Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімдегі жарылыс дүйім жұрттың жүрегін шайлықтырды. Ай мен күннің аманында 15 бірдей әскери қызметкер ажал құшып, халықтың жағасын ұстатты. Бұл Әулиета өңірінде болып жатқан бірінші оқыс оқиға емес. Қордай қақтығысында да жергілікті билік ақпаратты барынша жасырып, түрлі қауесетке жол берілген болатын. Бұл жолы да бұқаралық ақпарат құралдары Қорғаныс министрлігінің сайтына үңіліп, облыс әкімдігіне көз тігуге мәжбүр болды.
Қаза тапқандар кімдер?
Жасырып қайтейік, жарылыс болғаннан бері бір жетіден астам уақыт өтсе де өрттің неден туындағаны әлі айтылмады. Ал журналистердің сауалдарына арнайы құрылған штаб та, облыс әкімдігіндегі қызметкерлер де толыққанды жауап бермеген. Тек жарылыс салдарынан жапа шеккен тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша жұмыстар қолға алынғаны айтылып жатыр. Әрине, жақынынан айырылып, қара жамылып отырған ағайын үшін туыстары туралы айту қиынға соғатыны анық. Сондықтан жергілікті билік марқұмдар туралы толық ақпаратты жинақтап, жария түрде көрсетуі керек еді. Алайда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қаза тапқандарды қақ бөліп, тек өз салаларында көз жұмған әскерилер туралы ақпарат таратып жатыр. Оның өзі толық емес. Тек аты-жөні мен қызметі көрсетілген. Ал отбасылық жағдайы мен марқұмдардың отбасы дәл қазір қандай көмекке мұқтаж екені айтылмады. Десе де, кеше біз қаза тапқан әскерилер туралы ақпарат пен отбасылары жайлы мәліметті алдық. Ең әуелі жарылыстан көз жұмған сарбаздардың тегі мен қызметіне келер болсақ, облыс әкімдігі Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, тізімде облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің маманы, ефрейтор Руслан Жанболатов, механик-жүргізуші, сержант Марат Мешінбай, өрт сөндіру бөлімінің басшысы Еркін Надірбеков, №28349 әскери бөлімінің атқышы Оразбек Дәлібаев, №28349 әскери бөлімі командирінің орынбасары, майор Саят Әлімбеков, «Оңтүстік» әскери қолбасшылығының әскери прокуроры Арман Капезов, өрт сөндіру бөлімінің сержанты Арнұр Темірболатов, өрт сөндіру бөлімінің аға қызметкері Елдос Сандыбаев, өрт сөндіру қызметі күзет бөлімінің басшысының орынбасары, подполковник Александ Микропулов, өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары, «Халық Қаһарманы» атағы берілген Мейіржан Айманов, өрт сөндіру қызметінің аға құтқарушысы, сержант Тәңірберген Төребеков, өрт сөндіру қызметінің құтқарушысы Гафан Қуатбек, өрт сөндіру қызметінің қатардағы жауынгері Әліби Кеңес, өрт сөндіру қызметінің кіші сержанты Әділет Әділбек және күзет бөлімінің басшысы, майор Сергей Заикин бар.Марқұмдардың артында қанша ұрпағы қалды?
Енді қаза тапқан әскерилердің жақындарына келсек, ефрейтор Руслан Жанболатовтың 3 кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар. Ең кенжесі Ақсұлтан 2017 жылы дүниеге келген. Марат Смайұлының артында да кәмелеттік жасқа толмаған үш баласы қалып отыр. Ең кенжесі Асылжан небәрі 5 жаста. Еркін Ерікбайұлының төрт баласы бар. Қыздары Ақжарқын мен Айтолқын 2011-2013 жылдары туған болса, ұлдары Ерния 2019 жылы, ал Аңсар биыл дүниеге келген. Оразбек Дайрайұлы да төрт бала сүйген. Ең кенжесі Жалғас 1995 жылы туған. Бүгінде ол жұмыссыз екен. Ал 1987 жылы дүниеге келген Жандос әке жолын қуып, әскери қызметте. Майор Саят Жанатұлының әйелі Жанна жұмыссыз. Үш баланың тәрбиесімен үйде отыр. Әскери прокурор Арман Қуанышұлының жанұясы туралы ақпарат берілмеді. Прокурорға қатысты мәліметті құзырлы органдар құпия ұстап отыр. Сержант Арнұр Серікұлының 1 қызы бар. Дәмелі 2014 жылы дүниеге келген. Бүгінде оның мүмкіндігі шектеулі. Елдос Қадырбайұлының әйелі мен екі баласы қара жамылып отыр. Елдостың кенже ұлы Нұрислам 2019 жылы туған. Подполковник Александр Николаевич жарымен ажырасқан екен. Алайда ерлі-зайыптылардың арасында 2006 жылы туған Александр есімді ұл бар. «Халық Қаһарманы», полковник Мейіржан Көпбосынұлының артында 5 баласы қалып отыр. Ең кенжесі Айжұлдыз 2016 жылы жарық дүние есігін ашқан. Сержант Тәнірберген Құдайбергенұлы да отбасылы. Осыған дейін үш баланы тәрбиелеп, өсірген. Сержант Гафан Жомартұлы азаматтық некеде екен. Марқұмның ұрпағын екі баласы жалғап отыр. 1995 және 1999 жылдары туған Әліби Кеңес пен Әділет Әділбектің екеуі де бойдақ. Ал майор Сергей Заикиннің Данил есімді бір ұлы бар.
Зардап шеккендерге 15 миллион теңге жәрдемақы беріледі
Әрине, қаза тапқан әскерилердің жақындарына енді оңай соқпайтыны анық. Біреуі үйдің тіреуі – отағасы болса, енді екіншісі ата-анасының үміт күткен баласы. Жарылыстан кейін Үкімет зардап шеккендер қолдаусыз қалмайтынын айтқан болатын. Бұған дейін облыс әкімдігі қираған 106 үй, 3 мектеп пен 12 коммерциялық нысанды қайта қалпына келтіруді қолға алса, кеше қаза тапқан әскерилердің отбасына 15 миллион теңге көлемінде төлемақы төленетіні айтылды. – Ең әуелі еліміздің заңнамаларына сәйкес, қаза тапқан азаматтардың отбасына жерлеуге арналған жәрдемақы төленеді. Сонымен қатар «Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі» туралы заңның шеңберінде соңғы және бес жылдық жалақысы бір кезеңде беріледі. Бұдан бөлек, облыс әкінің төтенше жағдайға арналған қорынан 5 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Сондай-ақ республикалық қазынадан 10 миллион теңге қаралады деп жоспарланып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, қаза тапқан әскерилердің екінші деңгейлі банктерде несиесі болса, толықтай кешіріледі, – дейді облыс әкімдігі Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков.P.S.
Әрине, бұл қаржылай көмек қаза тапқан азаматтарды жақындарына қайтара алмайтыны анық. Десе де, бұл көңілге демеу, жүрекке жұбату болсын. Жамбыл облысында бұдан бөлек әлеуметтік желі белсендісі қайырымдылық қорын ашып, зардап шеккен үйлерге 200 мың теңгеден таратып шықты. Сондай-ақ үйі қираған халықтың балаларына мектеп формасын алып берді. Мұндай азаматтардың аялы алақанынан шыққан жақсылығы Алладан еселеніп қайтсын деп тілейміз.
Қазір Байзақ ауданында жағдай қалыпты. Алайда тәртіп сақшылары із-түзсіз жоғалған жалғыз адамды іздеп жатыр. Ол туралы әзірше еш ақпарат айтылмады.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы