Өрлеуге өзек болар құнды Жолдау
Өрлеуге өзек болар құнды Жолдау
296
оқылды

VII шақырылған Парла­менттің екінші сессиясын ашқан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан хал­қына Жолдауын жария­лады. Бұл тәуелсіздік тари­хындағы Мемлекет басшы­сының  25-ші, соның ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлының 3-ші Жолдауы болып отыр. Сарап­шылар байламынша, Пре­зидент Жолдауының қыр­күйекте, парламенттік сес­сия­ның ашылуында жария етілуі жаңа саяси дәстүрге айналды. Бұл депутаттық корпусқа да, меморгандарға да қолайлы: Жолдау басымдықтарын бір­лесе талқылап, заң шығару жұ­мысында және бюджеттік жос­парлауда ескеруге мүм­кіндік береді.

Қ.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жаңа Жолдауы ел өмірінің барлық басты қырын – әлеуметтік, эко­номикалық, саяси, экологиялық және басқа да салаларын толық­қанды қамтыды. Стратегиялық басымдықтар мен бір жылға ар­нал­ған тапсырмаларға қоса, Президент 5 нақты бастамасын ұсынды. Олар халықтың өзекті проблемаларын шешуге, әл-ау­қа­тын жақсартуға мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл азат ел болғанымызға 30 жыл толып отырғанын еске салды. – Тәуелсіздік – біздің ең қас­терлі құндылығымыз. Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дара саясатының арқасында Қазақстан табысты ел ретінде бүкіл әлемге танылды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қоғамдас­тық­тың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам түзіп, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақ­тылық, халықтың тұрмыс са­па­сының жақсаруы және жас­тар­дың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда, – деді ол. Еліміз Тәуелсіздік жылна­ма­сының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Президенттің пайымдауынша, бұл кезеңнің оңай болмайтыны қазірдің өзінде айқын байқалуда. Сондықтан кез келген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет. Жолдау осы жолдағы көкейкесті мәселелерге арналды.

Пандемиядан кейінгі экономикалық өрлеу

Қ.Тоқаев Орталық Азиядағы экономикасы ең ауқымды ел саналатын Қазақстанның қазір пандемия зардабын тартып отыр­ға­нын айтты. Дегенмен қиын­дық­тарға қарамастан, бағдарымызды берік ұстанып келеміз. Мемлекет ортамерзімді экономикалық саяса­тын айқындап, мемлекеттік баста­маларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдады. Ұлттық жобалар әзір және алда бекітіледі. Президент Қазақ елінің аймақ лидері болып қала беретінін нықтады. – Стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азиядағы көшбас­шы­лық рөлімізді күшейту және әлем­дік экономикадағы орны­мызды нығайту! Экономикамызға тікелей инвестиция тарту ісін жалғастыру­дың жаңа тәсілі ретінде Стратегия­лық инвестициялық келісім ұғымы енгізілді. Квазимемлекеттік сек­тор­ды оңтайландыру үшін нақты ша­раларды қолға алдық. «Бәй­терек» және «ҚазАгро» холдинг­те­рін біріктірдік. Еншілес компа­ниялар 2 есе азайды, олардың штат санын 1,5 есе қысқарттық. Жаңа, қуатты даму институтын құрдық. Пандемия кезінде мемлекет аза­маттарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетті, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Зейнетақы жинақтарын мер­зімінен бұрын пайдалану жөніндегі президенттік бастама экономи­каның дамуына айтарлықтай әсер етті. Ең бастысы, оның әлеуметтік ықпалы айрықша болды. Осы ша­раның арқасында миллионнан ас­там азаматымыз тұрғын үй жағ­дайын жақсартты. Кейбірі ипоте­калық қарызын азайтты. – Экономикалық дамуымызда оң үрдіс бар екені сөзсіз. Алайда бүгінгі ахуал әлі де күрделі. «Қара­пайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдар­ламаларының мерзімін 2022 жылға ұластыру туралы шешім қабыл­дадым. Бұл мақсатқа бөлінетін қаржының жалпы көлемі кемінде 1 триллион теңге болады, – деді Мемлекет басшысы. Оның айтуынша, соңғы кезде бюджеттің шығыс бөлігіндегі мін­деттемелерді орындау үшін бюджет тапшылығы ұлғайтылып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер өсуде. Үнемі осылай «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүре алмаймыз. Елдегі қаржылық қор шексіз емес. – Бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау қажет. Бірінші кезекте мемлекеттік шы­ғыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керек. Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджет ережесін енгізуді тездеткен жөн. Бұған қажетті заңнамалық өзгеріс­тер осы жылдың соңына дейін қа­былдануы тиіс. Елімізге мемлекет қаржысын, атап айтқанда, мемле­кеттік қарызды, бюджет саясатын және Ұлттық қорды басқарудың ережелер жинағы қажет. Үкімет пен Ұлттық банктен жыл соңына дейін Мемлекет қаржысын басқару тұ­жырымдамасын әзірлеуді ұсына­мын, – деді ел Президенті.

Жаңа ведомство құрылуы мүмкін

Үкіметке экономиканы әрта­рап­тандыру, өндірілетін тауарлар­дың түрін көбейтіп, экспорт гео­гра­фиясын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыру жүктелді. 2020 жылдың қорытындысында Индустрияландыру жүзеге асыры­лып жатқан 10 жылда тұңғыш рет өңдеу өнеркәсібінің үлесі тау-кен өндірісі саласынан асып түсті. Бі­рақ Қазақстан мұнымен шектел­мейді: орта мерзімдегі мақсат – 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсі­бінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп, 24 миллиард долларға жеткізу, ал еңбек өнімділігін 30%-ға арттыру болмақ. – Әзірленіп жатқан «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң өңдеу өнер­кәсібінің алдында тұрған сауалдарға жауап беруі тиіс. Соның бірі – ши­кізатқа қол жеткізудің қиын­дығы. Отандық өнеркәсіп үшін шикізат тауарларының бағасы қолжетімді, ал көлемі жеткілікті болуы керек. Үкімет жыл соңына дейін осы маңыз­ды міндетті шешудің оңтай­лы жолын табуы тиіс. Бұл ретте елі­міздің ресурстық әлеуеті толық ашыл­мағанын, жер астының геологиялық тұрғыдан зерделену деңгейі төмен екенін қаперден шығармаған жөн, – дей келе, Қ.Тоқаев сапалы геологиялық ақпараттың инвесторларға қол­жетімділігін арттыру міндетін қойды. Осыған орай ол «түрлі ведомс­т­во­ларға бағынатын бытыраңқы мекемелердің негізінде тиімді Ұлт­тық геология қызметін құру керек» деді. Демек, алда жаңа ведомство, тіпті жеке министрлік ашылуы ғажап емес. Бұл орган, Мемлекет басшысының байламынша, жер қойнауын кімге және қалай беруді шешетін монополистке айналмауы шарт. Оның міндеті – инвесторларға кешенді қызмет көрсетіп, қолдау. – Жер қойнауы – ұлттың бай­лығы. Оны пайдалануға беруді оңаша кабинеттерде «бармақ басты, көз қыстымен» шешу заңсыз деп танылуы тиіс. Тиісті органдар бұл мәселе бойынша бақылау жа­сауды қамтамасыз етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол мемлекеттің экономикаға көп араласатынын жеткізді: бұл экономикалық өсімді тежейді, коррупцияға, заңсыз лобби жасауға соқтырады. Реформалар жөніндегі жоғары кеңес жекешелендірудің жаңа жоспарын мақұлдады. Енді оның іске асуын қатаң бақылау қажет. – Бұдан басқа да мәселелер бар. Мысалы, жекелеген ұлттық компа­ниялар мен мемлекеттік кәсіп­орын­дар шығынға батып жатыр. Сөйте тұра неге олардың бірінші бас­шылары жауапкершілік арқала­майды? Үкімет бұл мәселені шешуі керек. Сонымен бірге, біз инф­ля­цияның бақылаусыз өсу пробле­масымен бетпе-бет келдік. Үкімет пен Ұлттық банк бәрін әлемдік үрдіске жауып, инфляцияның алдында қауқарсыздық танытып отыр. Мұндай сылтау ұлттық эко­номиканың әлсіздігін көрсетеді. Онда «біздің кәсіби экономистері­міздің рөлі қандай?» деген сауал туындайды, – деген Президент Үкі­мет пен Ұлттық банкке инфля­цияны 4-6% деңгейіне қайтаруды тапсырды.

Ауылға қатысты батыл қадамдар

Қ.Тоқаев инфляцияның моне­тарлық емес тұстарына тоқталды. Оның ең бастысы – азық-түлік бағасы. – Қазақстанның ауыл шаруа­шы­­лығының әлеуеті орасан зор. Бірақ агроөнеркәсіп кешені са­ласында қордаланған проблемалар да аз емес. Ең алдымен, бұл – азық-түлік тауарларының бағасын бел­гілеудің және оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуі. Мен бұған дейін көтерме-тарату орталықтарының (КТО) желісін құрудың маңызды­лығын айтқанмын. Бұл міндет орын­далып жатыр. Осы орталық­тардың шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, соның ішінде, жеке қосалқы шаруашы­лықтарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл нарықтың монополиялануына жол беруге болмайды, – деді ол. Мұның сыртында, ел Прези­дентінің пікірінше, өнім өндіру­ші­ден тұтынушыға дейінгі аралықтағы бағаның бәріне бірыңғай бақылау жасау қажет. Қазір осы жұмысқа бірнеше мекеме жауапты. Баға ша­рықтаған сайын байыппен сарап­тама жасап, тиімді шара қабылдау орнына олардың бір-біріне сіл­тейтіні Мемлекет басшысына ұна­майды. – Бұл жұмысты ретке келтіретін кез келді. Жауапкершіліктің ара-жігін ажырату керек. Бір мекемені басты орган ретінде айқындап, өзгелерінің өзара іс-қимылын нақ­ты белгілеу қажет. Үкімет осы мәселе бойынша 1 ай ішінде шешім қабылдауы тиіс. Екіншіден, ауа ра­­йы­ның қолайсыздығы мал шаруа­­шылығында түйткілді мәсе­лелер бар екенін көрсетті. Біз жедел шара қабылдап, жемшөп тапшы­лығына байланысты ахуалды рет­тедік. Дегенмен бұл салада әлі де жүйелі жұмыс атқару керек. Жем­шөп дайындауға қажетті жер кө­лемін кеңейткен жөн, – деді ол. Сондай-ақ егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейткен абзал. Ғарыштық мони­торинг және қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен қолдану керек. – Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруаның қолы жетпей тұр. Алқаптарды белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауы тиіс. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайы­лымдық жермен қамту мәселесіне айрықша назар аудару қажет, – деген Қ.Тоқаев олардың құ­қықтық мәртебесі және көрсеті­ле­тін қолдау тәсілдері «Жеке қо­салқы шаруашы­лықтар туралы» бөлек заңда көрініс табуы керегін нықтады. Үкімет бұл заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуге міндетті. Қасым-Жомарт Кемелұлы ел­дің аграрлық саясатында са­бақ­тас­тық болмай тұрғанын айтып, қатаң сынады. – Министр ауысса, саланың саясаты да өзгереді. Мұндай жағ­дайда шаруаларға алдағы жұмысты жоспарлау қиынға түседі. Бірың­ғай негізгі бағыт болуы қажет. Соған сәйкес субсидиялау тәсіл­дерін қайта қарап, тұрақтандыру керек. Соңғы 5 жылда субсидия­лауға 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты. Бұған жол беруге болмайды. Нормативтік негізін нығайтып, тиімді жоспарлау және мони­торинг жүргізу жүйесін енгізу қажет, – деді Президент. Субсидияны рәсімдеу тәртібі түсінікті әрі толығымен ашық етілмек.

Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі артады

Ел Президенті Қазақстан  коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі екеніне екпін түсірді. – Біздің вакцинамыздың тиім­ді әрі қауіпсіз екеніне еш күмән жоқ. Қазір QazVac-қа өзге мем­лекеттер де сұраныс білдіруде. Елімізде вакцина қоры жеткілікті, азаматтарымыздың таңдау мүм­кіндігі бар. Көптеген мемлекеттің бұған қолы жетпеді. Елімізде жап­пай екпе салу жүріп жатқанымен, қоғамда оған қарсы адамдар әлі де көп. Олар өздері бас тартып қана қоймай, халықты кері үгіттеуде. Қаншама жұртты адастыруда. Мұндай адамдар өзінің ғана емес, өзгенің өмірі үшін де жауап бере­тінін түсінуі тиіс, – деген ол қа­зақстандықтарды антивак­сер­лерге ермеуге шақырды. Мемлекет басшысы алдағы уақытта әлемде коронавирустың жаңа штамдары шығуы мүмкін екенін қаперге ала отырып, «бус­терлік вакцинаны» сатып алудың өте маңызды екенін айтты. – Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымында тіркелген вак­ци­наларды тезірек сатып алу қажет. Бүкіл денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайын­даған жөн! Еліміздің биологиялық қауіпсіздігін болжаумен айналы­са­тын Ұлттық жүйе құрылуы тиіс. Бұл шара тиісті заң жобасында қарастырылған. Парламенттен осы заң жобасын қазіргі сессия­ның соңына дейін қабылдауды сұраймын, – деді Қ.Тоқаев. Жолдауға сай, «Дені сау ұлт» жобасы бойынша кемінде 12 зертхана жоғары технологиялық құралдармен жабдықталады. Нәтижесінде олар 90%-ға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтін болады. Жолдау Қасым-Жомарт Тоқаев Үкі­метке коронавирустан басқа ауру­ларға қатысты ахуалды нашарла­тып алмауды жүктеді. Сондай-ақ медицина саласына қомақты қаржы құю тапсырылды. Бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұм­салуы тиіс. Фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлінбек. Дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17% ғана – отандық өнім. 2025 жылы оны 50%-ға жеткізу қажет.

Сапалы білім – жарқын болашақтың ұстыны

Биылғы қаңтар айынан бастап педа­гогика саласы қызметкер­ле­рінің жалақысы 25 пайызға кө­бейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмса­лады. Қабылданған шаралар же­місін берді. Педагог маман­дығын қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Жолдау аясында Президент қа­шықтан оқытуды енгізуді тап­сырды. – Пандемия кезінде қашықтан оқытудың нәтижесі ұлттық теле­коммуникация желілерінің тиім­ділігі төмен екенін көрсетті. Мұн­дай ахуал негізгі, қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылар санының артуына әкеп соқты. Тағы бір проблема әрі нағыз қиындық осы деуге болады: балалар оқуын тастап кетіп жатыр. Өйт­кені білім алуды қажет деп сана­майды. Үкіметке бұл мәсе­лемен, атап айтқанда қа­шықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартумен мықтап айналысуды тапсырамын! Біздің білім беру жүйеміз қол­жетімді әрі инклюзивті болуы тиіс, – деді Қ.Тоқаев. Мемлекет басшысы мұғалім­дерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуді ұсынды. Өйткені дәл осы ұстаздар қауымы жаңа білімді таратушыға, нағыз ағартушыға айналуы тиіс. – Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектеп­тердегі орын тапшылығы. Бүгінде 225 мың оқушыға орын жетіс­пейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшы­лығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мек­­теп салу туралы тапсырма бер­ген болатынмын. Бүгін оның санын 1 мыңға жеткізуді міндет­теймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазір NEET санатындағы 237 мың жас не оқу оқымайды, не жұ­мыс істемейді. Жыл сайын мек­теп бітірген 50 мың түлек оқу­ға ақылы негізде түсуге мәжбүр. Олар­дың 85% – тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағ­дайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім 100% тегін берілетін болады. – Мамандық алудың тағы бір мүмкіндігі армияда берілуі тиіс. Мерзімді әскери қызметтегі сар­баздардың экономикадағы нақты сектор үшін қажетті жұмысшы ма­мандығын игеруі мәселесін пы­сықтаған жөн. Құзырлы министрлік жоғары білім беру сапасын арттыруды қамтамасыз етуі тиіс, – деді ел Президенті. Жолдауда ғылымды дамытуға да баса мән берілді.

Өңірлік саясат жетілдіріледі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, түрлі деңгейдегі әкім­дердің батыл әрі дербес қадам жасауға қабілеті жетпей жатады. Олар орталыққа жалтақтап жұмыс істейді. Бұл негізінен, әкімдердің халық алдындағы қазіргі жауап­тылық деңгейі жеткіліксіздігіне байланысты. Олардың қызметіне баға бергенде тұрғындар пікірі ескеріле бермейді. – Сондықтан барлық деңгей­дегі әкімдердің жұмысын бағалау тәсілі оңтайландырылады. Осы­ған орай тәуелсіз әлеуметтік сауал­­нама жүргізудің маңызы зор. Бұл тәсіл арқылы билік органдары жұмысының сапасына тұрғындар­дың көзқарасы туралы шынайы мәлімет алуға болады. Формальды есептерден гөрі сауалнамадан ха­лықтың көңіл күйі анық аңғары­лады. Президент Әкімшілігі осы мәселеге байланысты ұсыныстар топтамасын әзірлеуі керек, – деді Мемлекет басшысы. Ол бюджет қаржысын ба­сым­дыққа сай жұмсау міндетін қойды. Республикалық бюджет­тен қаржы бөлу әкімдердің әбжілдігі мен пысықтығына, сөзінің өтімділі­гіне және басқа да субьективті факторларға байланысты болмауы керек. Бюджет үдерісін «қайта жүк­теу» үшін жан басына қарай қар­жыландыру тетігі неғұрлым кең қолданылып, бюджет лимит­терін бөлудің объективті әдісте­месін енгізілмек. Яғни тұрғыны көп облыс көбірек бюджет иелен­гені дұрыс. Президент жобалардың смета­лық құнын үнемі артық көрсетуді  аса өткір проблема деп атады. Бұл балабақша және мектеп сияқ­ты шағын жобаларға да, ірі ин­фрақұрылымдық жобаларға да қатысты. Ендеше қолданыстағы нормативтік база мен тәжірибені өте қысқа мерзім ішінде түбегейлі қайта қарау керек. Үкімет пен Есеп комитеті 1 желтоқсанға дейін тиісті ұсыныстар енгізуге мін­­деттелді. Елдегі экология мәселесі бас­ты назарда. Мейлінше ластанған 10 қала орта мерзімді кезеңде газға не баламалы қуат көздеріне кө­шірілуі керек. Қ.Тоқаев өңірлерді дамыту аясында ірі инфрақұрылымдық жобалардың тұтас тобы жүзеге асырылатынын хабарлады. Олар­дың арасында газ құбырларын, су қоймалары мен арналарын қайта құру және салу бар. Нақтылай кет­сек, биыл батыс өңірлерін газ­бен қамтамасыз ету ісін жақсарту үшін жалпы сомасы 700 миллиард теңге болатын үш жоба бойынша жұмыс басталады. Бұл – Қаша­ған­дағы газ өңдеу зауытының және «Мақат-Солтүстік Кавказ» ма­гис­тралды газ құбырының құрылысы, сондай-ақ, «Бейнеу-Жаңаөзен» магистралды газ құбырын жаң­ғыр­ту жұмысы. Су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 канал қайта жаңғыртылады. Ақмола, Алматы, Батыс Қазақ­стан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынады.

Саяси жаңғыру жалғасады

Президент Жолдауда саяси реформаларға жеке орын бөлді. Шындап келгенде, ол жаңа, төртінші саяси реформалар топ­тамасын ұсынды. – Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу аса маңызды қадам болды. Осы шешім ауыл хал­қының, яғни қазақстандық­тар­дың 40%-дан астамының мүддесіне тікелей ықпал етеді. Біз дұрыс жолдамыз. 2024 жылы азаматтар пилоттық режімде енді аудан әкімдерін сайлау мүм­кіндігіне ие болады! Президент Әкімшілігі облыс әкімдіктерімен бір­лесіп, ауылдық жерлердегі аза­маттық бастамаларды қолдаудың тиімді тәсілдерін әзірлеуі керек, – деді Қ.Тоқаев. Сайлау тізіміндегі әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота туралы норманың енгізілуі пар­тия­ларды барынша белсенді жұ­мыс істеуге, жаңа адамдар іздеп, өз қатарын жасартуға жетеледі. – Дегенмен халық қалаулы­ларының түпкілікті құрамы жа­сақталғанда бұл квота сақталған жоқ. Оның толыққанды әсері болуы үшін депутат мандатын бөлу кезінде де осы квотаны мін­детті түрде ескеру туралы норманы заң жүзінде бекіту керек. Біз ин­клюзивті қоғам құрып жатырмыз. Ерекше қажеттілігі бар тұлғалар әзірге еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде көп емес. Квота бөлінетін азаматтар санатының тізімін кеңейтуді ұсынамын. Онда жастар мен әйелдерден бөлек, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да квота белгілеу керек, – деді Мем­лекет басшысы. Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына өз­герістер енгізілетін болды. Құқық қорғау жүйесін де елеулі өзгерістер күтіп тұр. Бір­неше өңірде полицияның сер­вистік моделі пилоттық режімде жұмыс істей бастады. Келесі кезең – оның ауқымын кеңейту болады. – Қылмыспен күресудің прак­тикалық мәселелерін назардан тыс қалдырмау керек. Алаяқ­тықтың көбеюіне байланысты азаматтардың наразылық білдіруі орынды. Бас прокуратура алаяқ­тыққа және қаржы пирамидалары­на қарсы кешенді шаралар әзір­лейтін болады. Балаларға, соның ішінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қарсы жыныстық қылмыстардың алдын алу және оның жолын кесу ерекше бақы­лауда болуы тиіс. Өскелең ұрпақ­тың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі заттары­ның, соның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы. Құқық қорғау органдарына бұл қатердің аза­маттар, әсіресе жастар арасында таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырамын, – деді Президент. Жолдауда сыбайлас жем­қор­лықпен тиімді күреске көңіл бөлінген.

Өрлеу үшін ұлт ұйыса қимылдауы керек

Біздің нағыз күшіміз – бір­тұтастығымызда. Бұл ереже беки түспек. – Пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез кел­ген көрінісінің жолын кесеміз, егемендігімізге, аумақтық тұтас­ты­ғымызға қол сұғуға жол бермей­міз! Қоғамдағы бірлік пен келі­сімді көздің қарашығындай сақ­тауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынас­тың маңызды екенін барлық азамат түсінуі қажет. Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз. Адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол бермейміз, заң бойынша жауапқа тартамыз. Конституцияға қайшы мұндай жауапсыз қадамдар еліміздің не­гізгі мүдделеріне зиян келтіреді, – деді ол. Президент мемлекеттік тілдің өз ретімен дамып жатқанын айтты.

Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу аса маңызды қадам болды. Осы шешім ауыл хал­қының, яғни қазақстандық­тар­дың 40%-дан астамының мүддесіне тікелей ықпал етеді. Біз дұрыс жолдамыз.

– Қазақ тілін дамыту мемле­кеттік саясаттың басым бағыты­ның бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүр­гізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құ­бы­лыс, өмірдің басты үрдісі. Ендеше қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата заң бойынша Қазақстанда 1 ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Орыс тілі ресми тіл мәртебе­сіне ие. Заңнамаға сәйкес, оның қолданылуын шектеуге болмайды, – дей келе Қ.Тоқаев болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюы тиісін нықтады. Отаншылдықтың басты белгісі осы болады. – Қазір мемлекет бюджет қар­жы­сын оңды-солды иелене бе­ретін белгілі бір қайраткерлердің ғана жобаларын қаржыландырып отыр. Бұл әрине, түсініксіз жағ­дай. Жас әрі дарынды мүсіншілер, суретшілер, театр қызметкерлері, музы­канттар, қаламгерлер жаңа жанр түрлерін игеріп, ұдайы ізде­ніс үстінде жүреді. Сөйте тұра, олар елеусіз қалып, меценаттардың көмегімен ғана күн көреді. Қазақ­стан мәдениеті сол жас дарын­дардың арқасында жаһандық деңгейде танылып жүрген жоқ па?! Үкімет сарапшылармен бір­лесіп, жыл соңына дейін жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін дәріптеуге бағытталған нақты шаралар жоспарын ұсынуы тиіс, – деді Президент. Ол креативті индустрияны қолдау қорын құруды қарастыруды ұсынды.

Жарқын болашақты жақындатар 5 бастама

Жолдаудың басты бір жаңа­лығы – ол халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған 5 бастамадан тұрады. І бастама аясында ең төменгі жалақы (ЕТЖ) деңгейі қайта қаралмақ. – Бізде ең төменгі жалақы мөл­шері 2018 жылдан бері өскен жоқ. Коронадағдарыс тұрғындар­дың табысына кері әсер етті. Оның үстіне Қазақстан ең төменгі жалақы деңгейі бойынша ТМД-ның бірқатар елінен артта қалды. Осыған байланысты 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42,5 мың тең­геден 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шара 1 миллионнан астам адамға тікелей, ал бүкіл еңбеккерлерге жа­нама әсер етеді, – деді Қ.Тоқаев. Бұл қадам жалпы жалақының 30, тіпті кейде 40%-ына дейін жететін «көлеңкелі» еңбекақы қорын азайтуы, сондай-ақ ішкі тұтынуды өсіріп, экономикаға оң әсер етуі тиіс. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл ІЖӨ-ні 1,5%-ға арттырады. Мемлекет басшысы ЕТЖ-ны салықтық, әлеуметтік, басқа да салаларда есептік көрсеткіш ре­тінде орынсыз пайдалануды қою­ды тапсырды. Үкімет пен Пар­ламент жыл соңына дейін қажетті өзгерістерді заңнамаға ен­гізіп, оның келесі жылғы қаң­тар­да күшіне енуіне жол ашуы шарт. ІІ бастама аясында бизнес өз қызметкерлерінің жалақысын көтеруге ынталандырылады. –  Қазақстанда 6,5 миллионнан астам адам жалданып жұмыс істейді. Олардың негізгі табыс көзі – жалақы. Бұл ретте еңбекақы төлеу қорының өсімі соңғы 10 жылда кәсіпорын иелері табысы­ның өсімінен 60 пайызға жуық қалып қойды. Енді Үкімет бизнес­ті өз жұмысшыларының жалақы­сын көбейтуге ынталандыратын «ұтымды» шаралар әзірлейді. Қызметкерлерінің еңбекақысын көбейткен жұмыс берушілерге мемлекеттік сатып алу жүйесінде жеңілдіктер беріледі. Оларға мем­лекет тарапынан белсенді қолдау көрсетіледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. ІІІ бастама аясында еңбекақы қорынан жиналатын алым жеңіл­детілмек. – Еңбекақы төлеу қорына түсетін салмақтың өзі барынша түсінікті әрі қарапайым болуы қажет. Бұл, әсіресе, микро және шағын кәсіпкерлік саласында қатты сезіледі. Мұндай бизнес үшін жиынтық салмақты 34%-дан 25%-ға төмендете отырып, еңбек­ақы төлеу қорына бірыңғай төлем енгізуді ұсынамын. Бұл шара бизнесті мыңдаған қызметкерін «көлеңкеден шығаруға» ынталан­дырады. Сонда олар зейнетақы жүйесінің, әлеуметтік және меди­циналық сақтандыру жүйесінің толық қатысушысына айналады. Жаңа жүйе 2023 жылғы 1 қаңтар­дан бастап жұмыс істей бастауы тиіс, – деді Қазақстан Президенті. VІ бастама кітапханашы, архивші, бухгалтерлер және басқа да бюджеттік сала қызметкер­лерінің жалақысын көтеруді қа­растырмақ. – 2020 жылдан бастап 600 мың­нан астам педагог пен дәрі­гердің, әлеуметтік сала қызмет­керінің жалақысы өсті. Алайда бюджеттен қаржыланатын өзге сала азаматтары бұдан тыс қалды. Бұлар – мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қо­рық­шылар, көлік жүргізушілер және басқалар. 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санат­тағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеп­пен 20 пайызға өсіретін болады, – деді Мемлекет басшысы. Тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді. V бастама аясында елде жаңа тұрғын үй бағдарламасы пайда болмақ. – Тұрғын үй азаматтарымыз үшін қашан да басты мәселе. «Баспана хит» және «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламала­рының мерзімі таяу арада аяқ­та­лады. Нарықтық ипотека ставкасы болса, әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес. Осыған орай бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады. Ұлттық даму институтына айна­латын «Отбасы банкі» оның әкім­шісі болып белгіленеді. Банк ал­дында «бір терезе қағидаты» бо­йын­ша есеп жүргізіп, азаматтарға тұрғын үй бөлу міндеті тұр, – деді Қ.Тоқаев. Зейнетақы жинағын мерзі­мінен бұрын пайдалану туралы президенттік бастама әлеуметке де, экономикаға да оң әсер етуде. Сондай-ақ, бұл қадам адамдардың жұмыс берушілерден еңбекақыны ашық төлеуді, БЖЗҚ-ға жарна аударуды талап етуіне түрткі болыпты. Осы үрдісті қолдау үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы зей­нетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бө­лігін тұрғын-үй сатып алу мақса­тында «Отбасы банкіндегі» есеп­шотқа аударуға рұқсат берді. Алда бұған қатысты заң Парламентке келеді. – Құрметті депутаттар! Бүгін Парламенттің кезекті сессиясы басталды. Алдымызда көптеген маңызды міндет тұр. Әрбір заң жобасының қыр-сырына терең үңіліп, оны сапалы дайындау керек. Сіздер халықтың мүддесін қорғау үшін әрдайым табандылық танытуға тиіссіздер. Әрбір шешім елдің сұранысын да, мемлекеттің мүмкіндігін де ескере отырып қабылдануы қажет. Осы жауапты жұмыста сіздерге сәттілік тілей­мін! – деп түйді ел Президенті. Ол игі бастаманың бәрі соңы­на дейін жеткізілетінін қадап айт­ты. Бұл үшін мемаппарат тиімді, біртұтас құрылымдай жұмыс істеуі шарт. – Мемлекет басшысының ба­ғы­тына күмән келтіретіндердің, өзіне жүктелген жұмысты еңсере алмайтындардың, уақыт өткізіп босқа отыратындардың, Прези­дент тапсырмаларын орындаудан жалтаратындардың бәрі атқарып отырған лауазымынан кетуі тиіс. Біз қазір дамуымыздың шешуші кезеңіне қадам бастық. Мемаппа­рат біртұтас механизмдей жұмыла жұмыс істеуге міндетті. Тек сонда ғана қойылған мақсаттарға қол жеткізе аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айхан ШӘРІП