Жолдау мәтініне үңілсек, елдегі әлеуметтік мәселелер шешімін табатын сыңайлы. Әрине, басшының айтқанын бұлжытпай орындар қосшы болса. Соның ішінде халық назарын баспана жайлы шешімге аударды. Ендігіде бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы енгізілмек. Ал мұның артықшылығы қандай? Ел не күтеді?
Бұл қандай бастама?
Иә, нарықта бірнеше тұрғын үй бағдарламасы болғанымен, бәрінің баспанаға қолы жетпейді. Өйткені біразын ақша мәселесі, соның ішінде алғашқы жарна жайы қинайды. Оған қоса, табысын дәлелдеу, зейнетақы қорындағы салымын растау керегі тағы бар. Одан қалса, бағдарлама шартындағы қарама-қайшылық турасында да сөз қозғауға болады. Қысқасы, халыққа бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы керегі бесенеден белгілі. «Тұрғын үй азаматтарымыз үшін қашанда басты мәселе. «Баспана хит» және «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі таяу арада аяқталады. Сонымен қатар нарықтық ипотека мөлшерлемесі әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес. Осыған орай бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады. Ұлттық даму институтына айналатын «Отбасы банкі» оның әкімшісі болып белгіленеді. Банк алдында «бір терезе қағидаты» бойынша есеп жүргізіп, азаматтарға тұрғын үй бөлу міндеті тұр. Зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аударуға рұқсат беру қажет деп санаймын. Бұл қадам жұрттың қаражат жинауды және оны сауатты жұмсауды дағдыға айналдыруына мүмкіндік береді», – деді Президент. Әрине, аталған тұрғын үй бағдарламасының механизмі, ережесі түзілген жоқ. Шарттары белгілі болғанда тағы бір толғарымыз анық. Бірақ елдің не күтерін, сарапшылардың ойын білген жөн. Өйткені сіз бен біздің ойымыз жоғарыға ұнап немесе жауаптылардың бірі көз қырын салуы мүмкін. Мәселен, экономист Дәулет Төлеутайұлының бағдарламадан күтері көп. «Табысы аз отбасылар, яғни 80 мың, 100 мың, 60 мың теңге алатын азаматтарға мемлекеттен қандай қолдау болады? Мысалы, олар өмір бойы пәтер жалдап тұра алмайды. Сондай азаматтарға бірыңғай тұрғын үй бағдарламасының септігі тиер. Сол үшін табысы аз азаматтар үйлі болатындай мүмкіндік қарастыру қажет», – дейді ол. Осыдан кейін қарапайым халықтың пікіріне назар аудардық. Экономист айтқандай, көбін жалақы мәселесі қинайды. 20-30-50% алғашқы жарна салу жағын алып тасауды қалайтындар бар. Біразы көпбалалы, толық емес отбасы, мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты әке-ана статусы тиісінше рөл ойнап, табысын растау бойынша жәрдемақылар есепке алынғанын күтіп жүр. Ең бастысы, олар бағдарлама шарттарын созбақтамай, ертерек жарияланса дейді. Өйткені баспана кезегін 10-20 жылдап күтіп жүргендер жетерлік. Айталық, елімізде 1 миллионнан астам адам ең төменгі жалақы мөлшерінде (42 500) айлық алады. Келесі жылдан бастап оған 17 500 теңге қосылады. Бірақ азық-түліктің қымбаттайтынын, коммуналдық төлемнің өсетінін есептесеңіз, 60 мың теңге үй алуға жетпейді. Сол үшін бәрінің жағдайын сараптап, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасын жасау жауаптыларды біршама әуреге салайын деп тұр. Десе де, жаңа бастамадан халықтың күтері көп. Ал Президент нұсқаған депозитке ақша жинау жайына келсек, бұл да бір тиімді іс болмақ. Егер зейнетақы қорындағы жинағыңыз шекті мөлшерден асса, «Отбасы банк» депозитіне аудара аласыз. Демек, ай сайынғы жалақыңыздың 10%-ы келісіміңізбен депозитке түседі. Мұның астарында бағалау көрсеткішін реттеу жатқандай. Себебі «Отбасы банкіндегі» депозитке 3 жыл бойы үнемі ақша салсаңыз, бағалау көрсеткіші 16-ға жетеді. Ал осы цифр арқылы банкке төлейтін пайызды біршама азайтуға болады. Сондықтан қордағы жинағы шекті мөлшерден асқан 721 мың азаматқа бастаманың көмегі тиері хақ.Қандай бағдарлама тиімді?
Бұл тұрғындарды бағзыдан бері мазалап келе жатқан сұрақ. Нарықтағы баспана бағдарламалары көбейген сайын тиімдісін іздейміз. Әскерилерге, әйелдерге, жалғызбасты аналарға арналған бағдарлама және тағы басқасы деп бөліп жатамыз. Шынында, қайсысы тиімді? Банктегі пайыз, алғашқы жарна жайы тағы бар. Мемлекет басшысы да аяқталуға жақын бағдарламалар турасында сөз қозғады. Ал ел арасында аяқталған бағдарламалар жайын білмейтіндер де кездеседі. «Мәселен, «Баспана хит» бағдарламасы аяқталды. Бұл бағдарламамен ешқандай банк жұмыс істемейді. «7-20-25» бағдарламасына Үкімет бөлген 1 трлн теңге игеріліп жатыр. Шамамен, аталған бағдарлама 2022 жылдың ІІІ тоқсанында аяқталуы мүмкін. Нарықтағы ипотекалық бағдарламаларды салыстыратын болсақ, «7-20-25» бағдарламасы өзінше тиімді. Неліктен? Себебі елдегі инфляцияның өзі 8-8,5%-ға жетті. Ал мұндағы 7% халыққа қолайлы. Әрине, оған жаңа тұрғын үй кешенінен баспана алатынын қосыңыз. Егер мұны қымбатсынса, 5%-бен үйлі болатын бағдарлама тағы бар. Бірақ кемшілігі олар тұрғын үй бағасының 50%-ын жинау керек. Бәріміз айтатын бағалау көрсеткішін 16-дан асырып, табыс көзін растамай 5%-бен үй алатын болса, өте тиімді бағдарлама болатын еді», – дейді экономист Дәулет Мұқаев. Байқасаңыз, Жолдаудағы баспана туралы айтылған әр сөйлемге жауап іздеп жатырмыз. Жоғарыдағы бағдарлама жайынан кейін қолжетімді ипотекалық мөлшерлеме жасау турасында сұрақ туары хақ. Расымен, мұндай мөлшерлеме жасау қолдан келе ме? Дәулет Төлеутайұлының айтуынша, бәріне бірдей қолжетімді ипотекалық мөлшерлеме жасау мүмкін емес. Себебі оны бірінші кезекте бюджет көтермейді. Екіншіден, банктің пайызы жоғары. Мысалы, «7-20-25» бағдарламасы мемлекеттен субсидия алады. Негізінде оның пайызы 12-ден жоғары екен. Ал халыққа 7%-бен беріледі. Бағдарламаның 5%-дан артық мөлшерін мемлекет банктерге көмек ретінде беріп отыр. Оның үстіне, Президент Жолдауында банктерге көмек беруді тоқтату қажетін айтты. Сол үшін ипотекалық мөлшерлемені қолжетімді ету әсте қолдан келмейді.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ