ұтты. Рыбакина бәсеке барысында 11 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдалана алды. Брейкке қол жеткізе алмаған Гарсия 1 ғана эйсті місе тұсты. Аталған кездесу теннисшімізге қиынға соқпағанымен, келесі қарсылас оңай шағылар жаңғақ емес. Дәлірек айтсақ, қарсыласы – 2018 жылғы Ролан Гаррос, 2019 жылғы Уимблдон турнирінің чемпионы, қазір рейтингте 13-орында тұрған румын спортшысы Симона Халеп. Оның биыл жарақатына байланысты сәтті өнер көрсете алмағанын да ескерген жөн. Халеп те екінші кездесуінде словакиялық Кристина Куцованы 6:3, 6:1 есебімен жеңді. Тенниссүйер қауым үшінші айналымның тартысты өтерін болжап, жарысты асыға күтіп жүр. Бұл турнирге ел атынан Ярослава Шведова да қатысқан еді. Бірақ ол қарсыласына есе жіберіп, келесі айналымға өте алмады. Ал Александр Бублик екінші айналымға өтті.Айбике ЖАНАСЫЛ