Ерекше балаларға білім қажет
Ерекше балаларға білім қажет
715
оқылды

Петропавлда ерекше қа­жеттіліктері бар балалардың ата-аналары жаңа оқу жы­лын­да күтпеген жағдайға тап бол­ды. Мектептердегі инк­лю­­­зияны қолдау кабинет­терін әдістемелік демеуді қар­жыландыру тоқтаты­лып­ты. Үш жыл бойы жұмыс іс­теп келген кабинеттердің әдіс­темелік жұмысы өз нә­ти­жесін бере бастаған кезде маң­дайы тасқа тиген ата-аналар мәселені шешу жо­лын таба алмай дал болып отыр.

Осыдан үш жыл бұрын «Әр бала мектепке лайық» бағ­дар­ла­масы аясында Петропавлдағы №8, №21 және №23 орта мек­тептерде инклюзияны қол­дау кабинеттері ашылған болатын. Сөй­тіп, ерекше қажеттіліктері бар 30 шақты бала жұрт қатарлы жал­пы білім беретін мектепте оқу мүмкіндігіне ие болып, ата-ана­лары қуаныштан бөркін ас­панға атқан-тын. 0, 1 және 2-сы­ныпты тәмамдап, биыл 3-сы­ныпқа келген балалар енді әдіс­темелік қолдаусыз қалды. Оған себеп – қаржы тапшылығы. Бұған дейін осы кабинеттің жұ­мысын қаржыландырып келген кор­поративтік қор биыл ондай мүмкіндік жоқ екенін айтып, жер­гілікті әкімдіктен бар шы­ғын­ды өз мойнына алуды сұрап отыр. Жергілікті деңгейде бұл мә­селе әзірге шешімін таба қой­ған жоқ. Ал ата-аналар мұндай әдіс­темелік қолдау өте қажет екенін айтады. Ерекше күтімді қажет ететін баланың анасы Светлана Куташинаның айтуынша, әр оқушыға жеке-дара бағдарлама қажет. «Біздің балалар жеке кесте, өзіндік бағдарлама бойынша білім алады. Кор­поративтік қордан бекітілген тьютор олардың әрқайсысымен жеке-дара жұмыс істеп, жеке бағдарлама жасай­тын, куратор ретінде даму барысын қадағалайтын. Әр бала үшін қай пән аптасына неше рет оқытылуы тиіс екеніне, қандай машықтарына көңіл бөлу керегіне баса мән беретін. Соның нәтижесінде МВА және басқа да түрлі тестілеудің қорытындысы бойынша балаларымыздың көрсеткіштері жақ­сарып келе жатыр еді. Енді куратор жоқ. Биыл балаларымыздың жағдайы қалай болады?», – деп алаңдаушылы­ғын білдірді Светлана Викторовна. Оның пікірін баласы аутизмге ұшы­раған Наталья Тюрина да қолдады. «Біз­ге әдістемелік жағынан куратор мін­детті түрде қажет. Онсыз күніміз қа­раң. Мектепте ондай деңгейдегі білікті маман жоқ. Жалпы, қай кезеңді алсақ та, яғни балабақшада да, емханада да мұндай маманды күндіз шаммен іздесең де, таппайсың. Инклюзияны қолдау ка­­бинеттері, меніңше, әрбір балабақ­шада болуы керек. Бұл баланың бойын­дағы кемістікті ерте бастан анықтап, түзетуге мүмкіндік берер еді. Бүгінде ба­лабақша­да мұндай жұмыс мүлдем жүргізіл­мей­ді», – дейді Наталья Тюрина. Бұл – елі­міздің барлық өңіріне тән мәселе.

МАМАН ТАПШЫ

Бірқатар университеттерде дефек­тология мамандығы бар болғанымен, жоғары оқу орындары арнайы түзету мектептеріне ғана мамандар даярлайды. Ал жалпы орта білім беретін мектеп­тердің мұғалімдері ерекше қажеттілігі бар бір ғана оқушы болса да, инклю­зивтік білім бойынша біліктілігін арт­тыруға немесе қайта даярлықтан өтуі, тіпті болмаса екінші білім алуы тиіс. Бұл – Білім және ғылым министрлігінің нормативтік талабы. «Өрлеу» білікті­лікті арттыру ұлттық орталығы» акцио­нерлік қоғамының филиалы «Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педгоги­калық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының» директоры Алма Мырзалинованың айтуынша, бұған дейін ұстаздар 5 жылда бір рет біліктілігін арттыруы тиіс болса, енді ел Президенті Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауына сәйкес 3 жылда бір рет біліктілігін арттыруға міндетті. «Бірақ инклюзия бойынша қайта даярлық курстары мемлекеттік тапсырысқа енгі­зілмеген. Сондықтан мұндай курс­тар келісімшарт негізінде ұйымдас­тыры­лады. Сол себепті қазір мұндай қызмет көрсететін ұйымдар қаптап кетті. Олардың арасында, өкінішке қарай жосықсыз қызмет көрсетушілер де бар. Олар Білім және ғылым ми­нистрлігінде бекітілмеген бағдарлама­лар бойынша курс өткізеді. Жаттық­тырушыларының сертификаттары да жоқ», – дейді педа­гогика ғылымдары­ның докторы, профессор Алма Жәкімқызы. ерекше балалар Инклюзияны қолдау кабинеттерін ашу ерекше қажеттіліктері бар бала­ларды оқытудың прогрессивті әдісте­месі саналады. Оқудың мұндай фор­масы барлық дамыған шет елдерде бар.

ТҮП-ТАМЫРЫМЕН ӨЗГЕРТУ КЕРЕК

Мәселен, Алматыдағы әлеуметтік және инклюзивтік бағдарламалар орта­лығы жанынан биыл ашылған «Вундер» академиясында оқу құны – айына 65 000 теңге. Орталық директоры Сал­та­нат Мырзалинованың айтуынша, пе­дагог-ассистент мамандығы заң жү­зін­де енгі­зілгенімен, оларды даярлап жат­қан ешкім жоқ. Сондықтан ол өз орта­лы­ғына мамандарды даярлауды өзі қолға алып, негізгі құрамды жасақтаған. Бағ­дарламаны да әр балаға жеке-жеке өз­дері құрастырады. Әрі мұндай мұға­лім­дер келімді-кетімді емес, күнде мек­теп­тің ішінде жүруі керек деп есеп­тейді ол. «Жалпы, инклюзияға келгенде балалар­ды әлеуметтендіруге, яғни қо­ғам­ға бе­йім­делуіне, өзгелермен қарым-қаты­насына көбірек көңіл бөлу керек. Бү­гінде ерекше қажеттіліктері бар ере­сек адамдардың көбі жұмыссыз. Бұл олар­дың қоғамға бейімделмегенін көр­сетсе керек. Сондай-ақ қоғамның да мұндай балаларға көзқарасын түбегейлі өзгерту керек. Бізде оларды толыққанды адам деп бағаламау басым. Мәселен, Назар­баев зияткерлік мектебі мұндай бала­ларды оқуға мүлдем қабылдамайды. Ал оның негізінде шығармашылық, спорт шеберханаларын ашуға мүмкіндік зор», – дейді Салтанат Оңғарбекқызы. 2015 жылдан инклюзиялық білім бе­румен айналысып жүрген педагог өз тәжірибесінде ерекше қажеттіліктері бар балалардың қабілет-қарымы көп жағдайда басқа құрдастарына қарағанда көбірек екенін байқапты. Оның ойын­ша, білім берудің басты мақсаты – оқу­шылар мектепте алған білімін өмірде қолдана білуге үйрету. «Әріптестерім маған тас лақтырса да айтайын, қазіргі білім беру жүйесі түп-тамырымен жа­ңартуды талап етеді. Біз ескіден бас тар­тып, мүлдем басқа, сара жолға түсуі­міз керек. Белгілі бір тақырыптың бала­ға не үшін қажет екенін мұғалімнің өзі түсінбесе, ондай білімнен не қайыр? Барлық өтетін тақырыптарды шынайы өмірмен байланыстырған дұрыс.», – деді Салтанат Мырзалинова. Ал орта білім беретін мектептердегі инклюзияны қолдау кабинеттеріне тек аутизмге шалдыққан балалар ғана қа­былданады. Оның өзіне психологиялық, медициналық-педагогикалық комис­сияның қорытындысы керек. Онсыз мұндай кабинеттен орын бөлінбейді. Ал басқа ауруға шалдыққан балалар бұл бағдарламадан тыс қалады. Тіпті, комиссия мектептің қорытындысына қарамастан, баланы инклюзия кабине­тінің сүйемелдеуінен айырған жағдай­лар да кездесіпті. «Айналдырған бір сағаттың ішінде комиссия мүшелері баланың қабілетін қайдан білсін?! Оның жанында күнде бірге жүретін мектеп мұғалімдерінің пікірі ескеріл­мейтіні өкінішті-ақ», – дейді Наталья Тюрина. Сондықтан ата-аналардың пікірінше, ерекше қажеттіліктері бар балаларды бағалау жүйесіне қатысты да мәселелер туындап отыр. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалының аға оқы­тушысы, инклюзивтік білім бойынша тренері Әсем Ахметова да бұл пікірмен келісті. «Орта білім беретін мектептерге тек ақыл-ойы кеміс немесе сөйлеуінде кемістігі бар балалар ғана қабылданады. Ал көзі нашар көретін, тірек-қимыл қозғалыс мүшелері зақымданған бала­лар үйінде оқытылады. Үйде оқытуға арналған бағдарлама ең төменгі дең­гейге дейін қысқартылған. Сол себепті ақыл-ойы жақсы дамыған, тек ден­саулығы сыр берген бала бағдарламаның толық көлемін ала алмайды», – деп қынжылыс білдірді Әсем Еділжанқызы. Тәжірибелі педагог осы салада шешімін күткен басқа мәселелермен де бөлісті. Ең алдымен, білім беру меке­мелерінің инфрақұрылымын талапқа сәйкестендіре алмай отырғанымыз ұят. «Материалдық-техникалық база нашар. Арнайы құрылғылар, оқыту материал­дары тапшы. Сондай-ақ оқу құралдары, оқулықтар жоқтың қасы. Мұндай балалармен ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген тәжірибелі ұстаздар арнайы оқулықтар мен оқу құралдарын құрас­тырып шығарса деген тілегіміз бар. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға қосымша білім беру, дамы­ту мәселесі де назардан тыс қалып отыр», – деді Әсем Ахметова. Сонымен қатар Әсем Еділжанқызы ерекше қажеттіліктері бар бала тәр­биелеп отырған отбасылармен жұмыс­ты жүйелендіру керек деп есептейді.

ТҮЙІН: Инклюзивтік білім беру мәселелері тез арада шешімін табуды қажет етеді. Сондай-ақ қоғамның бұл мәселеге, ерекше балаларға көзқара­сын өзгертпей болмайды. Бұл өзгерісті әр адам өзінен бастағаны жөн. Осы түйін шешілсе, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін еш кедергі болмақ емес.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы