Халқы тығыз қоныстанған түстіктегі ағайынды теріскейге көшіріп, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық қалыптастырып, демографиялық ахуалды реттеу үшін мемлекет бірнеше бағдарлама қабылдағанын білеміз. Тек бағдарламалардың бәрі көңілдегідей орындалды дей алмаймыз.
Әуелі 2013 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бастау алса, 2017 жылы «Еңбек» бағдарламасы қабылданды. Соның арқасында солтүстікке мыңдаған отбасы қоныс аударды. Алайда кей кезде көштің ақсап жатқанын да көріп жүрміз. Бағдарламаға иек артып, өзге өңірге барған жұрт қиындыққа тап болып жатады. Осы тәрізді кемшіліктерді қалай ретке келтіру қажеттігі әлі де Үкіметті толғандыратын мәселе болса керек.Қолдау көрсету жағы ақсап тұр
Аталған бағдарламаларды құруға қандай қажеттілік болды? Демограф мамандардың айтуынша, жалпы Қазақстан халқының өсімі тұрақты. Бірақ демографиялық ахуал барлық аймақта біркелкі емес. Яғни, еліміздің оңтүстігінде халық өсімі қарқынды, солтүстікте керісінше адам азайып жатыр. Сала мамандары мынадай болжам жасаған екен. 2050 жылға қарай оңтүстік аймақтардағы халық саны 5 миллион 300 мың адамға дейін жетіп, жұмыссыздық мәселесі одан әрі күрделене түспек, ал солтүстік өңірлерде тұрғындар саны 900 мыңға азайып, сәйкесінше жұмыс күшінің жетіспеуі байқалмақ. Болжамды негізсіз деп айта алмаспыз, себебі осы күні теріскейде кей жұмыс орындарына маман жетіспейді. Сонымен қатар дәл осы солтүстікте демографиялық хәл оңып тұрған жоқ. Солтүстік өңірлерде, әсіресе жастардың үлес салмағы біршама кеміген. Бұл – аймақтарда табиғи өсім жоқ деген сөз емес. Көрсеткіштің төмендеуіне аталған аймақтарда тұратын өзге ұлт өкілдерінің тарихи Отанына бет бұруы басты себеп болып отыр. Яғни, көші-қон мәселесінде ұтылып тұрмыз. Статистика дерегі бойынша, бір ғана 2019 жылы 45 мыңнан астам қазақстандық шетелге қоныс аударыпты. Оның 76 пайызы – тарихи Отанын іздеген өзге ұлт өкілдері. 2020 жылы 29 мыңнан астам кетті. Бірақ сан азайды екен деуге болмас. Бұған пандемияның әсер еткені сөзсіз. Ал түстігіміздегі жағдай басқаша. Халықтың 55 пайызы оңтүстік аймақтарға шоғырланғанға ұқсайды. Жастардың үлесі басым, бірақ жұмыс орындары тапшы. Сондықтан жоғарыда аталған бағдарламалар диспропорция мен демографиялық теңсіздікті реттеу үшін қажет екені айтпаса да анық.1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында көші-қон мәселесін тілге тиек еткен болатын. Президент еліміздің оңтүстігінен солтүстік өңірлерге қоныс аударған тұрғындарға шаруашылық жер бөлу мәселесін реттеуді тапсырған. «Үкімет елдің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударған азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тетігін қайта форматтауы қажет. Атап айтқанда, жәрдемақыны тек әкімдіктер арқылы ғана емес, оңтүстік өңірлерден өз бетінше жұмыс істейтін жұмыс берушілердің шығындарын өтеу арқылы да беруге болады» деген еді. Яғни, тапсырма бойынша Үкімет пен әкімдіктер жұмысты одан әрі жандандыруы тиіс. Әйтпесе бағдарламаға үлес қосатын отандастарымыздың саны азаюы мүмкін-ақ.Демограф мамандардың айтуынша, жалпы Қазақстан халқының өсімі тұрақты. Бірақ демографиялық ахуал барлық аймақта біркелкі емес. Яғни, еліміздің оңтүстігінде халық өсімі қарқынды, солтүстікте керісінше адам азайып жатыр.
Көш есебі қандай?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кейінгі 10 жылдағы ішкі миграцияға талдау жүргізіп, нәтижесінде Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау және Алматы облыстары тұрғындарының бір бөлігін Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарына көшіру керегін анықтаған. Былтыр бұл тізімге Қарағанды мен Ақмола облыстары да енгізілді. Ал нақты деректер бойынша, 2015-2017 жылдар аралығында 1 392 адам, яғни 347 отбасы солтүстік өңірлерге көшкен. 2017 жылы 5 облыстан Шығыс Қазақстан облысына – 98, Қостанай облысына – 30, Павлодар облысына – 69, Солтүстік Қазақстан облысына 184 отбасы қоныс аударыпты. 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысына – 364, Қостанай облысына – 272, Павлодар облысына – 380, Солтүстік Қазақстан облысына – 690 квота бөлінген, аймақтық квота бойынша 6 766 қазақстандық оңтүстіктен солтүстікке қоныс тепкен. 2019 жылы солтүстікке 700 отбасын көшіру жоспарланыпты. 2020 жылы 1 878 отбасыға квота бөлінді. Жоспар бойынша, 2018-2022 жылдары барлығы 59 мың отбасы солтүстікке көшуі қажет. Былтыр алғашқы 8 айда 4,3 мың отбасы солтүстікке көшіп, жоспардың орындалуы әбден жақсарған. Бірақ көшіп келгеннен кейін қайта кері қайтқандар бар. Себеп сан түрлі. Бірі «күннің суығына шыдамаса», енді бірі несиелік қарыздарына байланысты кері көшкен. Мысалы, 2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысынан 77 адам – 22 отбасы оңтүстікке кері кеткен. Кері көшу демекші, егер солтүстікке қоныс аударған отбасы 1 жыл өтпей жатып кері қайтуға шешім қабылдаса, мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің бәрін қайтаруы тиіс. Ал 1 жылдан кейін ешкім аяққа тұсау болмайды.Әкімдер есеп үшін жұмыс істей ме?
Бағдарлама бойынша оңтүстіктен солтүстікке қоныстанып, бағдарламаның үгіт-насихат жұмыстарына белсене араласып жүрген Серік Әлтаев Арыс қаласынан Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданы Подгорное елді мекеніне ерікті түрде көшіп барған. Осы шешімге баруына 2019 жылы Арыс қаласында болған жарылыс себеп болыпты. Былтыр осы азаматпен тілдескенде бұл бағдарлама туралы оңтүстікте көп ешкім біле бермейтінін айтқан еді. Ол ең басты проблема ретінде әр үйге 7 млн теңгеден бөлінетінін, үйді салатын құрылысшылардың еңбекақысы да, құрылыс материалдары да, басқасы да осы 7 млн теңгенің ішіне кіріп, нәтижесінде үйлер сапасыз болып жатқанын жеткізген. Сондай-ақ әкімдіктер де жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмай отырғанын тілге тиек еткен болатын. Бір жылдан кейін не өзгерді? Азаматтың өзінен сұрап білген едік. – 1 жылдан бері аса өзгерген дүние жоқ. Айқай-шу шығарғанда ғана әкімдіктер мәселені шешеді. Биыл осы мәселе үшін Айыртау мен Есіл аудандарының әкімін алып тастады. Біраз әкімдер мен облыс әкімінің орынбасарына сөгіс берді. Әкімдер тек қағаз жүзінде есеп беріп, жоспарды орындаса болды. Көшкісі келгендерді ұйытып алып, барғаннан кейін жалтарып шығады. Ал негізі бағдарлама ел үшін өте тиімді, – дейді ол. Көп шикіліктің барын тұрғындар да, шенділер де мойындайды. Ал негізі қос бағдарлама өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді. Ал кей кемшіліктердің жергілікті билік тарапынан жөнге келмей тұрғаны қынжылтады. Бірақ ол әкімдерге сөгіс берумен бітетін іс емес екені анық.Мадияр ТӨЛЕУ